ФУТБОЛ АЛАМАНЫ БАСТАЛДЫ

Футболдан Қазақстан біріншілігінің кезекті маусымы бастау алып, алғашқы тур ойындары өтті.

Солтүстікқазақстандық “Қызылжар” футбол клубы Премьерлигадағы алғашқы ойынын былтырғы біріншілікте күміс жүлдегер атанған алматылық “Қайрат” футбол командасымен өткізді.

Ойын басталмай тұрып-ақ “Қайрат” командасының басшылығы жанкүйерлерін таңғалдырды. Команданың бас бапкері Карлос Алос бірінші таймда алаңға негізгі құрамның бірнеше ойыншысын шығарған жоқ. “Барселонаның” бұрынғы ойыншысы Исаэль, Григорий Жуков пен ресейлік легионер Андрей Аршавин де матчқа бірінші минуттан қосылған жоқ.

Бірінші таймның басында алаң иелері бірнеше өткір шабуыл ұйымдастырғанымен, есепті қонақтар ашты. Ойынның 26-шы минутында “Қызылжар” футбол командасының шабуылшысы Братислав Пуношевач алғашқы добын соғып, командасын алға шығарды. Ал “Қайрат” үзіліске дейін таразы басын теңестіре алмады.

Екінші таймда Карлос Алос екі ойыншысын алмастырды. Сөйтіп, “Қайрат” қыспаққа ала түсті. Жерлестеріміздің ойынның 80-ші минутына дейін қақпасына доп соқтырмауының өзі ерлікке пара-пар. Мықтының аты мықты. Айып соққысын сәтті орындаған Исаэль есепті теңестірді. Ал матчтың аяқталуына үш минут қалғанда Андрей Аршавин жеңіс добын соқты. Есеп – 2:1.

Бірінші турдың өзге кездесулерінде Талдықорғанда жергілікті “Жетісу” Қостанайдың “Тобылын” қабылдап, 0:1 есебімен жеңіліс тапты. Шымкенттік “Ордабасы” Қарағандының “Шахтерімен” күш сынасып, 2:1 есебімен жеңіске жетті. “Қайсар” өз алаңында “Ақтөбемен” ойнап, кілең қазақстандық ойыншылардан жасақталған командадан ұтылып қалды. Есеп – 0:1. “Ертіс” командасы “Атыраудан” 2:1 есебімен басым түсті. Айтпақшы, осы матчта есеп ашқан Павел Шабалин биылғы біріншіліктің алғашқы голын соққан ойыншы ретінде тіркелді. Еліміздің бірнеше дүркін чемпионы “Астана” Оралдың “Ақжайығын” қабылдады. Алаң иелері 3:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, бұл турда тең нәтиже тіркелген жоқ.

17 наурызда өтетін екінші тур ойындарында “Тобыл” – “Шахтер”, “Ордабасы” – “Қызылжар”, “Қайрат” – “Атырау”, “Ертіс” – “Ақтөбе”, “Қайсар” – “Ақжайық”, “Жетісу” – “Астана” командалары кездеседі.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика