ТҰРҒЫНДАРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері атты Қазақстан халқына Жолдауында, осы айдың басында Астанада өткен “Нұр Отан” партиясы Саяси кеңесінің отырысында тұрғындардың тұрмысын жақсарту, күнкөрісі төмен азаматтарды әлеуметтік қолдау, зейнетақы жүйесін реформалау мәселелеріне баса назар аударылған болатын. Елбасының тапсырмасына сәйкес биылғы жылдан ынтымақты зейнетақы сегіз пайызға немесе инфляцияның жоспарланған шегінен екі пайызға арттырылды. Аталмыш мәселелер өзекті болып табылатындықтан, “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалында зейнетақы жүйесіндегі өзгерістерге қатысты азаматтарды қабылдау жүргізілді. Бұл қабылдауға басқа партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері де, зейнеткерлер қатысты.

“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Болат Данияров қоғамдық-саяси ұйым мүшелері, еңбек ардагерлері тарапынан жаңа зейнетақы жүйесіне қатысты көптеген сұрақтардың түсуіне байланысты осындай қабылдау ұйымдастырылғанын атап көрсетті. “Азаматтарға арналған Үкімет” коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыстық филиалының өкілдері Жасұлан Сәдуақасов пен Айман Яшкина жиналғандарға зейнетақы жүйесіне енгізілген өзгерістер хақында жан-жақты әңгімелеп берді. Үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақыны тағайындау тетігі өзгереді. Бұған дейін базалық зейнетақы азаматтың еңбек өтіліне және табысына қарамастан, барлығына бірдей мөлшерде тағайындалатын. Енді оны тағайындау 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін азаматтардың жинақталған еңбек өтіліне және одан кейін жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу кезеңдеріне байланысты болады. Бұл өзгерістер еліміздегі екі миллионнан астам зейнеткерге қатысты болмақ. Бүгіндері қайта есептеу шаралары атқарылып, әрбір адамның зейнетақысы автоматты түрде белгіленді. Сондықтан қосымша құжаттарды әкелудің қажеті жоқ.

– Бұл ретте мемлекет ынтымақты зейнетақының кемитін бөлігіне өтемақы ретінде мынандай шараларды қарастырмақ. Біріншіден, базалық зейнетақы мемлекеттік бюджеттен тағайындалатын болады. Жинақталған еңбек өтілі неғұрлым көп болса, зейнеткерге ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшеріне жақын базалық зейнетақы мөлшері тағайындалады. Биыл оның мөлшері 28 284 теңге, – деді Қазақстан Республикасы еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті облыстық департаменті басшысының орынбасары Гүлбақыт Манабаева. – Екіншіден, зейнетақы жинақтарының аударымдары үзіліссіз болуын қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты демалыста болған әйелдерге он пайыз жарналарын субсидиялау жүргізілуде. Үшіншіден, жинақтардың көлемін көбейту үшін жұмыс берушілер тарапынан заңды түрде еңбеккерлердің пайдасына бес пайыз зейнетақы жарналарын аудару бекітілді. Сонымен қатар бірінші топтағы мүгедектерді күту жылдары да еңбек өтіліне қосылады.

“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалында өткен қабылдауға келген азаматтар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарына тұшымды жауап алды.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика