ЕСКЕРТКІШТЕР — ЕЛ ТАРИХЫ

“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы жанынан құрылған “Мирас” өңірлік кеңесінің кезекті отырысы өтті. Бұл кеңеске мәдениет, өнер, білім салаларының қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері мүше.

Кеңестің кезекті отырысында “Нұр Отан” партиясының сайлауалды бағдарламасында айқындалған мәдениет саласындағы міндеттер күн тәртібіне қойылды. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Досбол Әбдірисов Қызылжар өңіріндегі тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерінің қазіргі жағдайы, оларды қалпына келтіру, сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабарлама жасады.

Ескерткіштер – әрбір елдің тарихы мен өткенінен сыр шертетін халықтың ұлттық байлығы ғана емес, сол елдің бұрынғысы мен бүгінін саралауға мүмкіндік беретін маңызды құрал. Ескерткіш мұралары көне тарихтың куәсі. Сондықтан оларды насихаттау әрбір азаматтың парызы болуы тиіс. Қазақстан Республикасының “Тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және пайдалану туралы” Заңына сәйкес жергілікті атқарушы органдар өз аумақтарында орналасқан тарихи және мәдени маңызы зор ескерткіштерді талаптарға сәйкес күтіп-ұстауды және сақтауды қамтамасыз етеді.

Қызылжар өңірінде бүгіндері Қазақстан Республикасының ескерткіштерінің мемлекеттік тізіліміне енгізілген 599 тарих және мәдениет ескерткіші бар. Бұл нысандардың сегізі республикалық мақсаттағы ескерткіштер. Жергілікті мақсаттағы нысандардың ішінде 436-сы археологиялық, 155-сі сәулет ескерткіші, – деді Досбол Әбдірисов.

Бүгіндері облыс аумағында орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштерді күтіп-ұстауға және пайдалануға, қалпына келтіруге республикалық, жергілікті бюджеттерден тиісті қаржы бөлінуде. “Казреставрация” республикалық мемлекеттік кәсіпорны 2013-2016 жылдары көпес Янгузаровтың үйін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, республикалық мақсаттағы ескерткіш болып табылатын Абылай ханның резиденциясы мұражай-кешенінің қасбетіне ағымдағы жөндеу жүргізіліп, оған жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. ХІХ ғасырдың сәулет ескерткіші болып саналатын облыстық тарихи-өлкетану және бейнелеу өнері мұражайларында да қалпына келтіру, ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылды. Ал “Қазпошта” акционерлік қоғамының облыстық филиалы орналасқан тарихи ескерткіш ғимаратына 4 млн. теңге бөлініп, шатыры мен қасбеті жөнделді.

Облыс аумағында екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушыларға арналған 532 ескерткіш бар, олардың 517-сі ауылдарда орналасқан. Ұлы Жеңістің 70 жылдығында олардың барлығы жөнделіп, маңайлары абаттандырылды. Бұл мақсатқа 25 млн. теңге жұмсалды. Петропавл қаласында Жеңіс саябағы жаңа кейіпке енді. Үстіміздегі жылы Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында, №21 орта мектепте жөндеу жұмыстары аяқталмақ. Оңтүстік-Орал темір жолының әкімшілігі өз қаржысы есебінен 1967 жылы салынған Петропавл темір жол вокзалының ғимаратына қайта құру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгіндері “Казреставрация” республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Батыс Қазақстан филиалы Айыртау ауданындағы Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешенін қалпына келтіруде.

Баяндамашы өңіріміздің қасиетті жерлеріне саяхат жасау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Облысымыздың қасиетті нысандарының электрондық картасы жасалып, ол басқарманың сайтына орналастырылған. Қазір “Заман талабы” жобасы жасалып жатыр, ол гаджеттердің көмегімен туристердің тарихи ескерткіштермен, қасиетті жерлермен дербес танысуына мүмкіндік бермек.

Облыс әкімдігі Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп “Ботай” мұражай-қорығын ашу жұмысын қолға алды. Үстіміздегі жылдың 31 наурызында Үкіметтің тиісті қаулысы қабылданған. “Ботай” мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығының құрамында ғылыми орталық, қазба жұмыстарын жүргізуге арналған қоныстар және т.б. болмақ.

“Мирас” өңірлік кеңесінің мүшелері облысымыздағы тарихи-мәдени ескерткіш нысандарын сақтау, қасиетті жерлерге оқушылардың саяхатын ұйымдастыру, жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеу мақсатында жүргізілуі тиіс жұмыстар туралы өз ойларымен бөлісті.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика