ЖАРЫС ЖОЛЫНДА — МҰҒАЛІМДЕР

Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінде спартакиада өтті. Спорттық шараға облыстық колледждер мен “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ-ның “Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты” филиалы кәсіподақ ұйымдарының 130 мүшесінен жасақталған сегіз команда қатысты.

Білім саласы қызметкерлерінің ұлттық спорт ойындарына деген ықыластарын арттыруды, саламатты өмір салтын насихаттауды көздеген спартакиадаға қатысушылар тоғызқұмалақ, шахмат, дартс, волейбол және бес асық, асық ату бойынша сынға түсті.

Тартысты өткен сайыстың қорытындысы бойынша Ж.Қизатов атындағы Есіл ауыл шаруашылығы колледжінің командасы волейбол сайысында үздік деп танылды. Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің спортшылары дартс, шахмат және асық ату ойындарында жеңіске жетті. Ал тоғызқұмалақ пен бес асық жарысында Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің командасының бәсі биік болды.

Жалпыкомандылық есеп бойынша 102 ұпайға қол жеткізген Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің өкілдері спартакиаданың жеңімпазы атанды. Ал екінші, үшінші орындарды 92 және 69 ұпаймен Петропавл құрылыс-экономикалық және Петровка агротехникалық колледждерінің командалары еншіледі.

Жеңімпаз командаға ауыспалы кубок пен ақшалай сыйлық табысталса, жүлдегерлер дипломдармен және медальдармен марапатталды.

Жандос БАЗАРБАЕВ,

облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы комитетінің бас маманы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика