ЖАҢА КЕШЕН

Ұлыстың ұлы күні Уәлиханов ауданының тұрғындары үшін қуанышқа толы болды. Аудан орталығында көптен күткен дене шынықтыру-сауықтыру орталығы ашылып, шағын футболдан отбасылық командалар арасында жарыс ұйымдастырылды.

Уәлиханов ауданында саламатты өмір салтын ұстанатындар үшін барлығы 146 спорттық нысан жұмыс істейді. Алайда, олардың дені өткен ғасырда салынған, бірқатары ескірген. Заманауи талаптарға сай келетін жаңа спорт кешенінің құрылысы өткен жылы басталыпты. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Медет Оспанов уәлихановтықтардың 30 пайызы спортпен шұғылданатынын, ал жеткіншектер үшін 33 үйірме ашылғанын хабарлады. Спорт кешенінің жалпы алаңы – 1500 шаршы метр. Оның құрылысына облыс қазынасынан 183 миллион теңге бөлінген.

Аталмыш ауданның тумасы, бүгінде Алматыда тұратын кәсіпкер Виктор Вовк жерлестеріне үнемі қамқорлық көрсетіп тұрады. Футбол алаңын салып, спорт нысандарын жөндеуге қолғабыс етіп, түрлі керек-жарақтар сатып әперген. Ақпан айында құны 2 миллион теңге тұратын хоккей жабдығын алып беріпті. Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуына арнайы келген кәсіпкер жиналғандарды спортпен шұғылдануға шақырды.

Уәлихановтықтарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтаған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан 400 мың теңгенің сертификатын және боксқа арналған ринг тарту етті.

Уәлиханов ауданының тұрғындары спортқа жақын екені отбасылық футболдан өткен жарыста анық аңғарылды. Белгілі журналист Несіп Жүнісбайұлының бастамасымен жылда өтетін “Бір атаның балалары футбол ойнайды” турниріне соңғы жылдары үздіксіз қатысып жүрген Сұлтанов, Ахметов пен Байғазы отбасылары аламан алдында дайындықтарын пысықтап алуды ұйғарғандай. Аудандық турнирді белгілі атбегі, көкпаршы, спорт шебері Рамазан Мақатов өткізіп, жарысқа әулетімен бірге қатысты.

Аудан әкімі Медет Оспанов футболшыларға сәттілік тіледі. Шағын футбол додасында үшінші орынға Тайынша ауданының намысын қорғаған Байғазы командасы иеленсе, Уәлиханов ауданынан Сұлтанов әулеті екінші болды, ал Ахметовтер бас жүлдені жеңіп алды.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика