ФУТБОЛ ЖАНАШЫРЫ

Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы биылғы жылдың қорытындысын шығарып, түрлі аталымдар бойынша үздіктерді анықтады. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңір басшылары арасында нағыз футбол жанашыры атанды. Дәл осындай атаққа Атырау және Қызылорда облыстарының әкімдері де ие болды.

Биылғы жыл “Қызылжар” футбол командасы үшін табысты аяқталғаны белгілі. Тоғыз жыл үзілістен кейін жерлестеріміз еліміздің үздік клубтары сапында Премьер-лигада өнер көрсету құқығына ие болды. Бірінші лигада сынға түскен команда 44 ұпаймен күміс жүлде еншілеп, екі жолдаманың бірін иеленді. “Қызылжарды” қаржыландыру мәселесін оң шешкен облыс әкімі қалаға үлкен футбол қажет екенін, сондықтан әр кез қолдау көрсетілетінін айтып, жанкүйерлерді бір қуантып тастады.

Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы Құмар Ақсақаловтың футболға деген жанашырлығын ғана емес, спорт десе, ішкен асын жерге қояр жанкүйерлік қасиетін де атап өткен екен. Шындығында да, “Қарасай” стадионында “Қызылжар” футбол командасының биылғы чемпионаттағы ойындарын үзбей тамашалаған жанкүйерлер сапында өңір басшысы да жүрді. Жергілікті клуб жеңіске жетсе, жанкүйерлермен бірге қуанып, жеңіліп қалған сәттерде бірге налыды.

Құмар Іргебайұлы жанкүйер ғана емес, өзі де спортпен тұрақты түрде шұғылданады. Жақында ғана басталған түнгі хоккей лигасында өнер көрсететін командалардың бірінің сапында мұз айдынына шығып, қарсыластар қақпасына қос шайба соққанын көпшілік көрді.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

 

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.