ОЗЫҚ ТӘЖІРИБЕ — ОРТАҚ ИГІЛІК

Өңірімізге Түмен облысының дәрігерлері жұмыс сапарымен келіп, жергілікті емдеу мекемелерінде болды. “Дөңгелек үстел” отырысына қатысқан екі елдің дәрігерлері медициналық туризмді дамыту жайлы келелі әңгіме өрбітті.

Алдымен ресейлік мамандар жергілікті емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасымен танысты. Өңірімізде, республиканың өзге қалаларымен салыстырғанда, өкпенің қатерлі ісігі ауруларына шалдыққан науқастардың саны көп. Бүгінде қатерлі ісіктің алдын алу бағытында облыстық онкологиялық диспансерде емделушілер үшін барынша жағдай жасалуда. Түмен облысынан келген делегация облыстық онкологиялық диспансердің ультрадыбыстық зерттеу, химиялық терапия, диагностика кабинеттерін аралап, орталықтың мүмкіндігін байқады. Инновациялық технологиялар облыстық балалар ауруханасында да енгізілуде.

– Шетелдік фирмадан лизинг арқылы эндоскопиялық құрылғы сатып алдық. Енді оталардың басым бөлігін жаңа әдіс бойынша жасаймыз. Оған қоса, бүйрек ауруларына шалдыққандарға отаны өзімізде жасаймыз. Бұған дейін науқастарды республикалық ауруханаларға жіберетін едік. Жаңа құрылғылардың көмегімен өзімізде құлақ дерттерін де хирургиялық жолмен емдеуге мүмкіндік алдық, – деді облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Олег Завьялов.

Бұл емдеу мекемесі медициналық туризмді дамытуды да біртіндеп қолға алуда. Жыл басынан бері Ресей Федерациясының көршілес облыстарының бірнеше тұрғынына жаңа құрылғы арқылы ота жасалды. Облыстық ауруханадағы заманауи аппараттар да мамандардың назарына ұсынылды. Жаңа ультрадыбыстық зерттеу аппараты мен компьютерлік томография аурухананың диагностикалық мүмкіндігін арттырды.

Өңір тұрғындарына ғана емес, Ресейден, Қырғызстан мен Өзбекстаннан келген науқастарға да сапалы медициналық көмек көрсететін облыстық кардиологиялық орталықта ем қабылдау үшін барлық жағдай жасалған. Кардиологиялық орталықтың бас дәрігері Азамат Мағзұмовтың айтуынша, миокард инфарктісінің алдын алу үшін электрокардиограмманың көмегі зор.

– Біз барған емдеу мекемелерінің техникалық жағдайы түмендік ауруханалардан еш кем емес. Заманауи құралдардың көмегімен үлкен нәтижелерге қол жеткізуге болады. Бастысы, олардың мүмкіндігін пайдалану керек. Балалар ауруханасындағы оңалту шаралары көңілімізден шықты. Өкінішке қарай, бізде ондай жоқ. Сондықтан сіздерден үйренеріміз көп, – деді түмендік дәрігер Игорь Бродер.

Содан кейін екі ел мамандары “дөңгелек үстел” басында медициналық туризм саласын дамыту мәселесін ортаға салды. Бүгіндері Түмен облысының медициналық мекемелері ТМД елдерінің тұрғындарын көп қабылдайды. Олардың арасында қазақстандықтар басым. Қазір облыста тың жоба қолға алынып, түмендік медициналық қалашық салынып жатыр. Медициналық туризм орталығының директоры Вадим Гадевич жиналғандарды жұмыс жоспары мен науқастар үшін жасалатын жағдаймен таныстырды.

Әсел ОРАЗБАЕВА.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика