БІР МАҚСАТ, ОРТАҚ МҮДДЕ

Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Омбы облысының делегациясы құрамындағы бизнес саласының өкілдері мен жергілікті кәсіпкерлер кездесіп, әріптестік орнату мүмкіншіліктерін қарастырды. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, азық-түлік өндірісі, туризм және ақпараттық технологиялар бойынша болашақ жобалардың таныстырылымы өтті.

Облысымыздың Ресей Федерациясымен қарым-қатынасы жыл сайын нығайып келеді. Әсіресе, Омбы облысымен арадағы сауда айналымынан түсетін пайда қомақты. Екі тарап та ынтымақтастық шеңберін кеңейте түсуге мүдделі. Облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек осы мақсатты көздеген кәсіпкерлерге сәттілік тілеп, бизнес бастамалар мемлекет пен жергілікті билік тарапынан әрдайым қолдауға ие екенін тілге тиек етті.

– Солтүстік Қазақстан мен Омбы облыстарының арасында ауыл шаруашылығы өнімдерінің айырбасы жақсы жүруде. Біз шығаратын техникаларымыздың басым бөлігін осы өңірге жөнелтіп келеміз. Қазақстаннан көмір сатып аламыз. Жеңіл өнеркәсіп өнімдері ішінде макарон мен тәттілер көп сұранысқа ие. Соның нәтижесінде, мәселен, біздің өңірімізде солтүстікқазақстандық “ҚазМаркет” дүкендер желісі табысты жұмыс істеп келеді, – деді “Омбы тауар-өнеркәсіп палатасы” одағының президенті Ольга Федулова.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдері омбылық әріптестерімен екі жыл бұрын келіссөздер жүргізіп, меморандумдарға қол қойған болатын. Соның нәтижесінде азық-түлік, тұрмыстық техника және химия сияқты тауарлар айналымы едәуір артқан.

– Бұл жолы ауыл шаруашылығы техникаларының өндірісіне назар аударып отырмыз. Шілде айында өтетін кезекті кездесу барысында омбылық “Деборагромаш” компаниясының тұқымсепкіштерін біздің өңірде құрастыру бойынша нақты шешімдер қабылданатын болады, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Марат Ысқақов.

Туристік саланы дамыту – кезек күттірмес мәселелердің бірі. Облыстық туристік қауымдастықтың төрағасы Владимир Витченко екі ел арасындағы туристік қарым-қатынасты нығайту жөніндегі идеяларын ортаға салды. Мәселен, өңірімізге сырттан демалуға келетіндердің басым бөлігі Ресейдің көршілес облыстарының тұрғындары екенін ескере отырып, өңіраралық әріптестік аясында екі жаққа да туристерді тарту бойынша тиімді бағдарламалар жасауды ұсынды.

ІТ-технологияны дамыту бойынша әріптестік орнатуға тілек білдірушілер де табылды. Бүгінде екі елде де сандық жүйелерге көшу бойынша кешенді бағдарламалар жүргізілуде. Құрамына бірнеше жетекші ІТ-компанияларды біріктірген “Сібірдің ІТ-кластері” коммерциялық емес ұйымы мен “Аврора диджитал груп” ААҚ Есіл өңірлік даму орталығының қызметімен жан-жақты танысты. Содан кейін осы орталыққа қарасты цифрландыру кеңсесінің қатысушылары – М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжімен ақпараттық технологияларды дамыту бойынша бірлесіп жұмыс істеу жөнінде келісімге келді. Жалпы кездесу нәтижесінде оннан астам ынтымақтастық жөніндегі келісімшартқа қол қойылды.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика