“ҚҰЛАГЕР” КӨШ БАСТАДЫ

Солтүстікқазақстандық “Құлагер” хоккей командасы ел біріншілігінің турнир кестесінде бірінші орынға көтерілді. Бұған дейін жерлестеріміз елордалық “Астана” командасымен кездесіп, айқын басымдылықпен жеңіске жеткен болатын. Сырт алаңдағы алғашқы кездесу – 5:0, ал қарымта ойын 5:1 есебімен аяқталды. Бұл ойындарда Виктор Луговской, Денис Стасюк, Алексей Грищенко, Константин Чеботаев, Александр Незнамов, Александр Егоров және Алексей Коптяев команданың жеңісіне өз үлестерін қосты.

Содан кейін жерлестеріміз Петропавлдағы Спорт сарайында Өскеменнің “Алтай Торпедо” командасын қабылдады.

Бірінші кезеңнің 24 секундында торпедолық Никита Меренков есеп ашты. Алайда, қарсыластардың бұл қуанышы көпке созылмады. Екі минуттан кейін құлагерлік Дмитрий Исмагилов таразы басын теңестірді. Содан кейін жерлесіміз Алексей Грищенко командасын алға шығарды. Екінші кезеңде қарсыластарының осал жерін сәтті пайдалана білген Максим Волков пен Дмитрий Исмагилов бес минуттың ішінде “Алтай Торпедоның” қақпа торында екі шайбаны тулатты. Ал үшінші кезеңде Виталий Андрейкив жеңіс шайбасының авторы атанды. Есеп – 5:1.

Екінші күнгі қарымта кездесуде есеп тек екінші кезеңде ашылды. Шабуылын үдеткен жерлестеріміз Денис Стасюк пен Илья Ахметов ерекшеленсе, қонақтар арасында Ернұр Хасенов пен Степан Штефан мергендік танытты. Дегенмен, жеңістің ауылы алыс еместігін түсінген құлагерлік Константин Чеботаев өскемендік қақпашыдан айласын асыра білсе, Виктор Луговской кездесудің соңғы нүктесін қойды. Есеп – 4:2.

Сөйтіп, отыз екі ұпай жинаған жерлестеріміз турнир кестесінде көш бастады.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.