ІСКЕРЛІК БАЙЛАНЫС БЕКИ ТҮСТІ

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Біріккен Араб Әмірлігіндегі Фуджейра әмірлігінің бизнес-делегациясы Қызылжар өңіріне жұмыс бабындағы сапармен келген болатын. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен өткен бизнес-форумда екі өңір арасындағы байланысты нығайту бағытында келіссөз жүргізіліп, соның нәтижесінде ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Жұмыс бабындағы сапары аясында Фуджейра әмірлігінің делегациясы облысымыздың бірқатар кәсіпорындарын аралады. Олар, ең алдымен, “Молпродукт” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сүт фабрикасына ат басын бұрды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровтың айтуынша, бұл компания “Наше молоко”, “Зорькин луг”, “Мумуня”, “Одари” маркалы сүт шығарады. Бұл өнімдер еліміздің бірқатар өңірлеріне, Ресейдің көршілес облыстарына жіберіледі. Зауыт осызаманғы қондырғылармен жабдықталған, ол жоғары сапалы, бәсекеге қабілетті және ешқандай қоспасыз ұзақ уақыт сақталатын сүт шығаруға мүмкіндік береді. Кәсіпорында “ТЕТРО ПАК” жоғары өнімді желісінің қондырғылары, Еуропадан әкелінген жеті қаптама машинасы орнатылған. Құрметті қонақтар зауыттағы сүт өнімдерін өңдеу барысымен танысып, дәмін татып көрді.

– Бұл компания өнімдерінің өте сапалы, экологиялық таза және нарықта жоғары сұранысқа ие екендігіне көзіміз жетті. Зауыт өнімдерінің көрші Ресейде ғана емес, басқа елдерде де тұтынушылары бар екендігі біраз жайтты білдірсе керек. Біз дәмін көрген сүт, айран – табиғи өнімдер. Мен оларды біздің Фуджейра әмірлігінде өзіміз ішіп жүрген өнімдермен салыстырдым. Біздің елдегі тағамдардың 50 пайызы импортталады және олардың сапасы бұл өнімдерден әлдеқайда төмен екендігі сезілді, – деді Фуджейра еркін экономикалық аймағының бас директоры әл-Ауадхи Шариф. Ол, сондай-ақ, Біріккен Араб Әмірлігі мен Таяу Шығыс елдеріне сапалы, табиғи және экологиялық таза тағам өнімдерін импорттаудың мүмкіндіктерін қарастырып жатқанын атап өтті.

– Қазақстан бізге азық-түлік өнімдерін жеткізу мәселесінде негізгі серіктестіктердің біріне айналуы мүмкін. Сіздер шығаратын өнімдер табиғилығымен, сапасымен ерекшеленеді. Елу миллион тұрғыны бар Таяу Шығыс елдерінің нарығы қазақстандық кәсіпорындар үшін экспорттың жаңа мүмкіндігін ашады. Тамақ өнеркәсібі – біздің үкімет үшін ең басым салалардың бірі, – деп атап көрсетті әл-Ауадхи Шариф.

“Сұлтан ЭММК” акционерлік қоғамының макарон фабрикасы – мәртебелі меймандар барған екінші нысан. Бұл кәсіпорында жарма, ұн, кебек және “Сұлтан” сауда маркасымен макарон өнімдері шығарылады. Фабрика жыл сайын 98 мың тонна ұн мен 57 тоннадан астам макарон өнімдерін шығарып, Қазақстан мен Ресей нарығында саудалайды.

“ТНС-Экспорт” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің элеваторы – облысымыздағы ең ірі кәсіпорындардың бірі. Оның қуаты – 120 мың тонна.

– Кәсіпорынның тынысымен танысу барысында оның аумағына таңғалдым. Фуджейрада да дәнді және майлы дақылдарды сақтайтын кәсіпорындар бар, бірақ олардың көлемі бұдан әлдеқайда шағын, – деді Фуджейра әкімшілігі хаттамасының шефы, кәсіпкерлер палатасының мүшесі Марван әл-Шейх.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров бұл элеватордың астықты сақтаудағы, оны экспорттаудағы мүмкіндіктері зор екенін атап көрсетті.

– Диқандарымыз элеваторға күзгі орақ науқанынан кейін маңдай терімен өсірген астығын тапсырады. Осы жерден астық басқа елдерге экспортқа шығарылады. Солтүстікқазақстандық бидай Канада мен Ресей дақылдарынан ерекшеленеді. Одан пісірілген нанның сапасын жақсы болады, өйткені, біздің бидайдың балуызы жоғары, – деді Айдарбек Сейпілұлы. – Шетелдердегі әріптестерімізді біздің бидайдың жоғары сапасы қызықтырады. Олар көбінесе макарон өнімдерін шығаруға бидайдың қатты сұрыптарын сатып алады.

Араб елінен келген делегация мүшелері Қызылжар ауданындағы “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігіне барды. Кәсіпорынның бас директоры Геннадий Зенченко мәртебелі меймандарға сүт кешенін, мал бордақылау алаңын және ат қорасын көрсетті.

Серіктестіктің сүт кешеніндегі “Карусель” сиыр сауу қондырғысы елу орынға шақталған. Бүгіндері мұнда күн сайын бір мыңнан астам сиыр сауылады. Компания күн сайын Астана қаласына – 40, Петропавлға – 18, ал Қорған облысына 6 тоннадан астам сүт өнімдерін жөнелтеді.

– Біз осы кәсіпорынның өнімдеріне қызығушылық танытып отырмыз. Мұнда жоғары сапалы сүт өнімдерін шығаруға барлық жағдай жасалған екен. Біз бірінші кезекте қазақстандық өнімді Таяу Шығыс елдеріне экспорттау мүмкіндігін қарастырамыз. Алдағы жылдары тағам өнеркәсібі өндірісін бірлесіп жүргізуді көздейтін боламыз, – деді Фуджейра еркін экономикалық аймағының бас директоры әл-Ауадхи Шариф.

Арғымақты қадір тұтатын арабтар серіктестіктің асылтұқымды жылқыларына ерекше қызығушылық білдірді. Бұл агроқұрылымда үш жүзге жуық жылқы бар. Олардың біразы түрлі бәйгелерде бас жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр. Әмірліктен келген меймандар Новоникольск ауылында салынған Мәдениет үйі мен Спорт сарайын аралап көрді.

– Біз өзіміз шығаратын өнім түрлерін, өндіріс бағытын көрсеттік. Арабтар біздің өнімдерімізге өздерінің жоғары бағасын берді. Ең бастысы, олармен іскерлік байланыс орнатылды. Енді оның одан әрі дамуы уақыт еншісінде, – деді кәсіпорынның бас директоры Геннадий Зенченко кездесу соңында.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика