Жарқын жеңістері алда

Жексенбі күні Солтүстік Ирландияның Белфест қаласындағы “SSE Arena” спорт кешенінде солтүстікқазақстандық Жанат Жақиянов пен ирландиялық Райан Барнетт жұдырықтасты. Аса жеңіл салмақта WBA (Super) және IBF чемпиондық белдіктерін сарапқа салған қос былғары қолғап шебері де көпшілікке тартысты жекпе-жек сыйлады.

Шаршы алаңда қолғап түйістірген қарсыластар бұрыннан таныс, спарринг-серіктес болған. 2011-2012 жылдары кәсіпқой бокста әлем чемпионы атағын иеленген британдық Рикки Хаттонның қол астында бірге жаттыққан. Яғни, екеуі бір-бірінің сырын жақсы біледі.

Солтүстік Ирландия боксшысының Отанында өткен жекпе-жекте Жанатқа тек айқын басымдықпен жеңу керек болатын. Осыны ұғынған қызылжарлық боксшы гонгтың үні шыққан бетте қос жұдырығын оңды-солды сермеп, рингті айнала қашқан қарсыласын бұрышқа тықсыра түсті. Әрине, Райан Барнетт те қарап қалған жоқ. Бойы биік, қолдары ұзын ирландиялық Жанатты өзінен барынша алшақ ұстауға тырысты. Ал жерлесіміздің мақсаты өзін алыстан ұрғызбай, тек қарсыласына жақынырақ келіп, соққыларын дарыту еді. Алғашқы екі раундта Жақиянов дәл осылай жұдырықтасып, басымдық танытқандай болды.

Соңғы екі раундта да боксшылар аянбай, соққыны қарша боратты. Десе де, Райан Барнетт көк ала қойдай қылған Жанатқа қарсыласын нокдаунға түсірудің сәті түспей қойды. Кездесу барысында қос боксшы да тең түскендей әсер қалдырды. Бірақ төрешілер жеңісті бірауыздан солтүстікирландиялыққа берді. Есеп – 118:110, 119:109 және 116:112.

Сөйтіп, шаршы алаңда жанқиярлық танытқан, намысшыл Жанат Жақиянов төрешілер шешімімен жеңілістің кермек дәмін татты. Бірақ ұтылды, бар қабілеті мен мүмкіндігі осы деп айта алмаймыз. Жанаттың жарқын жеңістері әлі алда екендігіне сенімдіміз.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.