ЖАРҚЫН ЖЕҢІС

Петропавл қаласындағы Спорт сарайында жасөспірімдер арасындағы екінші республикалық қысқы ауыл спорты ойындары өз мәресіне жетті. Төрт жылда бір рет өтетін байрақты додаға еліміздің алты өңірінен келген 250-ге жуық ұл-қыз қатысып, спорттық бағдарлау, шайбалы хоккей, президенттік көпсайыс және конькимен сырғанаудан бақтарын сынады.

Шараның ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізде спортты дамытуға зор көңіл бөліп отырғанын айтып, осыған орай облысымызда бұл бағытта жүзеге асырылып жатқан игі істерді алға тартты.

Ал жарыстың бас төрешісі, Мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Серік Жарасбаев спорттық шараның мақсаты – өңірлерде қысқы спорт түрлерін дамыту, насихаттау, бұқаралық сипат алуына мейілінше ықпал ету екендігін тілге тиек етті.

Үш күнге созылған сайыс барысында жерлестеріміз әр спорт түрінен жеңістің биік тұғырынан көрінуге тырысып бақты. Нәтиже де бапкерлер мен жанкүйерлердің көңілінен шыққаны сөзсіз. Жарыстың қорытындысы бойынша өңір намысын қорғаған солтүстікқазақстандықтар топ жарып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Қостанай облысының өкілдері екінші болса, алматылықтар үздік үштікті түйіндеді.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.