ШЫҢДАЛУ ЖОЛЫ

Францияның Куршевель мен Мерибель қалаларында жастар арасында хоккейден өткен әлем біріншілігінде өнер көрсеткен Қазақстан құрамасы жеңіске жетіп, элиталық дивизионға шықты. Ел құрамасы бірінші дивизионның “А” тобында бес кездесуін жеңіспен аяқтады. Жиырма жасқа дейінгі хоккейшілер сайысқан бәсекелі додада жерлесіміз, бүгіндері өскемендік “Алтай” жастар командасының капитаны Әділ Бекетаев өнер көрсеткен болатын.

2015 жылдан бері өскемендік команда сапында ойнап жүрген Әділ бүгіндері жастар хоккей лигасында өзіндік орнын ойып алған жас хоккейшілердің бірі екені сөзсіз. Осыдан екі жыл бұрын жерлес спортшы ұлттық құраманың қатарында Беларусьтің Минск қаласында шайбалы хоккейден өткен әлем біріншілігінде Қазақстан жастар құрамасының (U-18) қола жүлдегер атануына өзіндік үлесін қосқан болатын. Бұдан бөлек, дарынды жас ресейлік жастар хоккей лигасында да сәтті өнер көрсетті.

Бәсі биік додада сынға түскен жас хоккейшінің айтуынша, әлем біріншілігі барысында қазақстандық құрама команда Германия мен Латвия, Австрия елдерінің өкілдерін 3:2, ал Венгрияны 5:3 есебімен жеңген. Қорытынды ойында мұз айдынында Франция құрама командасымен кездесіп, азулы қарсыластарын 6:1 есебімен ойсырата ұтты.

– Ойындарда жылдамдық, мұзда тез шешім қабылдау жағынан қарсыластардан кем түскен жоқпыз. Әл-қуат жағынан осалдық танытпадық. Сөйтіп, әлем біріншілігін жеңістер сериясынан бастадық. Ақтық ойын да тартысты өтті. Таблодағы есеп 4:1 болған кезде, француздардың бір хоккейшісі ойынның соңына дейін шеттетіліп, бес минуттық айып тағайындалды. Жеңілістің кермек дәмін сезінген қарсыластар ойын соңына қарай ережелерді өрескел бұза бастады. Ал кездесудің аяқталуына бес минут қалған кезде жеңіске жеткенімізді түсіндім, – дейді жас хоккейші.

Соңғы кездесуде Самат Данияр, Александр Мелихов, Никита Назаренко, Муса Гуссейнов мергендік танытса, Никита Назаренко дубль орындады. Ал бір шайба – жерлесіміздің еншісінде. Сөйтіп, 13 ұпайға қол жеткізген ел құрамасы өз тарихында екінші рет әлем біріншілігінің элиталық дивизионына жолдама алды.

Бұған дейін Қазақстанның жастар құрама командасы 2007 жылы әлемнің ең үздік 10 командасының қатарына енгенді. 2008 жылы турнир кестесінде сегізінші орынға тұрақтаған қазақстандықтар, өкінішке қарай, келесі жылғы Оттава қаласында өткен турнирде төрт ойында да жеңіліс тауып, бірінші дивизионға қайта оралуға мәжбүр болған еді.

Жастар арасындағы келесі әлем біріншілігі 2018 жылдың 26 желтоқсанында басталып, 2019 жылдың 5 қаңтарында аяқталады. Канаданың Ванкувер және Виктория қалаларында өтетін бұл жарысқа Қазақстан, Канада, Чехия, Швеция, АҚШ, Ресей, Финляндия, Словакия, Швейцария және Дания елдерінің командалары қатысады.

Бұл жеңістен кейін Әділ Бекетаев Астана қаласында континентальды хоккей лигасы аясында өтіп жатқан “Жұлдызды апта” ойындарында тағы да мұз айдынына шықты. Бұл сайыста жастар хоккей лигасы дәстүрлі “Шығыс” және “Батыс” болып бөлініп, жекпе-жек кубогы жеңімпазын анықтауда.

– Біздің “Шығыс” дивизионы құрама командасының мүшелері сақадай сай дайындалдық. Әр командадан жиналған құрама болсақ та, бір-біріміздің ойын тәсілімізге төселуге тырыстық. Бастысы – жеңіс үшін барымызды салдық. Бірақ жарыстың аты жарыс, 3:7 есебімен ұтылып қалдық. Бірақ бұл соңғы сайысымыз емес. Алда әлі талай бәсеке тұр, – деді кездесу туралы ойымен бөліскен Әділ Бекетаев.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика