ЖЕРДІ МАҚСАТТЫ ПАЙДАЛАНУ – МІНДЕТ

Қазақстан – әлемдегі ауыл шаруашылығын өркендете отырып, еңбек өнімділігін арттыруға және өндірілген өнімді экспорттауға мол мүмкіндігі бар мемлекеттердің бірі. Жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында тұрған Қазақстан халқының болашағы да көп жағдайда осы жердің ресурстық мүмкіндіктерін қаншалықты шебер пайдалана білгендігімізге тәуелді екені сөзсіз. Сондықтан еліміздің ұлан-байтақ жерін тиімді, мақсатты пайдалану мәселесі күн тәртібінен түспесі анық.

Ата-бабамыздан мұра болып қалған туған жеріміз – біздің тұрмыс-тіршілігіміздің негізгі қайнар көзі, экономикамыздың тірегі, тәуелсіз мемлекет құруымыздың басты негіздерінің бірі болып табылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауларында жерді мақсатты пайдалану мәселесіне ерекше мән береді. Себебі, бұл бағытта әлі де шешімін таппай келе жатқан мәселелер жетерлік. Мемлекет басшысы “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” атты үстіміздегі жылғы Жолдауында аграрлық секторды экономиканың жаңа драйверіне айналдыру міндетін қойды. Бұған қол жеткізу үшін жер қатынастары саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты қалыптастыру негізінде жер қорының тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету қажет. Бүгіндері бұл маңызды жұмыс біздің өңірде де сәтті жүргізілуде.

Облыстық жер қатынастары басқармасы Қызылжар өңірінде жер қатынастары мәселесін реттейтін мемлекеттік мекеме болып табылады. Бүгінгі таңда жерді сақтау, қорғау мәселелері көбінесе Қазақстан Республикасының Жер кодексі мен табиғат қорғау заңдарымен, ал адамдардың үй салу үшін жер телімін алуы, оны пайдалануы Жер және Азаматтық кодекстермен, басқа да заң актілерімен реттеледі. Ал жерді өндірістік тұрғыдан игеру, оның күтіміне мән беру, басқа да жайттар Жер кодексі мен экономикалық саланың заңдарында қарастырылған.

Бүгіндері облысымыздағы қолданыстағы жердің жалпы аумағы 9804,3 мың гектарды құраса, соның ішінде 7106,5 мың гектары ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылуда. Бұл жерлердің 4894,6 мың гектары – егістік, 1907,2 мың гектары жайылымдық болып табылады. Қазір оның 22,7 пайызына өңіріміздегі 3016 шаруа және фермерлік шаруашылығы, ал 76 пайызына 736 серіктестік иелік етіп отыр.

Қазақстан дамуында агроөнеркәсіп саласының алатын орны ерекше. Ұлан-ғайыр даламызда ауыл шаруашылығын өркендетуге барлық мүмкіндік бар. Қазіргі таңда бұл мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып, әлемдегі озық елдердің қатарына қосылуға болады. Осы мақсатта Елбасы шаруаларға айрықша қамқорлық көрсетіп, қолдап келеді. Алайда, осынша мол әрі құнарлы жерді тиімді пайдаланбай жүрген агроқұрылымдар да аз емес. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов жемісті жұмыс істей алмайтын аграрийлерді жауапқа тартып, заң бойынша жерге иелік ету құқығынан айыру керектігін айтқан болатын.

Жер қатынастарын реттеу саласындағы міндеттерді жүзеге асыру жоспарына сәйкес, 2015-2018 жылдары облысымыздың жер қорына талдау жүргізілді. Басқарма жүргізген бұл сарапталық шаралардың барысында бірқатар кемшіліктер орын алғаны анықталды. Атап айтқанда, жер жалға берілгенімен, оның игерілмей тұрғандығы анықталды. Бұл жер телімінің меншік иесі тарапынан Қазақстан Республикасы Жер кодексі талаптарының сақталмай отырғандығын білдіреді. Аталған заң бұзушылық бойынша әкімшілік іс қозғалады. Бұған қоса, тіркелген деректер негізінде хаттама толтырылып, жеке тұлғаға айыппұл салынады.

Атап айтсақ, соңғы үш жыл ішінде 32 агроқұрылымның 1048 мың гектар жерді пайдалану құқығы ерікті және ықтиярсыз түрде тоқтатылды. Жергілікті атқарушы органдардың қолданған шаралары нәтижесінде 733,8 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Пайдаланылмай жатқан жердің басым бөлігі – “Богви” және “Трансавто” компаниялар тобына тиесілі. Ал 2017 жылы жалға берілген 188,2 гектар жер бойынша келісімшарт бұзылды. Бүгіндері мақсатты пайдаланылмай жатқан тағы 43,3 мың гектар жер басқарманың бақылауына алынған. Жеке сот орындаушылары тағы 2,4 мың гектар жерге мүліктік тыйым салды.

Мемлекеттің қорына қайтарылған жер аукцион арқылы бағыты айқын, нақты жоба-жоспары мен табысы бар ауыл шаруашылығы құрылымдарының иелігіне беріліп, қайта айналымға қосылады. Сондай-ақ, оған жүйелі түрде мониторинг жүргізілетін болады. Мысалы, өткен жылы басқарма облыс бойынша 15 конкурс өткізіп, 206,5 мың гектар ауыл шаруашылығы жерін ұзақмерзімді жалға берді. Жалпы, соңғы үш жыл ішінде конкурстық негізде 626,3 мың гектар жер өздерінің жаңа иелерін тапқан болатын. Биылғы жылы конкурстар негізінде 136,9 мың гектар жерді жалға беру көзделіп отыр. Оның 26,2 мың гектары ауыл шаруашылығын жүргізуге жарамды егістік болса, ал 110,1 мың гектары – жайылымдық жер.

Бүгінгі күндері жекеменшік үй салуға жер телімін беру мәселесі де өзектілігін жойған жоқ. Қазіргі уақытта облыс орталығы мен Қызылжар ауданында жер телімін алуға он мыңнан астам солтүстікқазақстандық кезекте тұр. Жеке үй салу үшін тұрғындардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында 2015 жылы Үкімет қаулысымен Қызылжар ауданының 359 гектар жері Петропавл қаласына берілген еді. Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, мұндай жер телімдері азаматтарға тиісті инфрақұрылымдық желілер тартылған соң ғана берілмек. Үстіміздегі жылы 8,52 гектар аумақты алып жатқан 12 жер телімін коммерциялық мақсатта аукцион арқылы сатылымға шығару жоспарланған.

Жер – біздің негізгі байлығымыз, оны бүкіл халықтың мүддесі үшін пайдалану – баршаның ортақ міндеті. Сондықтан әрбір қожалық иесі меншігіндегі жерлерді ұтымды да тиімді, мақсатты пайдалануға міндетті және соған мүдделі болуы тиіс.

Ерболат БЕКШЕНОВ,

облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика