АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА ҚОЛДАУ ЗОР

Алтыншы шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезекті жиырма екінші сессиясында халық қалаулылары облыстық бюджеттің атқарылуы, агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы, өңірдегі елді мекендердің аумақтарын абаттандыру мәселелерін талқылады. Депутаттардың жиналысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров, облыстық және аумақтық департаменттер мен басқармалардың, құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыстық қаржы басқармасының басшысы Ескен Әкімжанов баяндама жасап, 2017 жылғы облыстық бюджеттің атқарылуы туралы хабарласа, облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Дулат Едіресов қосымша мәлімет берді. Халық қалаулылары Есжан Оразалин мен Серік Ахметбеков бірқатар бюджеттік бағдарламалардың орындалу барысына тоқталып, кейбір кемшін тұстарын атап көрсетті. Бұл мәселені облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларында халық қалаулылары жан-жақты талқылағандықтан, өңірлік бюджеттің атқарылуы бойынша есеп бірауыздан бекітілді.

– Өңірімізде агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бүгіндері өңірлік жалпы өнімде агроөнеркәсіп кешенінің үлесі 25,5 пайыз болып, 263,2 млрд. теңгеге жетті. Жыл басынан бері азық-түлік өнімдерінің өндірісі 32,6 пайызға өсті. Қазір облыс аумағында 151 ауыл шаруашылығы кооперативі тіркелген. Олар есепті кезең ішінде тұрғындардан 24 мың тонна сүт, 600 тоннадан астам ет сатып алып, өңдеу кәсіпорындарына өткізді, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Алтынбек Абдоллаев.

Облыстың егін алқабы биыл 4156,6 мың гектарды құрады. Мемлекеттік бағдарламаның аясында оның құрылымына әртараптандыру жүргізіліп, майлы дақылдардың алқабы 1 млн. гектарға жетсе, картоп пен көкөніс егетін алқап тиісінше 65 және 94 пайызға өскен. Үстіміздегі жылы топырақтың құнарлығын арттыру мақсатында 2 млн. гектар алқапқа 110 мың тонна минералды тыңайтқыш сіңірілмек. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде 1,9 млрд. теңгеге 425 ауыл шаруашылығы саласының жобасы қаржыландырылды. Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мемлекеттік тапсырыс аясында өнімнің генетикалық әлеуетін арттыру, қоректендіру технологиясын жетілдіру, сүт және ет бағытындағы отыз шаруашылықта малды күту бойынша ғылыми жұмыстар жүргізді. Ғылымның жетістіктері агроөнеркәсіптік кешеннің барлық салаларында қолданылуда.

Бұл мәселе бойынша сөз алған облыстық мәслихаттың депутаттары, Айыртау ауданындағы “Бабық-Бұрлық” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сейілбек Махметов пен Мағжан Жұмабаев ауданындағы “Север Жасыл Жер” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Иван Фиксель бағдарламаның өздері басқарып отырған шаруашылықтарда қалай жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етіп, демеу-қаржының жыл сайын өсіп келе жатқанын алға тартты.

– Бүгін облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында өңірімізде агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жан-жақты талқылануда. Бұл істе өңіріміздегі ірі агро-құрылымдардың басшылары болып табылатын халық қалаулылары үлгі көрсетуі тиіс. Астықты өлкеде егіншілік пен мал шаруашылығын қатар дамытуымыз керек, оған мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетілуде. Бүгіндері егіс алқаптарын әртараптандыру, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру, бәсекеге қабілетті өнім шығару бағытында жүргізіп жатқан жұмыстарымыз өз нәтижесін беруде. Озық тәжірибені кеңінен таратуды да естен шығармаған абзал, – деді Айдарбек Сейпілұлы.

Сессия барысында облыстық мәслихаттың экономика, экология, бюджет, салық және қаржы салаларының мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның жұмысы қаралып, облыстық тексеру комиссиясының мүшелері тағайындалды. Сонымен қатар облыстық мәслихаттың кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізілді.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика