ЗАМАН ТАЛАБЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасы тұрғындардың ІТ-сауаттылығын арттырып, жаңа технологияларды күнделікті өмірде кеңінен қолдану міндетін жүктейді.

Осы тапсырмаларды орындауға жауапкершілікпен кіріскен облыс әкімі аппаратының ақпараттық технологиялар және мемлекеттік қызмет бөлімі мен “Қазпочта” акционерлік қоғамы облыстық филиалының мамандары цифрлық сауаттылыққа оқытатын мамандар даярлау ісін және тұрғындарға арналған тегін курстар өткізуді қолға алды.

Маусым айының бірінен бастап цифрлық сауаттылықты арттыру курстарына барлық елді мекен тұрғындары қатыса алады. Облыс тұрғындарына қысқамерзімді курстарда білімдерін шыңдаған мамандар дәріс оқиды. Олардың қатарында “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының өкілдері, “Қазпочта” қызметкерлері мен информатика пәнінің мұғалімдері бар. Тұрғындар өңір мектептері мен Мәдениет үйлерінде өтетін дәріс кезінде, ең алдымен, компьютерде жұмыс істеуді, www.egov.kz веб-порталына тіркелу мен ғаламторда онлайн сауда жасау жүйесін меңгереді. Дәріс алғаннан кейін сандық электронды қолтаңба арқылы кез келген қажетті мемлекеттік қызметті қолдана алады.

– “Цифрлық сауаттылық” курсына өңір тұрғындарының барлығы тегін қатыса алады. Ақпараттық технологиялар бойынша білім алып, оны тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндігі бар. Курсты төрт бағыт бойынша оқытамыз. Біріншісі, компьютер мен мобильдік гаджеттерді пайдалана білу, интернет арқылы ақпарат алу, екіншісі, электронды және ашық үкімет қызметтерін алу мен төлем жасау мүмкіндігін игеру. Үшіншісі, интернет желілері арқылы сатып алу. Яғни, электронды сауданы үйрену. Төртіншісі, цифрлық құралдарды пайдалану, – дейді облыс әкімі аппаратының ақпараттық технологиялар және мемлекеттік қызмет бөлімінің басшысы Азамат Байтеміров. Бүгінгі күні өңір тұрғындарының цифрлық сауаттылығының базалық деңгейі 78,4 пайыз деп бағаланып отыр екен.

Цифрлық сауаттылық ашу курстары тамыз айының соңына дейін жалғасып, 20 мың тұрғынды оқыту жоспарланып отыр.

Жанаргүл МЕЙРАМ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика