ӨРКЕНДЕУДІҢ ДАҢҒЫЛ ЖОЛЫ

Мемлекетіміздің заман талаптарына сай болуы, экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан дамыған отыз елдің қатарына кіруі – бүгінде біздің көздеген басты мақсаттарымыздың бірі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауында осы көздеген мақсатқа жетудің негізгі жолдары көрсетілді. Мемлекетті дамытудың басты бағытына айналған бұл құжаттың мазмұны да, қоғам алдына жүктейтін жауапкершілігі де салмақты.

Елбасы алдымен төртінші өнеркәсіптік революция элементтерінің, оның ішінде цифрландыру үдерісінің әр салада кеңінен қанат жаюын қамтамасыз етуді тапсырды. Халықтың сандық сауаттылығын арттыру мұның алғышарттарының бірі болып саналады. Бүгінде ауданымыздың тұрғындары осы мақсат үшін ұйымдастырылған арнайы курстардан өту мүмкіндігіне ие. “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасы аясында 1 маусым мен 30 тамыз аралығында ауданда бес бағыт бойынша тегін оқулар жүргізіледі. Курстан өтуге тілек білдіргендер компьютерлік базалық білім алумен қатар өзге де мобильдік дағдыларды меңгере алады.

Бірінші маусымнан бастап елімізде бірыңғай медициналық ақпараттық жүйе іске қосылды. Аудандық орталық аурухана қызметкерлері осы жүйеге көшкенге дейін арнайы даярлықтан өткен болатын. Медициналық карталардың электронды деректер базасына алмастырылуы тұрғындар үшін қолайлы әрі денсаулық сақтау нысандарының жұмысын жүйеледі.

Облыс экономикасының маңызды саласы – ауыл шаруашылығын цифрландыру бойынша бірқатар іс-шаралар қолға алынып жатқаны белгілі. Ауданымыздың аграрлық секторында 45 жауапкершілігі шектеулі және бір коммандиттік серіктестік, 185 фермерлік шаруашылық бар. Қазіргі уақыттағы аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өндірілген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталып отыр. Өндіріс көлемі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін ауыл шаруашылығын IT-технологиялар арқылы басқарудың маңыздылығы да артқан. “Ақылды технологиялар” тәжірибеде сауатты, шебер пайдалануға болатын тиімді құрал екенін ауданымыздағы “Атамекен-Агро” ЖШС-і дәлелдеп келеді. Ол өз алқаптарында жерсеріктік мониторинг жүргізеді. Атап айтсақ, “Agroplan” дән егу жұмыстарын жоспарлау, “Agrofact” агротехникалық процестерге, техникалар мен жабдықтарға мониторинг жүргізу жүйелерін және алқап тарихы, химкартасы мен метеокартасын бақылайтын мобильді қосымшаларды қолданады. Аудан бойынша жалпы алаңы 211,5 мың гектар болатын төрт шаруашылықта интеграцияланған сандық басқару жүйесі енгізілді. Осыған байланысты еңбек өнімділігі де біршама өсті.

Ауданда өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің 76 пайызы – егіншілікке, 24 пайызы мал шаруашылығына тиесілі. Биылғы мамыр айына дейін ауданда 2,7 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі шығарылды. Ауыл шаруашылығы құрылымдары дәнді дақыл сұрыптарын жаңарту мақсатында 395 тонна элиталық тұқым сатып алды. Сондай-ақ, жыл басынан бері 545,5 млн. теңге қаржыға 20 жаңа техника алынды. Диқандар жерді тыңайту шараларын жүргізу үшін 15 мың тоннаға жуық минералды заттармен қамтамасыз етілді. Айта кету керек, биыл жемшөп алқаптары – 26,6 мың гектарға, картоп өсіретін алқаптар – 1420, өзге көкөніс түрлерінікі 400 гектарға дейін ұлғайтылды.

Мал шаруашылығын дамыту бағдарламалары мал санын арттыруға мүмкіндік беруде. Биыл ауданға сырттан 852 бас ірі қара, 162 жылқы, 875 қой сатып әкелінді. “Шатило және К” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі асылтұқымды ірі қара санын – 500, ал Жамбыл ауылындағы “Алисарай” жеке кәсіпкерлігі 250 басқа арттыруды көздеп отыр. Баян ауылындағы “Ахметжанов” жеке кәсіпкерлігі жылқы фермасын кеңейтіп, жүз басқа арналған бордақылау алаңын құруды жоспарлауда.

Өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырсақ, ауданның өнеркәсіп секторында айтарлықтай ілгерілеушіліктер бар деуге болады. Мәселен, қаңтар-мамыр айларында өндірістік кәсіпорындарда – 636 млн. теңгенің, ал өңдеу саласында 570 млн. теңгенің тауары өндірілді. Азық-түлік өндіруші кәсіпорындар өндіріс көлемін 25,6 пайызға арттырды. Оның ішінде нан-тоқаш өнімдері – 2,5 есе, ал өсімдік майының өндірісі 67 пайызға өсті.

Благовещенка ауылындағы “Династия Агро” ЖШС-і 80 млн. теңге инвестицияға тағамдық майлар өндірісінің екінші желісін іске қоспақшы. Бұл – кәсіпорынның экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы 2018 жылдың бес айында аудан экономикасына 2759,6 млн. теңге инвестиция құйылды. Оның басым бөлігі – жеке инвесторлардың қаржысы. Облыс инвестициясының жалпы көлеміндегі ауданның үлесі 5,4 пайыз болды.

Тұрғындарды жұмыспен қамту, әлеуметтік қамсыздандырудың әділетті жүйесін қалыптастыру бойынша жұмыс жалғасын тауып келеді. Биыл “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасын жүзеге асыру үшін бюджеттен 97 млн. теңге қаржы бөлінді. Алғашқы кезеңде жүз шақты адам кәсіптік оқуға жіберілді. Олардың арасында тракторшы, “С”, “Е” санаттарының жүргізушісі, газэлектрмен дәнекерлеуші және электрик мамандықтары бойынша білім алуға ниет білдіргендер бар. Жеке бизнес ашуға немесе кәсібін дамытуға бағытталған бағдарламаның кезекті кезеңі бойынша жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы мөлшері 66 млн. теңгені құрады. Олар “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” мен “Аграрлық несие корпорациясы” қаржы институттары арқылы бөлінді. Жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар мен жас кәсіпкерлер үшін бизнес идеяларды жүзеге асыруға арналған “Бизнес бастау” курстары да жүргізілді. Одан 45 адам сертификат алып шықты. Нәтижесінде он азамат жеке ісін ашу үшін “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-нан несие алуға құжат тапсырды. Есепті кезеңде 96 тұрғын – қоғамдық, ал 56 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналасты.

“Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы аясында ауданымызға Түркістан және Жамбыл облыстарынан – 16, Қытайдан бір отбасы көшіп келді. 13 отбасыға 5 млн. 55 мың теңге демеуқаржы берілді. Сонымен қатар баспана сатып алу үшін 4 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінді. Бұл отбасылар Пресновка, Благовещенка, Архангелька, Кладбинка, Мирный ауылдық округтерінде тұрып жатыр. Көшіп келгендердің ішінде дәрігер-гинеколог, мәдени ұйымдастырушы және ауыл шаруашылығы саласының мамандары бар, олардың барлығы жұмыспен қамтамасыз етілді. Картоп өсірумен айналысқысы келген отбасыларға Айымжан ауылы маңынан бес гектар жер бөлінді. Үш отбасы мал өсіру үшін шағын несие алды. Осылайша олардың талап-тілектеріне орай тиісті жағдайды жасап отырмыз.

Елбасы өз Жолдауында жаңғырудың негізі адами капиталды дамытуда жатқанын айтып, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын жетілдіруге ерекше назар аударды. Бүгінде Президент тапсырмасына сәйкес елімізде барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінің озық жүйесі құрылуда. Ол үшін заман талабына сай білім беретін сапалы, озық тәжірибелі кадрларды даярлауға да көп көңіл бөлінуде. Ауданымызда жоғары санатты ұстаздар қатары жыл сайын артып келеді. Соңғы екі жылда жаңартылған білім беру мазмұнына көшу бойынша өткізілген оқу курсын 424 педагог аяқтады. Жаңартылған бағдарлама бойынша жұмыс істейтін 231 ұстаздың еңбекақысына 30 пайыз үстеме қосылады. Кадрлық қамтамасыз ету мәселесін шешуге осындай әлеуметтік қолдау шаралары ықпалын тигізе алады. Мәселен, “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы аясында ауданымызға жеті мұғалім келіп отыр. Олар 1 млн. теңге көлемінде көтермеақы алды.

Ауданымыздағы ірі елді мекендер – Пресновка және Благовещенка ауылдық округтері биылғы жылдан бастап өзін-өзі басқару жүйесіне көшті. Елді мекендердің бюджеті дербес және оны игеру бойынша өздері шешім қабылдай алады. Президент нұсқауымен жаңа жылдан бастап енгізілген бұл жүйе өз жемісін береді деген үміттеміз.

Иван ТУРКОВ,

Жамбыл ауданының әкімі.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика