БОРЫШКЕРЛЕРМЕН КҮРЕСТЕ БОСАҢДЫҚ ТАНЫТҚАН

Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында жеке сот орындаушыларының қызметіне қатысты мәселелер талқыланды.

Елімізде жеке сот орындаушылары институты соңғы үш жылда ерекше қарқынмен дамып келеді. Оған атқарушылық іс жүргізу жүйесінде орын алған реформа себеп болды.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалды реформасын жүзеге асыру бойынша “100 нақты қадам” Ұлт жоспарына сәйкес “Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушылар мәртебесі туралы” Заңға мемлекеттік және жеке сот орындаушыларының нақты міндеттерін айқындайтын өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Егер бұрын жеке сот орындаушыларының қызметі атқарушылық құжаттарды іске асырудың баламалы әдісі ретінде қолданылса, қазір олардың құзыреті қатаң түрде жіктелген. Жеке сот орындаушылары мемлекеттен, заңды тұлғадан, табиғи монополия субъектілерінен, тауарлар мен қызмет көрсету нарығында беделді тұлғалардан, мемлекет мүддесі үшін көлемі 1 мың АЕК-тен асатын шығындарды өндіруден және мүлік пен жер телімдерін тәркілеп, мемлекетке тапсырудан басқа әлеуметтік маңызды атқарушылық құжаттардың барлығын іске асырады, – деді облыстық әділет департаментінің жеке сот орындаушыларының жұмысын ұйымдастыру бөлімінің басшысы Айжан Бимақанова.

Қазіргі уақытта өңірімізде 53 жеке, 15 мемлекеттік сот орындаушысы бар. Екі-үш жыл бұрын бұл көрсеткіш керісінше болатын. Бүгінгі таңда сот орындаушыларының қарауында 60 мыңнан астам құжат бар. Мемлекеттік сот орындаушыларда алимент өндіру бойынша 2 мыңға жуық атқарушылық құжат жатыр. Оларды жеке сот орындаушыларына тапсыруы қажет. Шығынды жеке сот орындаушылары арасында атқарушылық құжаттарды бөлетін облыстық жеке сот орындаушылар палатасы арқылы немесе тікелей жеке сот орындау-шысының өзіне барып құжаттарын өндіріске тапсыра алады.

Айжан Бимақанованың айтуынша, тұрғындар тарапынан жеке сот орындаушыларының атына 200-дей шағым түскен. Олардың көбі сот шешімін орындаушылардың істі соңына дейін жеткізбеуіне қатысты. Кейбір істер тәртіптік комиссия қарауына жіберілген. Әділет министрлігі сот орындаушылардың қызметін уақытша тоқтату туралы да шешім қабылдайды. Былтыр, мәселен, өңіріміздегі екі жеке сот орындаушысының жұмысы уақытша тоқтатылған.

– Әділет органдарына азаматтардан жеке сот орындаушыларының жұмысына қатысты кеңес алу тұрғысындағы сауалдар көп қойылады, – деді Айжан Бимақанова. Мұндай жағдайда оларға көбінесе жеке сот орындаушыларының коллектордан айырмашылығын түсіндіруге тура келеді екен. Жеке сот орындаушылары сот шешімін жүзеге асыру үшін мемлекеттік сот орындаушылары сияқты заңмен белгіленген әрекеттерді орындайды. Шығынның өтелуіне қарай еңбекақымен қамтамасыз етіледі. Мәселен, борышкерден өндірілген сома 60 АЕК-тен аз болса, ол 25 пайызын өзіне алады.

– Сот процесі аяқталғаннан кейін көпшілік “сот шешімі жарияланды, іс бітті” деп ойлайды. Бірақ борышкерлер сот шешімімен белгіленген айыппұл немесе шығындарды мүмкіндігі келгенше өтемеуге тырысады. Жеке сот орындаушы олардың қаражатының бар-жоғын, болмаса алдын ала мүлкінің құнын анықтап, саудаға қою сынды көп кезеңді жұмыстарды атқарады. Борышты тезірек өндіріп алу өндірушіге ғана емес, жеке сот орындаушысының өзіне де тиімді. Алайда, борышкерлер үшін де заң жүзінде оңтайлы жағдайлар қарастырылған. Оларға өз мүлкін өздеріне сату мүмкіндігі беріледі, – деді жеке сот орындаушы Қасиет Жолдасбаева.

Биылғы бірінші жартыжылдықта борышын өтеуден бас тартқан 80-нен астам тұлғаны қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылған. Өңірімізде алименттік борышы бар адамдардан қарызын өндіру қиындық тудыруда. Осыған орай әділет департаменті өзге мемлекеттік органдармен бірлесіп борышкерлерді әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту бойынша шаралар жүргізеді.

Бүгіндері 63 мыңнан астам атқарушылық құжаттың 23 мыңға жуығы орындалған. Борышкерге тиесілі мүлік пен қаражаттың болмауына байланысты өндірушілерге қайтарылған атқарушылық құжаттар да аз емес.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика