ӘУЕСҚОЙЛАР БӘСЕКЕСІ АЯҚТАЛДЫ

Петропавлдағы Спорт сарайында түнгі хоккей лигасы аяқталды. Өңірімізде алғаш рет жалауы желбіреген бұл спорттық шарада мемлекеттік қызметшілерден, кәсіпкерлерден және кәсіпорындардың қызметкерлерінен жасақталған тоғыз әуесқой команда бақ сынады.

Соңғы күні мұз айдынына алдымен Қызылжар ауданынан келген “Добрая рать” құрамасы мен жергілікті хоккей клубының жанынан құрылған “Құлагер – 2002” жастар командасы шығып, үшінші орынды сарапқа салды. Таңғалдырғаны, кездесу ересектерге төтеп бере білген жас ойыншылардың жеңісімен аяқталды. Есеп – 3:5. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналинның айтуынша, бұл команда 2018 жылы елімізде өтетін Жастар хоккей лигасында өңір намысын қорғайтын болады. Сондай-ақ, құраманың үздік ойыншылары бірнеше жылдан соң бүгінде дені өзге қалалардың хоккейшілерінен жасақталған “Құлагер” хоккей клубының құрамына өтпек.

Ақтық кездесу “Қызылжар” және “Авангард” командаларының арасында өтті. Мұз айдынына шыққан қос құраманың әуесқой хоккейшілері жеңіске жету үшін аянып қалмады. Дегенмен, бұл жолы авангардтықтардың асығы алшысынан түсіп, қарсыласының қақпасына бес шайба соқты. Нәтижесінде 2:5 есебімен жеңіске жетіп, кубокты қанжығаларына байлады. Жүлдегерлер медальдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Жүлде қоры 600 мың теңгені құрады. Сонымен қатар Станислав Югов, Сергей Остовский, Сергей Яковлев және Дмитрий Сальников сияқты ойыншылар сәйкесінше, “Үздік бомбардир”, “Үздік қақпашы”, “Үздік қорғаушы”, “Үздік шабуылшы” аталымдарында топ жарды.

Анна ПЕНЬКОВА,

облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы.  

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика