ТУРИЗМДІ ТҮЛЕТУГЕ ҚОЛАЙЛЫ ӨҢІР

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен Қазақстанда туризмді дамытуға серпін беретін тың бастамалар қолға алынуда. Елбасы жыл сайынғы Жолдауларында да ішкі туризм еліміздің экономикасының негізгі тірегіне айналуы тиіс екенін айтуда.

Туризм саласын дамыту дегеніміз – бұл мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту, инвестициялар ағыны, жұмыс орындарының санын көбейту, тарихи-мәдени, табиғи мұраны сақтау және ұтымды пайдалану, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету. Елімізде ішкі туризмді дамытуда мүмкіндігіміз зор. Сондықтан бұл бағытта кешенді жұмыстар атқарылуда. Нәтижесінде елімізге Австралия, Сингапур, АҚШ, Дания, Нидерланды елдерінен және тағы басқа мемлекеттерден келетін туристердің саны арта түсті.

Бүгінгі таңда еліміздің әр өңірінде ұлтымыздың өткен тарихынан сыр шертетін тарихи мекендер баршылық. Соңғы жылдары Үлкен Алматы, Бурабай, Балқаш, Алакөл, Шалқар, Жасыбай, Теңіз сияқты керемет көлдеріміз, Алматы, Баянауыл, Қарқаралы, Каспийдің жағалауы, Таулы Алтай, Жоңғар Алатауы, Шарын шатқалы, киелі Түркістан, Қапшағай су қоймасы және тағы басқа көрікті жерлеріміз қазақстандықтар мен шетелдік туристердің жиі саяхаттайтын орнына айналып отыр.

Астанада өткен “EXPO – 2017” халықаралық көрмесі ел экономикасы үшін маңызды саланы дамытуға серпін бергені сөзсіз. Көрме арқылы елімізге келген туристердің саны еселеп артты. Маңызды шара Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы экономикалық жетістіктерін ғана емес, елдің бай тарихы мен мәдениетін төрткіл әлемге паш етті. Статистика деректеріне сүйенсек, ресейлік саяхатшылардың таңдауы бойынша Астана қаласы ТМД елдерінің ішіндегі ең танымал шаһарға айналған. Көрмеге Германия азаматтары мен Қытай саяхатшылары көп келген. Осындай нәтижеге отандық туристік агенттіктердің белсенді жұмысының арқасында қол жеткізілді.

Көрме отандық туризмді әрі қарай дамытатын ғаламат импульске айналғаны сөзсіз. “EXPO – 2017” көрмесі кезінде туроператорлардың қызметіне деген сұраныс 78 пайызға өсті. Шетелдік азаматтардың Қазақстан аумағында 72 сағатқа дейінгі визасыз жүруіне рұқсат берілуі туристер ағынын ұлғайтты. Үш айдың ішінде елімізге 4,6 миллион адам келсе, көрмені оның 3,9 миллионы тамашалаған.

Мемлекет басшысы өзінің “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауында туризмнің рөліне ерекше тоқталып, Үкіметке көшпелі және ішкі туризмді дамытудың 2019-2023 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.

Қазақстанда Алакөл мен Бал-қаштың жағалауы, Алматы мен Алматы облысындағы тау кластері сияқты ішкі туризмді дамытуға қолайлы өңірлер аз емес. Еліміз бойынша туристер үшін тартымды он жер таңдап алынды. Өңірлердегі ішкі туризм саласында кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер жасалып, учаскелерге қажетті инфрақұрылым тартылады. Осылайша, туризм саласының бә­секеге қабілет­тілігін арттырып, 2023 жылға қарай оның экономикадағы үлесін 8 пайызға дейін жеткізу көзделген.

Елбасының бастамасымен қолға алынған бұл бағдарлама арқылы 2025 жылға дейін туристік салада жұмыс істеп жүрген адамдардың санын 650 мың адамға жет­кізіп, еліміздегі туристер ағынын 3 миллионнан 13,6 миллион адамға дейін ұлғайта аламыз. Сондай-ақ, туризм саласындағы жұмыс орындары-ның саны 60 мыңға жетеді деп күтілуде.

Бес жылдық жоспардың “Жол картасына” ішкі туризмді дамыту әлеуеті жоғары Қызылжар өңіріндегі ИмантауШалқар демалыс аймағы да кірді. Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысында екі мыңнан астам көл, 16 табиғи қорық бар. Олардың жартысы ерекше қорғауға алынса, тағы бір бөлігі “Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы” картасына енгізілген. Соңғы жылдары табиғаты сұлу жерлердегі туристік нысандарға жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Өңірдегі ИмантауШалқар демалыс аймағының болашағы зор екені әмбеге аян. Мұнда отызға жуық тарихи және мәдени ескерткіш бар, олардың ішінде республикалық маңыздағы – Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешені, ежелгі Ботай қонысы және Айғаным ханшаның қыстауы, Шоқан Уәлихановтың мұражайын ерекше атап өткен жөн. Бұл аймақтағы Имантау, Шалқар көлдерінің жағалауларында 37 демалыс орны туристерге қызмет көрсетеді. Бүгінде жылына 130 мың туристі қабылдайтын бұл орындардың мүмкіндігін арттырып, 400 мыңға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Солтүстік Қазақстан облысының сұлу табиғаты өңірде экологиялық, жағажайлық, мәдени-сауықтық, танымдық және медициналық туризмді дамытуға қолайлы. Орман қорықтары мен өзен-көлдер тарихи-мәдени, емдеу-сауықтыру туризмін дамытуға мүмкіндік береді. Ал облыста су айдындарының көлдер және өзендердің көптігі де туристерді қызықтырады деп ойлаймын.

Қазақстан мен Ресей елдері Президенттерінің қатысуымен кезекті форумның Петропавл қаласында өткізілуі – Солтүстік Қазақстан облысы үшін үлкен абырой, зор мүмкіндік. Шетелдік туристер арасында өңірдің танымалдығы артады. Екі ел Президенттерінің, сала мамандарының, танымал компания өкілдерінің қатысуымен өтетін пленарлық отырыс барысында өңірдің ішкі туризм саласын дамыту мүмкіндіктері, инвестициялық климатының тартымдылығын арттыру, мемлекеттің бизнесті қолдау шаралары, мемлекеттік-жекешелік әріптестік және саланы цифрландыру мәселелері әңгіме арқауына айналады. Туризмді дамытуға қолдау көрсетумен қатар жергілікті экономиканың әлеуетін арттыру, халықтың жағдайын жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және салаға инвестиция құю мәселелері талқыланады. Осының барлығы Солтүстік Қазақстан облысындағы ішкі туризмді дамыту жұмысына зор серпін бермек.

Рашида ШӘЙКЕНОВА,

Қазақстан туристік қауымдастығының директоры.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика