ТАТУЛЫҚ ТІРЕГІ

“Туған елім – тірлігімнің айғағы,

Тілім барда айтылар сыр ойдағы.

Өссе тілім, мен де бірге өсемін,

Өшсе тілім, мен де бірге өшемін!” – деп ақын Әбділда Тәжібаев жырлағандай, тіл қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Ол – достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ырыс-берекенің алды, ұлттың жаны, ары. Ана тіліміз қазақ халқымен бірге талай сын-қатерлерді бастан өткерді. Осынау көркем де бай тілімізді сақтап қалуға зор үлес қосқан тіл жанашырларына мың тағзым.

Бүгінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру кезең-кезеңмен жүзеге асырылуда. Президент “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында латын қарпіне көшудің маңызына тоқтала келіп: “Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын және интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады”, – деп атап көрсетті.

Латын қарпіне көшу – ауқымды жұмыс. Бұл – ана тіліміздің жарқын болашағы үшін жасалған оң қадам. Қазақстандықтар – әрқашан жаңашылдықты қолдаған халық. Егер латын қарпіне көшу еліміздің өсіп-өркендеуіне жол ашудың бір жолы болса, неге бұл бастаманы жүзеге асырмасқа? Өзіміз байқағанымыздай, қазір газет басылымдары мен телеарналар бұл жұмысқа белсене кірісіп отыр. Тіпті, елді мекендердің, бірқатар мекемелердің атауы да латынша жазылуда. Бұған халықтың көзі үйренуде. Ұялы телефондарда латын қарпі қосымшалары бар. Елімізде тіл үйрететін арнайы үйірмелер ашылып, қызығушылық танытқан адамдарға барлық жағдай жасалуда. Латын әрпімен жазудың ең маңызды факторы – қазақ тілінің деңгейін көтеру. Егер шетелдіктер тарапынан біздің тілімізге қызығушылық байқалса, бұл жаңашылдықтың басты белгісі болмақ.

Қазақ тілінің аясын кеңейту, тіл үйренушілердің қатарын көбейту мақсатында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментке бағынысты жергілікті әскери басқару органдарында “Латын әрпіне көшу мәселелері, қоғамның дамуына әсері, болып жатқан жаңашылдықтар” атты “дөңгелек үстел” отырысы өтті.

Қазақстан Республикасының “Тіл туралы” Заңында халықты топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру еліміздің әрбір адамзатының парызы екені айтылған. Мемлекеттік тілдің абыройын асқақтату – Қазақстанның әрбір тұрғынының абзал борышы. Біздің барша ұлттық келбетіміз бен болмысымыз, салт-санамыз бен дініміз осы ұлттық мәдениет пен тілімізде жатыр. Тәуелсіз елдің ендігі жас ұрпағын парасатты да білімді, іскер де қабілетті, отансүйгіш те ұлтжанды тұлға етіп қалыптастыруда мемлекеттік тілдің атқаратын қызметі орасан.

Жыл сайын Қарулы күштер мен басқа да әскери құрылымдарда Қазақстан халқы тілдерінің күнін мерекелеу айлығы өтеді. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментке бағыныстағы басқармалар мен бөлімдерде “Тіл – татулық тірегі” атты фестиваль ұйымдастырылды. Бұл шараның басты мақсаты – Қазақстанда тұратын түрлі этностардың өзара достығын нығайтуға, салт-дәстүрді, өнер мен мәдениетті ұлықтап, өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді еркін меңгеруіне ықпал ету. Мәдени шаралар барысында қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрі насихатталып, көрме, “дөңгелек үстел” отырыстары, түрлі кездесулер мен сайыстар өткізілді. Қорғаныс саласындағы әрбір мекеме қызметкерлеріне қазақ, орыс, украин, татар, неміс, грузин халықтарының мәдениеті, ұлттық салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары көрсетілді. Бұл орайда Ғабит Мүсірепов атындағы аудан қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің жұмысын ерекше атап өткен жөн.

Әскери қызметшілердің балалары арасында “Менің Отаным – көпэтносты Қазақстан” атты сурет көрмесі ұйымдастырылды. Айым мен Айдана Жаңабай, Марат Мадияр, Камила мен Рүстем Сәрсекеевтер, Услада мен Тимур Вершинниковтар, Арман Айдарұлы сынды жас талапкерлердің суреттері көрмеге қойылды. Бұл шараға қатысқан балаларға Алғыс хаттар мен сыйлықтар берілді. Орыстілді азаматтардың арасында “Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде” атты мемлекеттік тілді насихаттауға арналған отырыс өтті. Оған зиялы қауым өкілдері, тіл мамандары, еңбек ардагерлері мен оқушылар қатысты. Қазақстан халқының тілдері күнін мерекелеу аясында ұлттық тағам мен киім жарасым тапты. Көрермендерді қызықтырған мұндай шараларға жеке құрам ғана емес, олардың отбасылары да белсене қатысты. Іс-шаралардың аясында латын қарпіне көшу, үштілділік, мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы мәселелер қозғалды. Белсенді қатысқан әскери қызметшілердің еңбегі атаусыз қалмады. Қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалаудың “Қазтест” сынағын тапсырып, жақсы көрсеткіштерге ие болған қызметшілерге сертификаттар табыс етілді.

Әскери қызметшілер арасындағы шаралар бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан жүзден аса ұлт пен ұлыстың достығының, ынтымақтастығының дәлелі іспетті. Ұжымдар арасында өткен фестиваль этносаралық бірлікті нығайтудағы мемлекеттік тілдің маңызы зор екендігін көрсетті. Бұл шаралар ұлтаралық келісім мен достықты нығайтудың, Қазақстанда патриотизмді қалыптастырудың маңызды факторы болып табылады.

Еркежан ЖҰМАТАЕВА,

облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің маманы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика