ЕРЛІКПЕН ТЕҢ

Оңтүстік Кореяның Пхёнчхан қаласында өткен 12-інші қысқы паралимпиада ойындарында ел абыройын асқақтатып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген спортшылар елге оралды. Оларды арнайы қабылдаған облыс әкімі Құмар Ақсақалов байрақты бәсекеде биіктерден көрінген жерлестерімізге ақшалай сертификаттар табыс етті.

Халықаралық додаға қатысқан 49 мемлекеттің ішінде Қазақстан командасы жалпы есепте 20-сыншы орынға табан тіреді. Қостанайлық шаңғышы Александр Колядин алтыннан алқа тақса, жерлесіміз Александр Герлиц жүлдеге бір саты жетпей, төртінші орын еншіледі. Ел намысын қорғаған алты спортшының үшеуі – солтүстікқазақстандықтар. Мүмкіндіктері шектеулі болса да, алға қойған мақсаты биік азаматтардың бүгінгі қол жеткізген жетістіктері баршаға үлгі екенін айтқан өңір басшысы Құмар Ақсақалов:

– Рухы биік, білімі жоғары, бәсекеге қабілетті ұрпақ елімізді әлемге танытады. Бұл ретте отандық спортшыларға қойылатын міндет те ерекше. Ел спортшылары талай әлемдік ареналарда Қазақстанның атын шығарып, көк туымызды биікке әуелетіп жүр. Корея жерінде өткен қысқы ойындардағы ел спортшыларының жетістігі – ерлікпен парапар еңбектің нәтижесі, – деді.

Өңірімізде мүгедектер спортын дамыту мақсатында 2012 жылы Ақмола облысынан биатлон және шаңғы жарысы бойынша жоғары санаттағы жаттықтырушылар, спорт шеберлері Мария және Иван Дробязколар шақырылған болатын. Кәсіби жаттықтырушылардың маңдай тері, табанды еңбегі өз нәтижесін беруде. Биатлон және шаңғы жарысынан халықаралық дәрежедегі спорт шеберінің нормативін орындап, жақсы көрсеткішке қол жеткізген Александр Герлицке облыс әкімі Құрмет грамотасы мен 1 миллион теңгенің сертификатын табыстады. Өзге спортшылар Құрмет грамоталары және 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықпен марапатталса, қос жаттықтырушы өңір басшысының Алғыс хатына және қаржылай сыйлыққа ие болды.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика