ІЗГІЛЕНДІРУ — ЗАМАН ТАЛАБЫ

“Құқық қорғау органдарының өкілеттігі мен жауапкершілік шегі айқындалды. Азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстарын жалғастыру қажет. Қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында көшелерде және адам көп жиналатын қоғамдық орындарда бейнебақылау жүргізетін, азаматтарды анықтайтын және жол қозғалысын қадағалайтын интеллектуалды жүйелерді белсенді түрде енгізу керек”. Бізге бұл міндеттерді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауында жүктеген болатын. Осыған орай, өңірімізде құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігін арттырып, ізгілендіру мақсатында бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Жолдауда маңызды салаларды цифрландыруға баса назар аударылып, нақты тапсырмалар берілді. Осыған орай, қылмыстық істерді электронды түрде жүргізу енгізілді. Бүгінге дейін облыста сотқа дейінгі тергеу амалдарының бірыңғай тізіліміне 3010 қылмыстық іс енгізілсе, соның 201-і электронды түрде толтырылды. Аяқталған 2780 істің – 144-і, сотқа жіберілген 695 істің – 124-і, тоқтатылған 2085 істің 20-сы электронды түрде жүргізілді. Қылмыстық істі электронды түрде қарау тәжірибесі аясында біз мұндай форманың тиімділігіне көз жеткіздік. Бұл, ең алдымен, уақытты үнемдеп, түрлі кедергілерді жоюға септеседі.

Өткен жылдың соңында Петропавл қаласында көші-қон қызметі басқармасының жаңа мекемесі ашылып, заманауи техникамен жабдықталған болатын. Электронды кезек құрылып, қызмет көрсетуге арналған зал басқарма қызметкерлерінің жедел әрі ашық жұмыс істеуіне мүмкіндік берді. Бұл жерде қалалық көші-қон қызметі бөлімінің мамандары тұрғындарды қабылдап, мемлекеттік қызметтің 17 түрін көрсетуде. Соның ішінде ел азаматтарына паспорт, жеке куәлік беру, шетелдіктерді уақытша тіркеу және еңбек патенттерін беру қызметтеріне сұраныс көп. Жыл басынан бері облыс тұрғындарына көші-қон қызметіне қатысты 200 мыңға жуық қызмет көрсетілді. Бүгінде мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында қажетті құжаттар тізімі мен мерзімі қысқартылды. Сондай-ақ, тұрғындарды тұрғылықты мекен-жайы бойынша есепке қою үшін “Электронды үй кітапшасы” енгізілуде.

Қоғамдық сана мен құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы тағы бір маңызды қадам заманауи құрылғыларды тиімді пайдалану екені сөзсіз. Мемлекет басшысы бейнебақылау мен анықтаудың интеллектуалды жүйелерін көшелерде, тұрғындар көп шоғырланатын жерлерде және жол қозғалысын бақылау орындарына енгізу қажет екендігін айтып өтті. Өткен жылдың соңында облыс орталығындағы 13 аймақтық полиция қосынында және жедел басқару орталығына қосылған 336 бейнебақылау камерасы орнатылды. Бұл техникалық құрылғылардың көмегімен өткен жылы 429 қылмыс, биылғы жылдың басынан бері 91 қылмыс және 11 мыңнан астам құқық бұзушылық ашылды. Сонымен қатар былтырғы жылдың желтоқсан айында Қызылжар аудандық ішкі істер бөлімінде бейнебақылау орталығы іске қосылды. Орталық 94 камераға жазылған бейнені көрсететін бес монитормен қамтылған. Алғашқы бейнебақылау орталығының ерекшелігі сол – камералардың басым бөлігі шалғайдағы ауылдық округтерде орналастырылған. Жалпы, бүгінгі таңда ауылдық жерлерге 600-ден астам камера қойылды. Бұл құрылғылардың жергілікті жерде қоғамдық тәртіпті сақтап, аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызы зор. Аудандар мен ауылдарда техникалық мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға қатысты жұмыстар жергілікті атқарушы органдардың, шаруа және фермерлік қожалықтардың қолдауымен жүргізілуде.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы облыста қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстар саны – 20 пайызға, ал көшелерде орын алатын заң бұзушылықтар 18 пайызға азайған. Ал облыстағы жол-көлік оқиғалары – 17 пайызға, апат салдарынан зардап шеккен азаматтар саны 19 пайызға кеміді. Бұл көрсеткіш жол қозғалысы қатысушыларының арасындағы тәртіптің нығаюының нәтижесі деп білеміз. Бүгінде Петропавлда мемлекеттік тіркеу нөмірлерін тануға арналған оннан астам “интеллектуалды көше қиылыстары” мен автоматты түрде тіркеу жүйесі жұмыс істеп тұр. Осындай заманауи жүйелер Уәлиханов, Жамбыл, Аққайың, Тайынша, Мағжан Жұмабаев және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың орталықтарында да бар.

Жолда жүру ережесін бұзған жүргізушілерге қолданылатын айыппұл мөлшері мен көлік құралын пайдалану құқығынан айыру мерзімі қысқарды. Үстіміздегі жылдың жеті айында облыста 97 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 26 адам көз жұмса, 139-ы әртүрлі дене жарақатын алды. Осы кезеңде жол-көлік оқиғалары бойынша 507 әкімшілік хаттама толтырылды. Оған сәйкес 40 адам жүргізуші куәлігінен айырылса, 412-сіне 21 млн. теңгенің айыппұлы салынды. Сертификатталған арнайы бақылау-өлшеу техникалық жабдықтарына тіркелген заң бұзушылықтар бойынша салынған айыппұлдың елу пайызын ғана төлеуге рұқсат етілді. Жолдың қарама-қарсы бетіне шығып кеткен жүргізушілер осыған дейін бір жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылса, биыл жаза мерзімі алты айға қысқартылды. Ал көлігін мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орынға қойғаны үшін салынатын айыппұл 50 айлық есептік көрсеткіштен 10 айлық есептік көрсеткішке дейін азайтылды. Жылдамдықты арттырғаны және басқа да жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін салынатын айыппұл көлемі де кеміді.

Сол сияқты соттың санкциясы шыққанға дейін күдіктілерді қамауда ұстау мерзіміне өзгерістер енгізілді. Мұндай жағдайда күдіктіні 48 сағаттан, ал кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімді 24 сағаттан артық ұстауға болмайды. Алайда, аса ауыр қылмыстарға, экстремистік немесе лаңкестік, жаппай тәртіпсіздік, қылмыстық топ құрамында, есірткі немесе психотроптық заттардың заңсыз айналымы және басқа да ауыр қылмыстарға қатысты күдіктілер, сондай-ақ, төтенше жағдайларда бұл мерзім 72 сағатқа дейін ұзартылуы мүмкін. Азаматтар өздеріне қатысты жүргізілген келісілмеген тергеу іс-әрекеттері туралы хабардар етіледі. Егер сот тергеу ісі заңсыз жүргізілді деп таныса, азамат өз құқығын қорғау үшін сотқа шағымданып, келтірілген залалдың орнын толтыру мүмкіндігіне ие.

Экономикалық қызмет саласында заң бұзған азаматтарға қатысты қамау жазасы алынып тасталды. Алайда, бұл жеңілдік қаржы пирамидасын құрып, оны басқару, заңсыз жолмен алынған ақша немесе мүлікті заңдастыру, жалған ақша немесе маңызды құжаттарды дайындау, сақтау немесе пайдалану, экономикалық контрабанда, келісім жасауға немесе одан бас тартуға мәжбүрлеу, сондай-ақ, қылмыстық топтардың құрамындағы қылмыстарға қатысты қолданылмайды.

Елбасы жылдың басты құжатында атап өткен азаматтардың конституциялық құқығына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету және ізгілендіру бағытындағы жұмыстар жалғаса береді.

Еңбек СЕМБИН,

облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика