ЖАС ПАЛУАНДАР БЕЛДЕСТІ

Петропавл қаласындағы спортқа дарынды балаларға мамандандырылған облыстық мектеп-интернатта жырау, күйші, батыр һәм қолбасшы Қожаберген жырау Толыбайұлының 355 жылдық мерейтойына орай қазақ күресінен республикалық турнир өтті.

Жарыстың ашылу салтанатында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин сөз алып, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізде спортты дамытуға зор көңіл бөліп отырғанын айтып, соған орай облысымызда бұл бағытта жүзеге асырылып жатқан игі істерді алға тартып, қаһарман бабамыздың атындағы додаға қатысушыларға жеңіс тіледі. Содан кейін қазақ күресінен облыстық федерацияның президенті Ербол Құмарбекұлы, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, грек-рим күресінен КСРО-ның құрметті спорт шебері Жамбыл Тасеменов ел тарихында аты қалған жыраудың есімін құрмет тұту бүгінгі ұрпақтың парызы екенін айтып, жас балуандардың қазақ күресінің дамуына өзіндік үлестерін қосатындарына сенім білдірді. Аталмыш сайысты өткізуге атсалысқан Петропавл қаласындағы Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің директоры Сайран Мұстафина спорт басқармасының Алғыс хатымен марапатталды.

Батыр бабамыздың есімін ұлықтауды мақсат еткен жарысқа бұл жолы жүз елуге жуық жасөспірім балуан жиналды. Өңіріміздің Жамбыл, Есіл, Шал ақын, Уәлиханов, Аққайың, Мағжан Жұмабаев, Тимирязев, Мамлют, Қызылжар, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарынан, облыс орталығындағы спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттан, “Күрес” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінен, Ұлттық спорт мектебінен, Ақмола, Павлодар, Қостанай облыстарынан және Астана, Ақтөбе қалаларынан келген үміткерлер күш сынасты.

Екі күнге созылған сайыстың қорытындысы бойынша Нариман Бекімов (29 кг., күрес мектебі), Әлихан Еркінұлы (32 кг., күрес мектебі), Кенесары Тұрсынбеков (35 кг., Қостанай қ.), Дмитрий Динер (38 кг., интернат), Сұлтанбейбарыс Бірімжанов (42 кг., Ұлттық спорт мектебі), Ілияс Ыбыраев (46 кг., Көкшетау қ.), Алдияр Қибаш (50 кг., Павлодар қ.), Аян Төсекбай (55 кг., интернат), Жанат Бахытжан (60 кг., Астана қ.), Рамазан Қуандықов (64 кг., Көкшетау қ.), Әділ Қалисенов (72 кг., Қостанай қ.), Еламан Сәкенов (81 кг., Ұлттық спорт мектебі), Алдияр Ірбосынов (81+ кг., Қостанай қ.) үздік деп танылды.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика