БЕСКӨЛДЕГІ БӘЙГЕ

Кеше Қызылжар ауданындағы “Құлагер” ипподромында жазғы ат спорты маусымының жабылуына арналған ат жарысы өтті. Дәстүрлі доданы қызылжарлықтармен бірге облыс әкімі Құмар Ақсақалов тамашалады.

Ең алдымен, өңір басшысы ат жарысы маусымының жабылуына орай құрылған этноауылды аралады. Құмар Ақсақалов сауда қызған шатырларда қонақтарға ұлттық тағамдар мен сусындардан дәм таттырған ауыл кәсіпкерлерімен әңгімелесті. Содан кейін ипподромның алдында тігілген ақшаңқан киіз үй ішіндегі жергілікті қолөнер шеберлерінің туындыларымен танысты.

Спортсүйер қауымның алдында сөз сөйлеген өңір басшысы жазғы ат жарысы маусымының жабылумен құттықтады.

– Ат жарысының біздің ұлтымыз үшін орны қашанда ерекше. Ата-бабаларымыздан мұра болып қалған ат спорты бүгiндерi бiздiң өңiрiмiзде белсенді дамуда. Биылғы жылы “Тұлпар” кәсiби клубы құрылды. Көкпардан облыс құрамасы Астанадағы “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесі аясында өткен ат жарыстарында сәтті өнер көрсетсе, жазғы республикалық “Ақ бидай” ойындарында алтыншы орынға ие болды. Бүгіндері ат спортын дамыту мақсатында аудандарда кәсіби клубтың бөлімшелерін ашу қолға алынған, – деді Құмар Іргебайұлы.

Делебені қоздыратын спорттық шараның шымылдығын көкпар түрді. Екі кезеңнен тұрған кездесуде “Тұлпар” кәсiби клубы мен облыс құрамасының жігіттері тартысқа түсті. Алғашқы салымды қаланың көкпаршысы Еркебұлан Дүйсеков салды. Кездесуде “Тұлпар” командасының көкпаршылары басымдық танытып, айқын жеңіске жетті.

Ұлттық ат спорты маусымының жабылуына арналған сайыстарға бұл жолы 38 шабандоз қатысты. Ауыздықтарымен алысқан сәйгүліктер жорға жарыста, құнан бәйгеде, ұшқыр бәйгеде, желіс аттары жарысында және аламан бәйгеде сынға түсті.

Тағы бір айта кетерлігі, жарыс үзілістері кезінде “теңге ілу”, “жамбы ату”, “қыз қуу” сияқты ұлттық спорт түрлерінен көрсетілімдер ұйымдастырылды. Сайыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы кубоктармен, дипломдармен марапатталды.

Қанат АТАМАНОВ,

 

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Суретті түсірген

 

Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.