ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗ ЕРЛЕДІ

Еліміздегі табиғаты ең әдемі жерлердің бірі болып табылатын Алматы облысында Қазақстан Республикасының IV қысқы спартакиадасы өтуде.

Бәсекелі додада өңір намысын қорғап жүрген солтүстікқазақстандық құрама команда жүлдегерлердің қатарынан көрінуде. Атап айтар болсақ, бүгінге дейін қызылжарлықтар конькимен сырғанау сайысында топ жарса, спорттық бағдарлауда екінші болдық. Жерлестеріміз сноуборд сайысында шығысқазақстандықтарға есе жіберіп, күміс медальға ие болса, шайбалы және допты хоккейде төртінші орынға тұрақтады.

Сондай-ақ, “Almaty Arena” мұз сарайында керлингтен өткен додада да солтүстікқазақстандықтар жүлдегерлердің қатарынан көріне білді. Бұл жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген тоғыз команда қатысты. Бүкіләлемдік керлинг федерациясының ережесіне сәйкес, айналым жүйесі бойынша керлинг додасында қыздар, ұлдар, аралас жұптар, аралас команда болып өзара мықтыны анықтады.

Жарыс қорытындысы бойынша ерлер арасында Алматы құрамасы алтыннан алқа тақса, Жамбыл облысының спортшылары күміспен күптелді. Ал солтүстікқазақстандықтар қола медальды қанағат тұтты. Қыздар арасында Алматы құрамасы бірінші орынға жайғасса, қызылжарлық бұрымдылар екінші орынды иеленді. Ал үздік үштікті Астана командасы түйіндеді.

Сайыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне медальдар мен дипломдар, сондай-ақ, естелік сыйлықтар табысталды.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика