АУА РАЙЫ НАҚТЫ БОЛЖАНБАҚ

Ауа райын алдын ала болжау ықылым заманнан адамның тыныс-тіршілігі үшін өте қажет болған. Бұл, әсіресе, қысы суық, жазы ыстық біздің өңір тұрғындары, әсіресе, маңдай терімен өсірген ырзығын шашпай-төкпей жинап алуға мүдделі диқандар мен төрт түлік өсіретін жандарға маңызды мәселе болып табылады. Бұрнағы күні облыстық әкімдікте өңір басшысының бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров пен “Қазгидромет” республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Марат Қынатовтың кездесуі өтті.

Кездесу барысында астаналық мейман еліміздегі фермерлік және шаруа қожалықтарына, ауыл шаруашылығы құрылымдарына агрометеорологиялық қызмет көрсету бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Мониторингтің бұл жүйесін Солтүстік Қазақстан облысының аумағында дамыту көктемгі егіс және күзгі орақ, минералды тыңайтқыштар себу мен зиянкестермен күрес жұмыстарын жүргізудің тиімді уақытын болжаудың осызаманғы технологиясын енгізуге, сонымен қатар дәнді дақылдардың өнімділігін ұлғайту үшін шаруа және фермерлік шаруашылықтарға жоғары сапалы агрометеорологиялық қызметтер мен өнімдер ұсынуға, агроөнеркәсіптік кешендегі еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Марат Қынатовтың айтуынша, алдағы уақытта Қазақстанның барлық аумағында радарлық желі орнатылмақ.

– Бүгіндері бұл желінің жобалау-сметалық құжаттамалары дайындалып жатыр. Қызылжар өңірінде ол 2019 жылы орнатылмақ. Радар желісі ауа райын, әсіресе, қауіпті және төтенше жағдайларды, сондай-ақ, 3-24 сағат аралығындағы қысқамерзімді болжамдарды жасай алады. Жергілікті атмосфералық құбылыстар туралы алынған деректер билік органдары мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге уақтылы жеткізіліп тұратын болады, – деді Қанат Полатұлы.

Кездесу барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров пен “Қазгидромет” республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Марат Қынатов ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қойды. Бұл келісімшарт аясында “Қазгидромет” республикалық мемлекеттік кәсіпорны бір жыл бойы өңірімізді агрометеорологиялық болжамдармен және мониторингтің нақты деректерімен қамтамасыз ететін болады, мүдделі ауыл шаруашылығы құрылымдарына техникалық мүмкіндіктер бойынша оқыту тренингін өткізеді.

Сонымен қатар кездесуде “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігінің бас директоры Еркебұлан Мәмбетов пен “Қазгидромет” РМК-і облыстық филиалының директоры Қымбат Мерғалымова агрометеорологиялық қызмет көрсету туралы келісті.

Кездесуді қорытындылаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров өңірімізде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін нақты ауа райын болжау өте маңызды екенін атап көрсетіп, алдағы уақытта бұл бағытта жоспарлы жұмыстар жүргізілетініне тоқталды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика