АЛМАСТЫҢ АСУЫ

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында “Қазақстандағы 100 жаңа есім” жобасын қолға алуды тапсыра келе: “Мен бүгінгі замандас­тары­мыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр. “Қазақстандағы 100 жаңа есім” жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы. Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады”, – деген болатын. 1 желтоқсан күні бірнеше ай бойы жүргізілген іріктеу мен жалпыхалықтық дауыс беру қорытындысы бойынша үздік деп танылғандар анықталып, олар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті. Олардың қатарында облысымыздан сегіз адам бар. “Жүзден жүйрік” деп танылғандардың бірі – жерлесіміз, Айыртау аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жеңіл атлетика бойынша жаттықтырушысы Алмас Бейсенов. Жуырда Айыртау ауданына барған сапарымызда онымен әңгімелескен едік.

– Алмас Серікұлы, ең алдымен, сізді осынау мерейлі қуанышыңызбен құттықтаймыз. Елбасымызбен кездесуден қандай әсермен оралдыңыз?

– Қазақстанның көшін бастаған кемеңгер тұлғамен жүздесу екінің біріне бұйыра бермейді ғой. Алған әсерімді тілмен жеткізіп айту мүмкін емес. Бұл – менің Мемлекет басшысымен екінші мәрте кездесуім. Бірнеше республикалық, халықаралық спорт додаларының жүлдегері атанған маған 2002 жылы Елбасымен жүздесу бақыты бұйырды. Сол кезде Президентіміздің қолынан Алғыс хат алған едім. Ал бұл жолғы жүздесудің жөні, тіпті, бөлек. Қазақстанның қарыштап дамуына өзіндік үлесін қосқан азаматтардың ортасынан табылуым – мен үшін үлкен мәртебе, абырой.

Алайда, шыны керек, осы атаққа лайықтымын ба, жоқ па, оны өзім де білмеймін. Елімнің, жерімнің нағыз патриотымын. Халқын қадірлейтін, еңбегі мен қабілетін елдің болашағына арнайтын әрбір қазақстандық осы абыройға лайық. Елбасымен кездесіп, Мемлекет басшысының елдің тағдыры, жердің киесі, тәуелсіз Қазақстанды өркендету, оған қосатын жастардың үлесі туралы айтқан пайымды пікірлерін, терең толғаныстарын, келелі әңгімелерін естігеннен кейін өзімнің Қазақстан деген байтақ өлкеде туғаныма, қазақ болып жаратылғаныма қатты қуандым.

Әрбір адам Алла берген қабілеті мен дарынын, мамандығы мен білімін елдің дамуы жолында сарп етсе, біз ұтылмаймыз. Елбасымыз көздеп отырған өркениетті 30 мемлекеттің қатарына қосылуға әрбіріміз жауапты болуымыз керек.

Астанадан ауылыма алып-ұшып оралғаннан кейін өзім қызмет атқаратын мектептің жұмысын одан әрі жандандыруға ден қойдым. Шәкірттерімнің де спортшы болып ғана емес, өз Отанының кемел келешегі үшін жанын беруге әзір азамат болып өсуіне баса назар аудара бастадым.

– “Қазақстандағы 100 жаңа есім” деп аты айтып тұрғандай, бұл тізімге енгендердің денін халық жақын танымайды ғой. Оқырмандарымызға өзіңіз, туған жеріңіз, отбасыңыз туралы аз-кем мәлімет бере кетсеңіз...

– Мен 1986 жылы Айыртау ауданындағы Володаровка ауылында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Жастайымнан спортқа құмар болдым. Бірінші сыныпта оқып жүргенде футболмен айналыса бастадым. Ал алтыншы сыныпта жүгіруден аудандық сайыстарда бағымды сынадым. Сынап қана қоймай, жүлделі бірінші орынды қанжығама байлағаным бар. Менің қабілетімді байқаған жаттықтырушым Виктор Винокуров сол уақыттан бастап бауырына тартып, тәрбиелейді. Арада төрт ай өтпестен, жүгіруден облыс чемпионы атандым. Жарты жылдан кейін 1500 және 3000 метрге жүгіруден Қазақстанның, Орта Азияның чемпионы болдым. Осылайша, спорт менің өмірлік мақсатыма айналды. Мен үшін кез келген адам өз мамандығының шебері болуы үшін талант аздық етеді. Адамға ең бірінші білім керек. Осыны ойлаған мен Алматыдағы әскери колледждің спорт бөліміне, содан кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің спорт факультетіне оқуға түстім.

Алматы армандарды, тың идеяларды жүзеге асыратын қала ғой. Жоғары оқу орнын бітірісімен сол жақта қалуға ниетім болды. Алайда, туған жеріме деген сезімім Саумалкөлге алып келді. Осы уақытқа дейін жеңіл атлетикадан Қазақстанның он сегіз мәрте чемпионы атаныппын. Он шақырымға жүгіруден республикалық жарыстардың жүлдесі де еншіме бұйырды. Облыс әкімінің Алғыс хатымен бірнеше рет марапатталдым. Бүгінде үш ұлдың әкесімін. Олардың да спортпен шұғылданып, Қазақстанның атын әлемге танытуға үлес қосуды армандаймын.

– Бүгінде өзіңіз де шәкірт тәрбиелеп отырсыз...

– Менің ойымша, кез келген мамандық иесінің еңбегі өзінің жеткен жетістігімен емес, өзгенің жеңіске жетуіне қосқан үлесімен есептелуі тиіс. Құдайға шүкір, оқушыларым жақсы жетістіктерімен қуантып жүр. Тоғызқұмалақ, орыс лаптасы, жеңіл атлетикадан асығы алшасынан түсіп жүрген шәкірттерім аз емес.

– Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз...

– Өздеріңіз жақсы білесіздер, Саумалкөл – тұрғындар саны, жер көлемі жағынан да үлкен ауыл. Халықтың көбі саламатты өмір салтын ұстанады. Алдағы уақытта аудан орталығынан сауықтыру орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл орталыққа тек спортқа құштар жастар ғана емес, кез келген жастағы адамдар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар да бас сұқса деген ниетіміз бар. Ұлт саулығы – еліміздің гүлденіп, көркеюінің негізі.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.