БАЙРАҚ СЕНІМДІ ҚОЛДА

Үстіміздегі жылдың 9-18 наурыз күндері аралығында Оңтүстік Кореяның Пхёнчхан қаласында өтетін XII қысқы паралимпиада ойындарында ел байрағын ұстау құрметі жерлесіміз, шаңғышы Қайрат Қанафиннің еншісіне бұйырды. Бұл туралы Алматыдағы “Алатау” шаңғы-биатлон кешенінде төртжылдықтың басты бәсекесінде ел намысын қорғайтын Қазақстан паралимпиада құрамасын салтанатты түрде шығарып салу рәсімінде белгілі болды.

Әлемнің әр қиырынан келген 700-ге жуық спортшы бақ сынайтын паралимпиада ойындарында еліміздің атынан алты спортшы өнер көрсететін болса, олардың үшеуі – солтүстікқазақстандық. Олардың сапында шаңғы жарысы мен биатлон бойынша бақ сынайтын жерлестеріміз Қайрат Қанафин, Александр Герлиц және Сергей Усольцев бар, сондай-ақ, шаңғымен сырғанаушылар Денис Петренко, Александр Колядин, Жаңыл Балтабаева да жолдама жеңіп алған.

Шығарып салу рәсімінде төрт жыл бұрын Ұлыбританияның Лондон қаласында өткен жазғы паралимпиада ойындарының жеңімпазы Зульфия Ғабидуллина спортшыларға табыс тілеп, ел туын Қайрат Қанафинге тапсырды.

Естеріңізде болса, Ресейдің Сочи қаласында өткен қысқы паралимпиада ойындарында Қайрат Қанафин спринтте 13-ші, он шақырымдық жарыста 17-ші орынға тұрақтаған. Ал Александр Колядин жиырма шақырымдық жарыста 13-ші, спринт бойынша 33-ші орыннан көрінсе, Жаңыл Балтабаева бес шақырымдық жарыс жолында 23-ші орынға тұрақтаған еді. Ол кезде жіберген олқылықтың орнын толтырамыз деген паралимпиадашылар, жарыста ел намысын қолдан бермейтіндерін айтты.

– Бізге сенім артып отырған отандастарымыздың, жаттықтырушыларымыздың үмітін ақтау үшін аянбаймыз. Жарысқа тыңғылықты дайындалдық. Паралимпиада ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан байрағын алып шығатыныма қуаныштымын. Бұл – маған артылған үлкен жауапкершілік. Бәрі жаттығудағыдай, сәтімен болады деп үміттенемін, – деді Қайрат Қанафин.

Спортшылар тау шаңғы спорты, биатлон, шаңғы жарыстары, хоккей-следж, сноуборд және арбадағы керлинг спортынан сайысатын биылғы паралимпиада ойындарында барлығы 80 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Бәсі биік додада жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанып, алтын медаль алған еліміздің спортшыларына – 250 мың, күміс жүлдегерге – 150 мың, қола медальға қол жеткізгендерге 75 мың АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйақы берілмек. Оған қоса паралимпиада ойындарында 4-орын алған спортшыға – 30 мың, 5-орынға – 10 мың, 6-орынға 5 мың АҚШ доллары көлемінде қомақты сыйақы табысталатын болады.

Петропавл қаласындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған “Үміт” спорт клубының директоры Вячеслав Латышев солтүстікқазақстандық спортшылардың дайындығы жоғары екенін жеткізді. Олар төрт жыл бойы республикалық және халықаралық сайыстарда шыңдалып, оқу-жаттығу жиындарына қатысты. Жыл басынан бері паралимпиадашыларымыз Финляндия мен Германия елдерінде өткен халықаралық сайыстарда бақтарын сынады.

– Паралимпиадашылардың тең жартысы солтүстікқазақстандық спортшылар болуы мен үшін зор қуаныш. Мұның өзі көп нәрсені аңғартады. Осы орайда дарынды жаттықтырушылар Иван және Мария Дробязколардың, клуб мүшелерін спорттың он түрімен жаттықтырып жүрген басқа да бапкерлердің еңбегін атап айтуға болады. Жерлестеріміздің үздіктер қатарынан көрінуіне тілектеспін, – дейді Вячеслав Латышев.

Талғар қаласындағы оқу-жаттығу жиындары аяқталысымен қазақстандық құрама команда дүйсенбі, 5 наурыз күні Пхёнчхан қаласына жолға шығады.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика