ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗ

Еліміз егемендігін алғалы бері спорт саласы қарыштап дамып келеді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған салиқалы саясаттың арқасында әлемдік ареналарда Әнұранымыз шырқалып, көк Туымызды биіктен желбіреткен спортшылардың қатары артты. Жуырда жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары сондай спортшылардың бірі – петропавлдық Данияр Кәленовтің грек-рим күресінен өткен екі бірдей дүбірлі додада жасындай жарқырап, жеңіс тұғырынан көрінгенін жарыса жазған болатын. Еліміздің құрама командасының қоржынына қос алтын салған чемпионмен жүздесіп, оның алдағы мақсаттары жайлы білмек ниетпен әңгімеге тарттық.

– Данияр, жақында Түркіменстан астанасы – Ашхабадта өткен жабық кешендегі Азия ойындарында қарсылас шыдатпағаныңызды білеміз. Одан кейін бірден Алматыға келіп, “Болат Тұрлыханов кубогы” халықаралық жарысында да топ жарған болатынсыз. Осы додалар жайлы тарқатып айтып берсеңіз.

– Мен Тәуелсіз мемлекеттің ұланы болғанымды мақтан тұтамын. Елімізде спортқа ерекше көңіл бөлінгендіктен, байрақты бәсекелер жиі өтіп тұрады. Шетелде бақ сынау жайы да оң шешілген.

Ашхабадқа бармас бұрын белгілі балуан Алмат Кебісбаевтан кейінгі екінші нөмірлі спортшы болып тұрдым. Дегенмен, ол әлем біріншілігіне қатысатын болды да, бапкерлерім мені Азия ойындарына жібереміз деп шешті. Бұдан соң оқу-жаттығу жиындары басталып кетті. Алатау бөктерінде жаттығып, жаз бойы тыңғылықты дайындалдым. Ел үміт артса, барыңды салмай қайтесің? Сөйтіп, көптен күткен жарыстың уақыты да жетті. Бұл бәсекеде төрт кездесу өткіздім. Әуелі, жергілікті балуанмен белдестім. Алғашқы сын болған соң қиынға соқты. Алайда, намысты қолдан бермедім. Одан соң Қытай елінің өкілін уақытынан бұрын жеңдім. Жартылай финалда Өзбекстан құрамасында өнер көрсетіп жүрген қандасымыз Елмұрат Тасмұратовпен кездесіп, есеп менің пайдама шешілді. Спортта бір ғана қателік шүмектеп төккен теріңді құмға сіңген судай қылуы мүмкін. Осыны ескерген мен ақтық сында ирандық балуан Амин Соуридан айламды асырып, чемпион атандым. Ел үмітін ақтадым.

Азия ойындарынан кейін Алматыға ұшып келіп, КСРО-ның еңбек сіңірген бапкері Болат Тұрлыхановты еске алуға арналған халықаралық турнирде бақ сынадым. Бір жарыстан кейін бірден екіншісіне қатысу оңайға түспеді. Алайда, босаңсымай, бес кездесудің бәрінде де сақ күресіп, жеңіске жеттім.

– Жетістік есіл еңбек пен мол тәжірибенің арқасында келетіні белгілі. Сіздің спорттық мансабыңыз қалай басталды?

– Мен Жамбыл ауданындағы Сәбит ауылының тумасымын. Ұлы атам Кәлен кезінде түйе балуан болған. Ол жайлы Сәбит Мұқанов өзінің “Өмір мектебі” кітабында жазыпты. Облыс көлемінде ғана емес, Ресейде өткен жәрмеңкелердің өзінде белдескеннің жауырынын жер иіскеткен. Бастауыш сыныпты тамамдаған соң әкем Рамазан мені облыс орталығындағы спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта оқитын бөлеме ертіп, сонда жіберді. Содан бері грек-рим күресімен айналысып келемін.

Алғашқы жетістігіме 6-сыныпта оқып жүргенде қол жеткіздім – облыс чемпионы болдым. Бұдан соң өңір намысын қорғаудың реті келді. Республикаға шығып, екі жыл өтер-өтпес уақытта жасөспірімдер арасында үздік үштікке кірдім. 10-сыныпта алғаш рет шекара асып, Түркияда бақ сынадым. Бұл бәсекеде ұтылсам да, жеңіске деген құлшынысым қайрала түсті. Содан 2012 жылы жастар арасында өткен Қазақстан чемпионатында – үшінші, 2013 жылы бірінші орынды иелендім. Бұл жылы Тайландта Азия біріншілігіне қатысып, қола жүлдені қанжығама байладым. Өзге елдердің чемпиондарымен сайыста елдің абыройына сызат түсірмеуді ойлайсың. Ақырында сол ой сені жүлдеге жеткізеді. Сондай-ақ, Қызылорда қаласында Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров жүлдесі үшін республикалық турнирде екінші болдым. Осылайша, ересектер арасында өтетін жарыстарға шыға бастадым. 2014 жылы Президент Кубогында 3-орынға жайғасқанымнан кейін 60 килограмм салмақтан 66-ға ауыстым. Бапкердің айтқанын бұлжытпай орындау өте маңызды. Бір жылдан соң Семей қаласында өткен “Болат Тұрлыханов кубогында” үздік үштікті тұйықтадым. 2016 жылы Ресейдің Новокузнецк қаласында КСРО-ның құрметті жаттықтырушысы Вячеслав Олейникті еске алуға арналған бүкілресейлік турнир өтіп, онда жеңімпаз атандым. Әнұран әуелеп, көк байрағымыз тағы бір мәрте биікке көтерілді.

Биылғы жыл мен үшін жемісті болды. Жоғарыда айтып өткен екі доданы қоспағанда, ел біріншілігінде үшінші орын алып, одан кейін Грузияның Тбилиси қаласында өткен Гранпри жарысында чемпион болдым. Шымкент қаласында академик Мардан Сапарбаевты еске алуға арналған халықаралық турнирде екінші орынды иелендім. Аталмыш жеңістерден жігерленіп, отансүйгіштік сезімім еселене түсті.

– Қарсыластарыңыздың арасынан кімді мықты санайсыз?

– Ең ауыр жекпе-жек “Болат Тұрлыхановтың кубогында” кәріс балуаны Рю Хан Сумен болды. Ол әлемнің екі дүркін чемпионы, Азия чемпионаты мен Азия ойындарының жеңімпазы. Ашхабадта белдескен Елмұрат Тасмұратов та жазғы Олимпиада ойындарының үшінші орын иегері, әлем біріншілігінің екі дүркін қола жүлдегері, Азия чемпионатының үш дүркін жеңімпазы. Тасым өрге домалап, осындай атақтары бар балуандарды жеңдім. Бұл – мен үшін абырой.

– Осындай шоқтығы биік бәсекелерде топ жаруыңызға кім себепкер болды?

– Бапкерім Қонысбек Түкенов. Спорттың қыр-сырын, небір айла-тәсілдерін үйреткен осы ағайым. Әр кез қасымнан табылып, ақыл-кеңесін аямай, жеңістің сыры тәртіпке бағынуда, еселі еңбекте екенін ұқтырған оған алғысым шексіз. Бұл кісі де мен оқыған мектеп-интернаттың түлегі, Қазақстанның спорт шебері. Менің байрақты бәсекелерде топ жарып жүруім бапкерімнің еңбегінің нәтижесі деп ойлаймын.

– Өңір намысын ғана емес, бүгінде ел абыройын асқақтатып үлгердіңіз. Осы жетістігіңіз үшін облыс әкімі Құмар Ақсақалов сізге Құрмет грамотасы мен пәтер кілтін табыстаған болатын. Қуанышыңызда шек болмаған шығар?

– Мұндай жоғары құрмет көрсетіліп жатса, кім қуанбай тұрар дейсіз?! Бапкерімнің де еңбегі еленіп, ақшалай сыйақы алды. Бұл марапаттар – маңдай тердің өтеуі. Спорт жанашыры ретінде танылып жүрген өңір басшысы Құмар Іргебайұлына алғысым шексіз. Облыс әкімінің бастамасымен қазір өңірімізде көптеген спорт нысандары бой көтеруде. Өскелең ұрпақтың саламатты өмір салтын ұстануларына барлық жағдай жасалған. Қоғамда осындай игіліктер орын алып жатса, әрбір спортшы тырысып бағады. Сондай-ақ, ақжарма тілегін айтып, қолдап жүретін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналинге де алғысымды білдіремін.

– Кезінде хакім Абай: “Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ, одан басқа нәрсемен оздым дегеннің бәрі де – ақымақшылдық”, – деген екен. Сіз ар-намыс үшін боз кілемнің үстінде жан салып күресетін нағыз ер жігіт екеніңізді дәлелдедіңіз. Ендігі көздегеніңіз қай нысана?

– Қарағанды қаласында өтетін КСРО-ның батыры, ұшқыш Нұркен Әбдіров атындағы халықаралық турнирге қатысамын. Бұл жарыс – Азия чемпионатына іріктеу сынағы. Содан соң Алматы қаласында оқу-жаттығу жиынына жол жүремін.

Грек-рим күресі – еліміздің даңқын аспандатқан спорт десек, артық айтпаймыз. Оның жілігін шағып, майын ішкен спортшылар аз емес. Шәміл Серіков пен Жақсылық Үшкемпіров осы күрес түрінен Олимпиада алтынын жеңіп алған еді. Өздерінің ерекше күресімен әлемді мойындатқан, талантымен таңдай қақтырған осы кісілердің спорттық жолын өнеге санаймын. Атланта Олимпиадасында Юрий Мельниченко жеңіс тұғырына көтерілген болатын. Одан кейін бірнеше дүркін әлем чемпионы Дәулет Тұрлыханов бар. Осы ағаларымыздың жеткен биіктіктеріне шығып, қазағымның абыройын асырсам деген арман бар менде. Бұл үшін әлем біріншілігіне қатысып, 2020 жылы Токиода өтетін жазғы Олимпиадада бақ сынасам деймін. Меніңше, бұл аламанға қатысу – әр спортшының арманы. Ол үшін аянбай еңбек етіп, тер төгу қажет.

– Әңгімеңізге рахмет! Алдағы сынақтарда сәттілік тілейміз!

Әңгімелескен

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.