НАҚТЫ ҚАДАМДАР — САЛАҒА СЕРПІН

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы Жолдауларында халықтың тұрмыс сапасын арттыру мәселелеріне айрықша көңіл бөледі. Биылғы тарихи құжатта да қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру үшін ауқымды міндеттерді белгіледі.

Алты бөлімнен тұратын Жолдауда айтылған әрбір міндеттің қоғамға тигізер пайдасы көп. Экономика, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, білім беру, денсаулық сақтау салалары кеңінен қамтылып, мемлекеттік қызмет те назардан тыс қалған жоқ. Азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат құру бөлімінде мемлекеттік қызметтің міндеті мен мәртебесі сараланды. Осы орайда жаңа кезеңде мемлекеттік аппарат қалай өзгереді деген сауал көкейде қылаң береді.

Елбасы мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін түбегейлі арттыру қажеттігін атап өтті. Жолдауда “Сапа – мемлекеттік қызметші өмірінің жаңа стилі, ал өзін-өзі жетілдіру – оның басты қағидаты болуға тиіс” делінген. Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басты міндеті зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру болып табылады.

Бүгінгі таңда департамент тарапынан халыққа мемлекеттік қызметтің он үш түрі көрсетіледі. Үстіміздегі жылдың шілде айынан бастап тұрғындар тағы бір жаңа мемлекеттік қызметтің игілігін көре бастады. Яғни, “бала кезінен бірінші топтағы мүгедектің күтімі бойынша тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы енгізілді. Қазіргі таңда бұл жәрдемақыны облыста 478 отбасы алады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру бойынша үш жол картасын бекітті. Соның бірі жасына байланысты бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерін тағайындау бойынша композиттік қызметтер құру және инфляцияның деңгейін ескере отырып, нақты енгізілген міндетті жарналардың, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сомасы мен зейнетақы жинақтарының сомасы арасындағы айырма төлемі бойынша мемлекеттік қызмет көрсетудің проактивті тәртібіне көшу жөніндегі жол картасы енгізілді. Бұл үстіміздегі жылдың қазан айынан бастап жүзеге асырылуда. Яғни, жоғарыда айтылған үш зейнетақы төлемі оңтайландырылып, бір композиттік қызмет көрсетіледі. Зейнет жасына жеткен азамат мемлекеттік корпорацияға келіп өтініш толтырса жеткілікті. Ал бұған дейінгі жұмыс бірнеше сатыдан тұрды.

Сонымен қатар департамент мамандары 2016 жылдан бері “Медициналық-әлеуметтік сараптама өткізу және мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы, еңбекке қабілеттілігінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдер тағайындау” композиттік қызметін көрсетіп келеді. Егер азаматқа мүгедектік бірінші рет тағайындалса, жәрдемақыға өтініш пен қажетті құжаттарды департамент мамандары қабылдайды. Яғни бұрынғыдай мемлекеттік корпорацияға барудың қажеті жоқ.

Жыл сайын Үкіметтің қаулысына сәйкес ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты зейнетақы және әлеуметтік төлемдердің мөлшері артады. Бүгінгі күні облыста 114921 адам зейнетақы мен жәрдемақы алады. Бұл төлемдер үшін республикалық бюджеттен ай сайын 9 млрд. теңге шамасында қаржы бөлінеді.

Былтыр ынтымақты және базалық зейнетақы 20 пайызға өсті. Биыл ынтымақты зейнетақы 8 пайызға артты. Облыс бойынша орташа ынтымақты зейнетақы 53 000 теңгені құрайды. Базалық зейнетақыны тағайындау әдісінің өзгеруіне байланысты облыстағы зейнеткерлердің 48 пайызында базалық зейнетақы 28 284 теңгені құрады. Бірінші шілдеге дейін базалық зейнетақы мөлшері 15 274 теңгені немесе ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құраған болатын. Бүгінгі күні облыс бойынша базалық зейнетақының орташа мөлшері 26 мың теңге. Жалпы өңірде 103 444 зейнеткер бар.

Сонымен қатар департамент “мүгедектікті және еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу немесе қажетті әлеуметтік қорғау шараларын айқындау” атты мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Өңірде 27304 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл мүгедектік тағайындау динамикасының төмендегенін айта кеткен жөн.

Жарымжандар мүмкіндігі шектеулі болса да қоғамның бір мүшесі. Сондықтан олардың өзгелер сияқты өмір сүрулеріне ешқандай шектеу қоймауымыз керек. Керісінше, қоғамда өздерін еркін сезінулеріне жағдай жасап, оңалту шараларын қарастырған абзал. Осы орайда мүмкіндігі шектеулі және асыраушысынан айырылған жандардың жәрдемақысы он алты пайызға артқанын атап өткен жөн.

Адам ұрпағымен бақытты деген сөз бекер айтылмаса керек. Сәбидің шат күлкісі әр шаңырақта естіліп, ата-аналар қуанышқа кенелсе, сол бақыт емес пе? Ал дүниеге сәби әкелген аналарға қолдау көрсету – мемлекеттің тікелей міндеті. Заңға сәйкес балалы отбасыларға мемлекеттік қолдау көрсетіліп, аналарға бала тууына және бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты мемлекеттік жәрдемақылар төленеді. Елбасының тапсырмасына сәйкес 2017 жылы бала тууына байланысты берілетін жәрдемақы 20 пайызға өсті.

Жастарға қолдау көрсетіліп, баспана мәселесі шешімін табуы тиіс. Өйткені, әлеуметтік жағдайды сылтау ететін кейбір жастар отбасын құрып, сәби сүюге асықпайды. Бүгінде жақсы өмір сүруге талпынған еңбекқор адамға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда. Жолдауда өмір сүруге жайлы орта қалыптастырудың маңызы егжей-тегжейлі айтылды. Тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыру, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары үшін тұрғын үй құрылысын ұлғайту мәселесі оң шешімін тапса, бұдан да зор табыстарға қол жеткізетін боламыз.

 

 

Гүлбақыт МАНАБАЕВА,

еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика