ТҰРҒЫНДАР ИГІЛІГІ ҮШІН

Ақпараттық технологиялар қарыштап дами түскен заманда цифрлық жүйеге көшу арқылы мемлекеттік қызмет көрсету саласын жетілдіріп, оны тұрғындарға қолжетімді етуге баса назар аударылады. Мемлекеттік қызмет алу үрдісі неғұрлым жеңіл әрі ашық болса, сыбайлас жемқорлық тәуекелі де соғұрлым азаяды. Бүгінде сертификат, лицензия сияқты рұқсат қағаздарын беруге қатысты мемлекеттік қызметтер тек электронды түрде көрсетіледі. Сонымен қатар өңір тұрғындары “Электронды үкімет” порталы арқылы айыппұлдарды, мемлекеттік баж салығы мен коммуналдық қызмет ақыларын да төлей алады.

2016 жылы “e-gov”, “e-license” порталдары арқылы көрсетілген қызмет жалпы мемлекеттік қызметтің 19,9 пайызын құраған болатын. Бұл көрсеткіш өткен жылы 18 пайызға артып, үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында 80 пайызға жетті. Электронды түрде көрсетілген мемлекеттік қызмет санының артуын атқарылған жұмыстардың нәтижесі деп білеміз. Бұл бағытта жергілікті атқарушы органдар үлкен жұмыс атқаруда. Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында мемлекеттік қызметтің 78 пайызы электронды түрде көрсетілсе, екінші тоқсанда көрсетілген қызмет үлесі 89 пайызды құрады. Анықтама алу үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінген азаматтардың саны 700 мыңнан 400 мыңға дейін азайды.

Шешімін таппаған мәселелер де аз емес. Аудан тұрғындарының дені мемлекеттік қызметті портал арқылы алуды білмейді. Сондықтан аудандарда, әсіресе, ауылдық округтерде тұрғындардың компьютерлік сауаттылығын арттыру қажет. Бұл үшін тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңызы зор “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасының мақсаты да сол – цифрлық технологияларды пайдалана отырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту. Осы орайда алдағы уақытта кеден, салық, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, банк қызметі салаларында мемлекеттік қызмет көрсету үрдістері барынша автоматтандырылатын болады. Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы “Бір терезе” қағидаты бойынша көрсетілетін қызметтердің аясы да кеңеймек. Білім беру, денсаулық сақтау салаларында мемлекеттік қызметтердің электронды түрде көрсетілуі бұл салалардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелінің азаюына әсер етеді. Ал бұл жұмыстардың арқасында мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі айтарлықтай қысқарады.

Тұтынушыларға халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы өзіне-өзі қызмет көрсету секторы бойынша қызмет алу үшін оңтайлы жағдайлар жасалуда. Электронды-цифрлық қолтаңбасы бар ауылдық округ тұрғындары аудан орталығына бармай-ақ, мемлекеттік қызметті оңай алу мүмкіндігіне ие. Оларға “1414” тегін байланыс орталығы көмек көрсетеді.

Болат ЕҢСЕГЕНОВ,

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басқарма басшысы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика