АДАЛ ЕҢБЕК — АБЫРОЙ

Мемлекеттік аппараттың тиімді қызмет етуі үшін мемлекеттік органдардың озық жүйесі қалыптасуы шарт. Сондықтан да елімізде мемлекеттік қызметті реформалау мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Тәуелсіздік алғаннан бергі уақыт ішінде Қазақстан алға қарай қарышты қадамдар жасады. Еліміздің дамуымен бірге мемлекеттік қызмет жүйесі де өзгеруде. Мемлекеттік қызметті жаңғыртудағы жетістіктерге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттігімізді нығайту мен дамыту жолындағы сындарлы саясатының арқасында қол жеткіздік.

Мемлекеттік қызмет органдары құрылғаннан бергі 20 жыл ішінде еліміз Дүниежүзілік банктің рейтингісінде “Үкімет тиімділігі” көрсеткіші бойынша 52 сатыға ілгеріледі. Біздің мемлекеттік қызмет халықаралық стандарттарға толығымен сәйкес келеді. Бұл саланы реформалауда Қазақстан ТМД, Шығыс Еуропа елдері арасында алдыңғы орында тұр. Тіпті, жекелей көрсеткіштер бойынша кейбір дамыған елдерден басым түсіп отыр. Осы орайда мемлекеттік қызмет дамуының жаңа кезеңі “100 нақты қадам” Ұлт жоспарынан бастау алғанын айтып өту қажет.

Бүгінгі таңда мемлекетіміздің алға қойып отырған басты міндеттерінің бірі – озық отыз елдің қатарынан көріну. Елбасы осы мақсатқа жету үшін халқымызды ортақ мүддеге жұмылдыратын “100 нақты қадам” Ұлт жоспарын ұсынды. Бағдарламаның алғашқы 15 қадамы кәсіби, дербес мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға арналған. Президент ол үшін, ең алдымен, барлық мемлекеттік органдарда қызмет ететін мемлекеттік қызметшілердің білімі мен біліктілігін арттыру қажет екенін атап көрсетті. Өйткені, еліміздің өркендеуі, дамуы мемлекеттік қызметшілердің жұмысына да байланысты. Мемлекеттік қызметшілердің ең басты міндеті – халыққа адал қызмет ету. Олар елдің мүддесін бірінші орынға қойып, тез әрі дұрыс шешім қабылдай білуі тиіс. Өйткені, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы да мемлекеттік қызметке байланысты.

Қазіргі уақытта облысымызда 538 мемлекеттік орган бар, оларда 4578 адам қызмет етеді. Мемлекеттік қызметке алғаш орналасушылар кәсіби қызметін жалпы конкурс негізінде төменгі лауазымдардан бастайды. Мемлекеттік қызметке қабылданған азаматтардың мансаптық өсуі іскерлік қасиеттері негізінде конкурстан өту арқылы жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру мәселесіне ерекше назар аударылып келеді. Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясы мен оның өңірлік филиалдары қызметшілерді оқытудың жетілген әрі бірыңғай жүйесін ұсынуда. Өткен жылы “Б” корпусының үш мыңнан астам мемлекеттік қызметшісі аттестаттаудан өтті. Бұл қызметшілердің құзыреттілік деңгейін анықтауға және 56 тұлғаның қызметінің өсуіне жол ашты.

Мемлекеттік қызметті реформалаудың жаңа кезеңінде тәртіптік және әдептік бақылауды күшейтуге көп көңіл бөлінген. Осыған орай 2016 жылы Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі қабылданған болатын. Онымен қоса әдеп жөніндегі уәкіл институты да құрылды. Оның қызметі мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік тәрбиесін қамтамасыз етуге бағытталса, әдеп жөніндегі кеңестер құқық бұзушылықтардың, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп тұруға міндетті.

2015 жылы әдеп кеңесі облысымыз бойынша 61 тәртіптік істі қараса, кейінгі екі жылда бұл көрсеткіш екі есеге дейін азайды. Мемлекеттік қызметшілердің құқығын қорғау және әдеп жөніндегі кеңес институтын одан әрі жетілдіру мақсатымен Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2018 жылға арналған мемлекеттік қызметшілердің әдептілік деңгейін арттырудың кешенді жоспарын жасады. Кеңес отырыстарында қызметшілердің жұмыс уақыты нормасын сақтау, лауазымдық қызмет талаптарына сәйкес келуі және құқықтарын қорғап, әлеуметтік сенімділігін арттыруға қатысты мәселелер жиі көтеріледі.

Департамент мамандары міндеттерінің бірі – тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы мен оның электронды форматқа көшірілуін бақылау. Өңіріміз бойынша электронды түрде мемлекеттік қызмет көрсету үлесі 50 пайыздан асып отыр. Бұған, ең алдымен, тұрғындардың “Электронды үкімет” порталын қолдану тәжірибесінің болуы өз септігін тигізуде. 133 елді мекен мен 247 ауыл мектебінде өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары орнатылды. Бүгінде облыс тұрғындарының мемлекеттік қызмет көрсету сапасына көңілдері толады деп сенімді түрде айта аламыз. Департамент мамандары тұрғындарға кеңес беру-түсіндіру жұмыстарын ұдайы өткізіп тұрады. Мемлекеттік қызмет жәрмеңкелері Тайынша, Есіл, Жамбыл, Айыртау, Қызылжар аудандарында және облыс орталығында үш рет жүргізілді. Жыл соңына дейін жәрмеңкелер басқа аудандарда да өтетін болады.

Департамент жүргізген қайта тексеру жұмыстары нәтижесінде 480-ге жуық заң бұзушылық фактісі анықталды. Нәтижесінде бірқатар қызметшілер тәртіптік жауапкершілікке тартылды, төрт әкімшілік айыппұл салынды. Үстіміздегі жылы тұрғын үй-құрылыс шаруашылығы саласында мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана беру мәселесі бойынша және техникалық реттеу, салық әкімшілігі мен кедендік іске қатысты төрт сыртқы талдау жұмысын жүргіздік. Олардың қорытындылары бойынша 30 ұсыныс жасалды. Бұлар мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент жүргізетін жұмыстың бір бөлігі ғана.

Елбасының мемлекеттік қызмет ісіне жіті көңіл бөліп, оны жетілдіру талабын қоюының арқасында жиырма жыл ішінде Қазақстанның заманауи және кәсіби мемлекеттік аппараты қалыптасты.

Еліміздің одан әрі гүлденуі үшін аянбай тер төгіп, бар күш-жігерін салу, жат мінез-құлыққа жол бермей, халық игілігі жолында жауапкершілікпен қызмет атқару бүгінгі мемлекеттік қызметшілеріміздің басты ұстанымы болуы тиіс.

Ғалым ТҰРСЫНБАЕВ,

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика