ЖОЛДАУДЫ ІСКЕ АСЫРУДЫҢ ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ ЖОСПАРЫ ДАЙЫНДАЛАДЫ

Премьер-Министр Б.Сағынтаевтың төрағалығымен Президент Әкімшілігінің басшысы Ә.Исекешевтің қатысуымен Мемлекет басшысының “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” Қазақстан халқына арнаған Жолдауында аталған тапсырмаларды орындау мәселелері бойынша Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Үкімет мүшелері Мем­лекет басшысы алға қойған мін­дет­терді іске асыру жөніндегі жоспарлары туралы баяндады.

Премьер-Министр Бақытжан Са­ғын­таев отырысты аша отырып, Мемлекет бас­шысының Жол­дауы халық арасында үлкен қолдауға ие болып жатқанын айтты. Үкіметтің не­гізгі міндеті – таяу келешекте аталған мін­дет­терді іске асыру; өңірлерге бөлінетін қара­жат­тардың жеткілікті көлемін қамта­масыз ету; қажетті шешімдерді жылдам қа­былдау. Халық бүгін аталған тапсыр­ма­лар­дың орындалуын күтпеуі керек, халық атқарылған жұмыстың нәтижесін көруі керек.

Қазақстан Президенті Әкімшілігінің басшысы Ә.Исекешев Мемлекет басшысы өз Жолдауында Үкімет қызметінің басты басымдығы ретінде қазақстандықтардың әл-ауқатын анықтағанын еске салды. Ол екі құрамды бөліктен тұрады: халық кірісінің өсімі мен әлеуметтік қызметтер сапасынан, өмір сүруге жайлы орта мен қауіпсіздіктен тұратын өмір сапасының артуы. Бұдан өзге, Пре­зи­дент қыс мезгіліне, егін жинау науқа­нына, азық-түлік өнімдері мен көмір ба­ға­сының негізсіз өсу жағдайына және қоғам­дық-саяси жағдайдан көрінетін қазақ­стан­дықтардың көңіл күйіне қатысты басқа да мәселелерді бақылауда ұстайтын болады.

Кірістер деңгейін арттыру

 

Ең алдымен халық кірісінің деңгейін арттыру шаралары қабылданады. Мә­се­лен, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап ең тө­мен жалақы 1,5 есеге арттырылып, 28 мың теңгеден 42,5 мың теңгені құрайтын болады. Осының нәтижесінде 1,3 млн. азаматтың еңбекақысы өседі. Бұдан өзге, 275 мың азаматтық қызметкердің еңбекақысы орта есеппен 35 пайызға арттырылады. Бұл – білім беру және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова Мемлекет басшысының ең төмен жалақы мөлшерін 1,5 есеге, 42,5 мың теңгеге дейін арттыру бойынша тапсырмасын орындау мақсатында 2019 жылғы 1 қаң­тар­дан бастап “2019-2021 жылдарға арнал­ған республикалық бюджет туралы” За­ң жобасына тиісті өзгерістер енгізілетінін айтты.

 

Білім беру сапасы

 

Президент 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 7,4 пайыздан 10 пайызға дейін жеткізу туралы міндет қойды.

Бұдан өзге, педагогтердің мәртебесін арттыру, жаңа мектептер салу, сондай-ақ, учаскелік медицина қызметкерлерінің еңбекақысын 20 пайызға біртіндеп арттыру, денсаулық сақтау саласын цифрландыру және Ас­та­нада жаңа ғылыми онкологиялық орта­лықты салу шаралары қабылданады.

Білім және ғылым министрі Ерлан Са­ғадиев мектеп және мектепке дейінгі бі­лім беру сапасын түбегейлі жақсарту үшін министрлік әкімдіктермен бірлесе оты­рып, мектепке дейінгі білім беретін тәр­бие­шілердің біліктілігін арттыру және бірың­ғай біліктілік талаптарын енгізуді қам­ти­тын Жол картасын дайындайтынын айтты.

 

Медициналық

қызмет көрсету

 

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов халыққа медициналық қыз­мет көрсету сапасын жақсарту мақ­сатында барлық учаскелік медицина қыз­меткерлерінің жалақысы сатылай 20 пайызға артатынын айтты. Яғни, бұл – 10 мыңнан аса учаскелік дәрігер мен 30 мың медбикенің жалақысы жаңа әдістерді меңгеру деңгейіне қарай келесі жылдың соңына дейін өседі деген сөз. Бұл мақсатқа 5 млрд. теңге бөлінеді.

 

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар толығымен қағазсыз ме­ди­циналық құжаттармен жұмыс істейтін болады. Бұдан басқа, 2020 жылға қарай халықтың 100 пайызы электронды паспортпен қамтылады.

Индустрияландырудың жаңа жолдары

 

Тауарлардың шығарылған қоржынын одан әрі “күр­делендіру” және сыртқы нарықтарға шығу ауқымын кеңейту басты басымдық болмақ. Өнеркәсіпті “цифрлық дәуірге” дайындау үшін қажетті инфрақұрылым мен стандарттар, “модельдік зауыттар” құрылады. Сондай-ақ, экспорттаушыларға кешенді қаржылық және жалпылай қолдау көрсету ісі ны­ғаяды. Алдағы үш жылда бұл мақсатқа 500 млрд. теңге бөлінеді.

 

Сапалы және қолжетімді тұрғын үй

 

Сапалы және қолжетімді тұрғын үй­мен қамтамасыз ету мақсатында “Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламасы аясында алдағы бес жылда 650 мыңнан астам тұрғын үй салу жоспарланып отыр.

Алдағы бес жылда “7 – 20 – 25” бағ­дар­ламасы аясында шамамен 103 мың адам тұрғын үй иесі атануы мүмкін. Осы бағдарлама аясында әкімдіктерге жер­гілікті бюджеттен бастапқы жарналарды ішінара субсидиялау механизмін әзірлеу тапсырылды. Яғни, жас отбасылар мен бюд­жеттік саланың қызметкерлеріне бас­тапқы жарнаның жартысын өтеу үшін әлеуметтік көмек көрсетіледі. Министр Ж.Қасымбектің айтуынша, мемлекеттік қаражатқа 20 мың жалға берілетін және 56 мың несиелік тұрғын үй салынады.

 

Бизнес және инвестициялық ахуалды жақсарту

 

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов “Бизнестің жол картасы – 2020” мем­лекеттік бағдарламасын одан әрі іске асыру үшін жыл сайын шағын және орта бизнесті дамыту аясында қосымша 30 млрд. теңге қарастырылатын болады деді. Қазірге дейін 4 мың жобаны қамтитын жаңа пул жасалды.

ҰЭМ көлеңкелі айналымды жоюға қатысты ERP-жүйелерді және “кэшбектерді” пайдалану, қолма-қол ақшасыз төлемдерді ескермеу бойынша бірқатар түзетулер әзірледі. Жыл соңына дейін бизнес ортаны дамыту мен сауда қызметін реттеуді жетілдіру жөніндегі заң жобасы аясында шағын және орта биз­­нес үшін “салық амнистиясын” жүр­гізу бойынша қажетті өзгерістер ескері­летін болады.

 

Агроөнеркәсіп кешенін өркендету

 

Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмір­зақ Шөкеев Мемлекет басшысының Жол­дауындағы бастамалар мемлекеттің агро­сектордағы рөлін жаңа сапалы деңгейге шығаратынын атап өтті.

Аграрлық білім берудің сапасын жақ­сарту мақсатында үш аграрлық оқу ор­ны білікті мамандар даярлау ісі­не жұмыл­дырылып жатыр. Оларға Назар­баев Университетінің үлгісімен әлемдік озық жоғары оқу орындарының стандарттары енгізіледі және шетелдік оқу орындарының франшизалары тартылады.

 

Өңірлерді тұрақты дамыту

 

Ұлттық экономика министрі Т.Сүлей­менов атап өткендей, қазіргі уақытта ми­нистрлік Экономикалық зерттеулер институтымен, сондай-ақ, белгілі ғалымдар тобымен бірлесіп, әлемдік тәжірибені зерделей отырып, еліміздің аумақтық-кеңістіктік ұйымдастырылуын жетілдіру жөнінде талдамалық зерттеу жүргізіп жатыр. Болжамды схеманы сапалы іске асыру үшін 2019 жылғы 1 қарашаға дейін Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы әзірленеді.

Өңір­лерді дамыту бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде қалаларда орталық­тандырылған сумен жабдықтау – 100 пайызға, ауылдардағы орталықтандырылған сумен жабдықтау 80 пайызды құрайтын болады.

Президенттің тапсырмаларын қаржылық қамтамасыз ету

 

Қаржы министрі Әлихан Смайылов білім беру мен денсаулық сақ­тау салаларын осы салаларда шы­ғын­дар­дың тиімділігін арттыруға баса көңіл бөле отырып, мемлекеттік қолдауды кеңейту бойынша жұмыстар жалғасатынын айтты. Ең төменгі жалақы көлемін өсіруді іске асыруға жыл сайын 96,3 млрд. теңге бағытталатын болады. Оның ішінде 85,8 млрд. теңге тікелей 275 мың азаматтық қыз­меткердің жалақысын көтеруге жұм­салады. Ал 10,4 млрд. теңгесі – салық­тық шегерулердің артуына байланысты өңірлердің табыс бөлігінің шығындарының орнын толтыруға бағытталады. Олар ЖАО-ға мақсатты трансферттер түрінде жеткізіледі.

“Үш жылдық бюджет аясында білімге жұмсалатын шығындарды биыл 456,3 млрд. теңгеден 2021 жылы 752,1 млрд. теңгеге дейін немесе 65%-ға арттыру жос­парланып отыр. Осы кезеңде денсаулық сақтауға жұмсалатын шығындарды 24%-ға, 1076,2 млрд. теңгеден 1339,1 млрд. тең­геге дейін өсіру көзделген”, – деді Ә.Смайылов.

Отырыс барысында Ішкі істер ми­нистрі Қалмұханбет Қасымов ІІМ жүйе­сін реформалау жоспарлары туралы баян­дады.

“Жеке құрамның штат саны қайта қаралатын болады, оларды 10 пайызға қыс­қар­туды жоспарлап отырмыз, бұл шамамен 9000 полиция және 1600 – ҚАЖК. Бюд­жет қаражатының қалыптасқан үне­мін қызметкерлердің лауазымдық жала­қы­ларын арттыруға пайдаланамыз”, – деді Қ.Қасымов.

Мәселені қарау қорытындысы бойын­ша Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев бірқатар нақты тапсырмалар берді. Осылайша, Жолдаудың барлық бағыттары бойынша іс-шаралардың жал­пы ұлттық жоспары дайындалады. Ұлттық экономика министрлігіне Үкі­метке Елбасы Жолдауын іске асыру жө­нін­дегі жалпы ұлттық іс-қимыл жоспарын бекіту туралы тиісті қаулы жобасын енгізу тапсырылды.

(“Егемен Қазақстан”,

6 қазан 2018 жыл).

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика