“АДАЛ ЖОЛ” АКЦИЯСЫ

Бүгіндері елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуді мақсат тұтқан “Адал жол” республикалық акция-марафоны жүргізіліп жатыр. Осы алдын алу шарасы аясында бір ай ішінде Есіл ауданында “дөңгелек үстелдер”, акциялар, флешмобтар, парақшалар тарату, кездесулер және т.б. ауыл тұрғындары арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында алпыстан астам әртүлі іс-шара өткізілді.

Акция-марафон аудан орталығы – Явленка ауылының көшелері арқылы өткен автожорықпен басталды. Содан кейін ауылдың Орталық көшесінде мемлекеттік қызметшілердің, жастардың қатысуымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы форум өтті.

– Тек мемлекеттік қызметшілердің күшімен ғана тұрғындардың барлық санаттары арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мүмкін емес. Бұл жұмысқа барлық үкіметтік емес ұйымдардың, оның ішінде этномәдени және діни бірлестіктердің өкілдерін, әсіресе, жастарды тарту оның тиімділігін арттыра түседі. Бұл кең ауқымды іс-шаралардан ешкім де сырт қалмауы тиіс, – деді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Елена Степаненко. Форумда сөз сөйлегендер бұл кеселмен бірлесіп күрескенде ғана оң көрсеткішке қол жеткізуге болатынын тілге тиек етті.

Содан кейін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Елена Степаненко аудандағы мемлекеттік қызметшілермен кездесу өткізіп, мемлекеттік қызмет саласында жүргізіліп жатқан өзгерістер мен жаңалықтар төңірегінде әңгіме өрбітті. Барлық мемлекеттік қызметшілердің жұмысы, ең алдымен, жоғары сапалы кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға бағытталуы қажеттілігі атап өтілді. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясында ұзақмерзімді басымдықтардың бірі кәсіби мемлекеттік қызметті құру болып белгіленген. Біздің мемлекетіміздің алдында тұрған кәсіби жоғары мемлекеттік қызметті және басқарудың тиімді құрылымын құру ісіндегі міндеттерді іске асыру көбінесе мемлекеттік қызметшінің кәсіптілігіне негізделеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елді тиімді басқаруы үшін мемлекеттік қызметшіде болуға тиісті негізгі қасиеттерді атап көрсетті. Бұл – моральдық жоғары жауапкершілік, кәсіптік білім және оны тәжірибеде қолдана білу, адалдық, ақ ниеттілік, белсенді өміршеңді ұстаным. Мемлекеттік қызметтегі әрбір адам өз жұмысының барлық маңыздылығын сезіне білуі және өз елінің патриоты болуы тиіс.

Мемлекеттік жүйені дамытудағы басым бағыттардың бірі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшісінің жағымды имиджін қалыптастыру және нығайту. Мемлекеттік қызметшінің жағымды имиджіне қойылатын негізгі ережелер Қазақстан Республикасының Ар-намыс кодексінде анықталған, онда былай деп белгіленген: “Мемлекеттiк қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенiм бiлдiру болып табылады, мемлекеттiк қызметшiлердің адамгершілiгiне және моральдық-этикалық бейнесiне жоғары талаптар қояды”.

Мемлекеттік қызметтің имиджі органдар тарапынан халыққа көрсетілген қызметтің сапасына байланысты, – деген Елена Федоровна жиналғандарды мемлекеттік қызметшілерді оқыту, конкурстарды өткізу бағыттары бойынша ауданның нәтижелерімен таныстырды. Іс-шараға қатысушыларға тестілеуден өту, конкурс жүргізу тәртібі, мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына үлгілік біліктілік талаптары, қызметшілердің жұмысын бағалау туралы мемлекеттік қызмет саласындағы қолданыстағы заңнамаларға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар түсіндірілді.

Әдеп жөніндегі уәкіл Дулат Тайшабай мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын орындауы туралы айта отырып, олардың мінез-құлқының белгіленген нормаларының сақталуына жүйелі бақылау жүргізу арқылы тұрғындардың билік органдарына сенімін арттыратынын, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалардың талаптары мен Ар-намыс кодексінің нормаларын бұзуға жол бермеу қажеттігін атап көрсетті.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюросы облыстық департаментінің инспекторы Светлана Зайцева өз сөзінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және заңның үстемдігін қамтамасыз ету Елбасының “100 нақты қадам” Ұлт жоспарында белгіленгенін, еліміздің болашағы әрқайсымызға байланысты, бұл қоғам кеселімен күрес барлық саналы азаматтардың ортақ ісі екендігін атап көрсетті.

Есіл ауданындағы “Адал жол” республикалық акция-марафоны Мәдениет үйі әншілері мен өнер ұжымдарының концерттік бағдарламасымен аяқталды. Енді акция-марафон осы айда Жамбыл ауданында жалғасатын болады.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика