ЖАБЫҚ ФУТБОЛ МАНЕЖІ АШЫЛДЫ

Петропавлдағы “Жастар” стадионында жабық футбол манежі пайдалануға берілді. Биыл құрылғанына 50 жыл толып отырған “Қызылжар” клубының футболшылары енді жалпы аумағы екі мың шаршы метрлік манежде жыл он екі ай жаттыға алады. Бүгінде футболдан Қазақстан біріншілігінің Премьер-лигасында өнер көрсетіп жүрген жерлестерімізге ауадай қажет болған нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысты.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев саламатты өмір салтын ұстануға ерекше көңіл бөліп отыр. Бұл ретте спорт инфрақұрылымын дамытудың маңызы зор. Біз бұл спорт нысанын “Қызылжар” клубының футболшылары үшін арнайы тұрғыздық. Өткен екі ойын командамыздың әлеуеті зор екенін көрсетті. Жанкүйерлер жергілікті клубқа сенім артады. Бұл манежде өскелең ұрпақ – жас футболшыларымыз да жаттығатын болады, – деді жергілікті аяқдоп шеберлерін құттықтаған Құмар Іргебайұлы.

“Қызылжар” футбол командасының капитаны Әли Әлиев өңір басшысына көрсетілген қолдау үшін алғыс білдіріп, мерейтойлық жалауша мен клубтың бөкебайын сыйлады.

Футбол орталығының жетекшісі Вячеслав Колоданың айтуынша, халықаралық талаптарға сай салынған нысанда “Қызылжар” клубының спортшыларымен қатар орталықтың 2004-2010 жылдары туған 200 тәрбиеленушісі жаттығатын болады. Олардың шеберлігін 14 бапкер шыңдайды.

Айта кеткен жөн, өткен жылы жазда облыс орталығында жалпы білім беретін мектептер мен көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында жасанды жамылғысы бар 9 жаңа шағын футбол алаңы іске қосылған болатын.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика