ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ АЛАҢЫ

Биыл Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет органдарының құрылғанына 20 жыл толып отыр. Осыған орай Петропавлда “Мемлекеттік қызмет жүйесінің генезисі мен даму болашағы” тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

1998 жылы мемлекеттік қызмет саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты жүзеге асырушы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі құрылды. Ал 1999 жылы “Мемлекеттік қызмет туралы” Заң қабылданды. Аталған заң азаматтардың мемлекеттік қызметке қол жеткізу теңдігіне арналған конституциялық құқықтарын жүзеге асыруда және елімізде қазіргі заманғы мемлекеттік қызметтің берік іргетасын қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Конференцияға қатысушылар өткен жиырма жыл ішінде салада құрылған кәсіби мемлекеттік аппараттар мен қол жеткізілген жетістіктер жайында әңгіме өрбітті. Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аппаратының басшысы Саян Ахметжанов мемлекеттік қызметшілер саяси реформалар мен жүктелген міндеттерді кәсіби дең­­гейде орындап, еліміздің тә­­уелсіз, демокра­тиялық мем­лекетке айналуына өз үлестерін қосқанын айтты.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “100 нақты қадам” Ұлт жоспары стратегиялық құжатында елімізде кәсіби мемлекеттік аппарат құру қажеттігін атап өтті. Ол үшін, біріншіден, барлық мемлекеттік органдарда қызмет істейтін мемлекеттік қызметшілердің білімі мен біліктілігін арттыру мәселесіне жете көңіл бөлу қажет, – деді Саян Ахметжанов.

Аппарат басшысы мемлекеттік қызметті институттандыру қағидаттары мен мемлекеттік қызметшілерге факторлық ұпайлық жүйе негізінде еңбекақы төлеудің артықшылықтарына тоқталды. Ол мемлекеттік қызметшілердің беделі жылдан-жылға артып отырғанын да тілге тиек етті. Бұған қазіргі таңда мемлекеттік қызметтегі әр бос орынға жиырма үміткерден келетіні дәлел болмақ. Бүгінгі күні елімізде бір жүз мыңға жуық мемлекеттік қызметші бар.

Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Елена Степаненко Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметінің қалыптасуы туралы баяндама жасап, мемлекеттік қызмет жұмысының тиімділігін арттыру жолдарына тоқталды.

Халықаралық конференцияға агенттіктің Павлодар, Ақмола, Қостанай өңірлеріндегі құрылымдары мен жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ, Ресейдің Омбы облысы мен Сібір федералды округінің мемлекеттік қызмет институттарының өкілдері қатысып, өзара тәжірибе алмасты. Омбы облысының губернаторы мен үкіметі аппаратының мемлекеттік азаматтық және муниципалдық қызметін дамыту басқармасы басшысының орынбасары Светлана Обухова мен РФ Президенті жанындағы Ресей Халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының Новосібір қаласындағы филиалы – Сібір басқару институтының қызметкері Виктор Зеленцов жастар резервін қалыптастыру, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру тәжірибелерімен бөлісті. Ал қазақстандық мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау, кәсіби білімдерін жетілдіру мәселесі туралы Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының қолданбалы зерттеулер және халықаралық серіктестік орталығының басшысы Жомарт Медеуов айтып берді. Мемлекеттік басқару академиясы биыл жаңа деңгейге шығып, Ресей елінің бірқатар өңірлерінің, Татарстан Республикасының муниципалдық органдарының резервіндегі қызметшілер үшін оқыту курстарын өткізген. Сонымен қатар Моңғолия, Ауғанстан, Тәжікстан сияқты бірқатар елдерден келген тыңдаушыларға қазақстандық мемлекеттік қызмет бойынша дәріс берген. Бүгінгі таңда еліміздің барлық өңірлерінде академияның филиалдары жұмыс істейді.

Конференция соңында облыстың үздік мемлекеттік қызметшілеріне Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің облыстық департаментінің Алғыс хаттары табыс етілді.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика