ҚОЙНАУЫ ТОЛҒАН ҚАЗЫНА

Облыстық әкімдікте өңір басшысының орынбасары Дәурен Жандарбектің төрағалығымен кен өндіру саласын дамытуға арналған отырыс өтті.

Өңірімізде пайдалы қазбалар өндіретін 30 кен орны бар. Өкінішке қарай, олардың тек тоғызында ғана жұмыс жүргізіліп, құрылыс тасы, құм, қалайы, алтын, уран, балшық пен әктас шығарылады. Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Оразғұловтың айтуынша, пайдалы қазбаларға бай өңірдегі кен өндіру саласында 70-ке жуық кәсіпорын жұмыс істеуде. Алайда, олардың бірқатары өз міндеттерін тиісті деңгейде атқармайды. Мысалы, басқарма қызметкерлері “Фирма строитель”, “СМК Артель” және “BIKA” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен келісімшартты бұзған.

Соңғы екі жылда жер қойнауын пайдаланушылар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инфрақұрылымына 80 миллион теңгеге жуық қаражат құйған. Бұл қаржының басым бөлігі Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның кәсіпкерлерінен түскен. Ал айыртаулықтар бұл саланы мүлдем қолға алмағандардың көшін бастап тұр.

– Үстіміздегі жылдың 1 маусымына дейін кен өндіретін серіктестіктерден 16,2 миллион теңге көлемінде қаржы түсті. Оның 12 млн. теңгесі Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға тиесілі. Ал 250 мың теңгесі – Ақжар, 14 мың теңгесі Қызылжар аудандарынан түсті, – деді облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Лəтипа Төлепенова.

Жиында өңіріміздің кен саласындағы алдыңғы қатарлы кәсіпорындардың бірі “Қазросресурс” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысы жайлы баяндалды. 2011 жылдан бері Есіл ауданындағы кен орындарын игеріп жүрген компания бүгіндері құрылыс тасын қазумен қатар, қиыршықтас өндіріп, саудаға шығарған. Жұмысы оң жолға қойылған серіктестік өңір экономикасының дамуына өз үлесін қосуда. Мысалы, былтыр компания өңірдің дамуына 4 миллион теңгеден астам қаржы бағыттаған.

“Біз өлкеміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына әрдайым қаражат құямыз. Бұған қоса, жергілікті білім ошағына демеушілік көмек көрсетеміз. Биыл ауданның Жарғайың ауылына апаратын жолдың 7 шақырымын қалыпқа келтірдік, – дейді серіктестіктің бас есепшісі Елена Медведева.

Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары жер қойнауын пайдаланушыларға кен өндіру жұмысының ашықтығын қамтамасыз етіп, осы салаға қажетті жас мамандарды даярлауды жетілдіру жөнінде тапсырма берді.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика