ӘУЕСҚОЙЛАР БӘСЕКЕСІ

Тұңғыш Президент күні Петропавлдағы Спорт сарайында әуесқой командалар арасында шайбалы хоккейден облыс кубогы басталды. Осымен төртінші мәрте өткізіліп отырған жарысқа қатысушыларға өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың атынан оның орынбасары Мадияр Қожахмет сәттілік тіледі.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев спортқа әрқашан ерекше көңіл бөледі. Өңірімізде шайбалы хоккей қарқынды дамып келеді. Жыл сайын әр ауданда ашық және жабық хоккей қорапшалары салынуда. Осындай турнирлердің өткізілуі – соның жарқын бір мысалы, – деді Мадияр Дүйсенбайұлы.

Бұдан соң сөз алған “Құлагер” хоккей клубының қақпашысы Андрей Янков өңірімізде кәсіби команданың құрылып, ел біріншілігінде сәтті өнер көрсетуі жалпы спорттың дамуына серпін бергенін айтты.

Бұл жолғы бәсекеде Петропавл қаласы мен аудандардан 10 команда бақ сынайды. Доданың алғашқы ойыны Аққайың және Шал ақын аудандарының құрамалары арасында өтті. Тартысты бәсекенің нәтижесінде аққайыңдықтар қарсыласын 10:3 есебімен тізе бүктірді. Бұдан соң мұз айдынына Айыртау және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың командалары шықты. Кездесудің алғашқы минуттарынан-ақ жақсы ойын үлгісін көрсете білген мүсіреповтіктер айыртаулық хоккейшілерді 14:4 есебімен ойсырата ұтты.

Жарыстың бас төрешісі Александр Нелюбовтің айтуынша, топтық кезеңнен сүрінбей өткен командалар ширек финалға, одан соң келесі жылдың наурыз айында өтетін ақтық сынға жолдама алады.

Бұл күні жасөспірімдер арасында “Алтын шайба” суперкубогы де өтті. Оған облыс орталығының және Аққайың, Ақжар, Есіл, Шал ақын, Қызылжар аудандарынан келген командалар қатысты. Құрамалар 2004 жылдан кейін туған жеткіншектерден жасақталды. Жарыстың нәтижесінде Қазбек Байболов атындағы балалар мен жасөспірімдердің облыстық мамандандырылған спорт мектебінің хоккейшілері жеңімпаз атанды. Ақжарлықтар екінші орынды иеленсе, Есіл аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің командасы үздік үштікті тұйықтады.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.  

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.