ШЕКАРАСЫЗ МӘДЕНИЕТ

Ресей Федерациясымен қарым-қатынас – еліміздің сыртқы саясатының басты бағыттарының бipi. Бұл мемлекетпен біздің ел, соның ішінде облысымыз да көп жылдар бойы ынтымақтастық орнатып, бірлесіп іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Өзара байланысты нығайту мақсатында “П.П.Ершов атындағы Ишим мұражай-кешенінің” ғалым-хатшысы, “Коркина слобода” өлкетану альманахының редакторы Геннадий Крамор мен Қорған облысы қазақтары автономиясы ұлттық-мәдени басқармасының төрағасы, Зауралья халқы ассамблеясы төралқасының мүшесі Қайрат Оралов өңірімізге келіп, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің қабырғасында ғылыми-әдістемелік семинарға қатысты.

Семинарды ашқан университеттің “Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының меңгерушісі, доцент Людмила Гривенная қатысушыларды шараның басты мақсатымен таныстырып, көрші елден келген қонақтарға алғысын білдіріп, жоғары оқу орнына Омбы қаласынан 10 азамат қазақ тілін оқыту бойынша біліктілігін арттыру үшін келгенін айтты. Олар өңірлеріне қайтып оралған соң қазақ тілін меңгергісі келетіндерге сапалы білім беретініне сенім білдірді.

Облыс әкімі аппаратының “Қоғамдық келісім” мекемесі сараптау-талдау бөлімінің жетекшісі Гүлмира Құсайынова облыстық ассамблеяның Ресейдің шекаралас облыстарымен мәдени байланысына тоқталып, бірлесіп ұйымдастырған іс-шараларды атап өтті. Мәселен, былтыр және биыл ұлттық мейрамымыз – Наурызда өңірімізге Ресейден “Түмен облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясы” қоғамдық ұйымының президенті Есенғали Ыбыраев бастаған делегация келіп, мерекелік шараларға қатысқан болатын. Сонымен қатар “дөңгелек үстелдер” мен конференциялар, семинарлар, басқа түрлі шаралар да жиі ұйымдастырылады.

“Шекарасыз өлкетану” тақырыбында баяндама жасаған Геннадий Крамор “Коркина слобода” альманахының осы күнге дейін 13 топтамасы шығарылғанын және онда екі өлкені байланыстыратын жайттарға қатысты ақпараттар жарияланғанын айтып, олардың қысқаша мазмұнымен таныстырды, университетке топтамалардың электронды түрдегі толық нұсқасын сыйға тартты.

Семинар қорытындысы бойынша екі өлкенің ынтымақтастығын нығайту бағытында бірқатар ұсынымдар әзірленді. Оған сәйкес, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің Омбы қаласындағы №130 жалпы білім беру орта мектебімен, Омбы облысы Нововаршавский ауданының “Каразюк негізгі жалпы білім беру” муниципалды бюджеттік мекемесімен, “Бәйтерек” қазақ тілі мен мәдениетін үйрету орталығымен ынтымақтастық жөніндегі жол картасы жүзеге асырылмақ және екі облыстың мәдени-ағарту мекемелерінің арасында бірлескен ғылыми шаралар өткізуді тәжірибеге енгізу міндеттері қойылды.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика