ЖҮРЕККЕ ЖОЛ ТАПҚАН ҚҰЖАТ

Елбасының “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” атты кезекті Қазақстан халқына Жолдауын солтүстікқазақстандық спортсүйер қауым ерекше ықыласпен қабылдады. Бүгіндері Қазақстан әлемнің дамыған отыз елінің қатарына енуді алдына мақсат етіп қойып отыр. Мемлекетіміздің 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясы, “100 нақты қадам” Ұлт жоспары, конституциялық реформалар, “Рухани жаңғыру” бағдарламасы – бізді осы ұлы мұратқа бастап апаратын жол. Бұл бағытта көптеген жұмыстар атқарылып, мемлекеттік жобалар жүзеге асырылуда. Президентіміздің биылғы Жолдауы еліміздің, қоғамымыздың дамуына тың серпін беріп, жаңа кезеңін бастайды. Сан емес, сапаға көңіл бөлу, басқалардың жетістіктерін қайталаумен шектелмей, өзіміз оларға үлгі болу міндеті қойылып отыр. Бұл үшін қалай жұмыс істеуіміз керектігі Жолдаудың он бағытында нақты көрсетілген.

Қазіргі күннің өзінде біздің өңірімізде Елбасы Жолдауындағы бағыттар бойынша біраз іс қолға алынды.

“Адами капитал – жаңғыру негізі” атты жетінші бағытта Елбасы халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуіне және медициналық технологиялардың дамуына байланысты дәрігерлік қызмет көрсетуге деген сұраныс көлемі арта түсетінін, саламатты өмір салтын насихаттау жұмысы өз жалғасын табатынын атап айтқан болатын. “Қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен, аурудың алдын алуға бағытталуға тиіс. Саламатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту керек. Жастардың репродуктивті денсаулығын қорғауға және нығайтуға ерекше назар аудару керек”, – деген жылдың басты құжатындағы сөздің көңілімнен шыққаны сөзсіз.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейінгі Жолдауларында 2020 жылға дейін спортпен айналысатын азаматтар қатарын 30 пайызға жеткізу міндетін қойған болатын. Біздің өңірімізде де бұл бағыттар бойынша жүйелі жұмыс атқарылуда. Бүгінде біз бұл межені еңсеріп, Елбасының тапсырмасын 30,4 пайызға орындадық. Қазір 170 мыңнан астам жерлесіміз бұқаралық спортпен айналысуда.

Соңғы жылдары облысымызда материалдық-техникалық база, кадрлық әлеует әлдеқайда нығайды. Жаңа спорт нысандары көптеп бой көтерсе, қалпына келтірілгендері де жетерлік. Бескөл, Жарқын, Новоишимка ауылдарында көпбейінді дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, жүзу бассейндері тұрғызылса, Жаңажол, Новоникольск ауылдарында, Сергеевка қаласында жаңа үлгідегі спорт ғимараттары пайдалануға берілді. Соңғы екі жылда өңірімізде төрт жүзге жуық хоккей қорапшасы салынды. Ал демеушілердің көмегімен Бескөл ауылында, облыс орталығында гимнастика және олимпиадалық спорт түрлеріне арналған нысандар мен футбол алаңы жаңартылды. Петропавл қаласындағы “Қарасай” мен “Жастар” стадиондарына жаңғырту жұмыстары жүргізілді.

Өткен жылы 312 мың адамды қамтыған 1370 спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Олардың ішінен халықтық спорт ойындарының аясында өткен кешенді спартакиада, облыстық денсаулық күні, “Алтын шайба”, “Қызылжар барысы” облыстық турнирлері, кекушинкай каратэ мен кикбокстан облыс біріншілігі, еңбек ұжымдары арасындағы жазғы спартакиада, Олимпиада чемпионы Александр Винокуровтың жүлдесі жолындағы велокөпкүндік, жеңіл атлетикадан “Спешиал Олимпикс” республикалық жарысы, кикбокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, Азия чемпионы Азамат Нұрпейісовті еске алуға арналған “Қызылжар” республикалық турнирі, жасөспірімдер арасындағы қысқы ауыл ойындары және тағы басқа жарыстарды атап айтуға болады. Бұл додаларда жерлестеріміз үздіктердің қатарынан табылып, бапкерлері мен жанкүйерлерінің үмітін ақтай білді.

Спорт саңлақтары өз шеберліктерін шыңдауды жергілікті жерде бастаған. Спорт үйірмесіне келген жас баланы кілең үздіктер сайысында бәсекелестік таныта алатын деңгейге жеткізу үшін көп жағдай жасау қажеттігі белгілі. Бүгінде біз бұл жағынан да осал емеспіз. Жалпы бүгінде облысымызда Спорт сарайы, 27 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, спортқа дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернат, 8 спорт клубы, 2 жоғары спорт шеберлігі мектебі, олимпиадалық резервті даярлау орталығы, 23 аула клубы 11 мыңнан астам жасөспірімге тәлім-тәрбие беруде. Ал өңіріміздегі спорт ғимараттарының жалпы саны 2816-ға жетті.

Бүгіндері жылдың басты құжатында қойылған міндеттерді жүзеге асырудың нақты жоспары дайындалып, ол міндеттерді тиянақты орындау үшін бір адамдай атсалысуымыз қажет. Елбасы Жолдауын өңірімізде жүзеге асыруға мол мүмкіндік бар және солтүстікқазақстандық спортшылардың елдің өркендеуі үшін барлық игілікті жұмыстарды атқаруға жауапкершілікпен өз үлестерін қосатынына сенімдімін.

Руслан ЕСЕНАЛИН,

облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.