КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ КЕШЕН

Кішкенекөл ауылында екі қабатты спорт кешенінің ашылатынын алғаш естігенде аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Бектай Сұлтанғазыұлы сенер-сенбесін білмей, бір түрлі сезімді басынан өткерген екен. Бұл мектеп жас дарындарды шынықтырып, шыңдау жолында қандай ғана қиындықтарды еңсеріп, қанша рет жайлы жер іздеп, қоныс өзгертпеді?!

Бектай аға жаңа нысан салына бастаған уақыттан бастап құрылыс барысын қадағалап жүрді. “Нысан қыс басталмай пайдалануға берілгенін іштей тіледім. Қыс мезгілінде ғимараттың жылы да жайлы болатынына көз жеткізгім келді”, – дейді Бектай Сұлтанғазыұлы. Бір жыл бойы спорт жанашырының “жіті қадағалауымен” бой көтерген дене шынықтыру-сауықтыру кешені наурыз айында пайдалануға берілді. Сол күннен бастап балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің иелігіне өткен нысанды ауданның спортсүйер қауымы бір босатқан емес.

– Олай болуы заңды да. Аудан жұртшылығының 30 пайызы спортпен шұғылданады. Жалпы аудан бойынша 100-ден астам спорт нысаны жұмыс істегенімен, олардың дені өткен ғасырда салынған. Жаңа кешен спортшыларымыздың тынысын аша түсті, – дейді мектеп директоры.

1500 шаршы метрді алып тұрған жаңа кешеннің іші-сыртында мін жоқ. Екі қабатты нысанда еркін және қазақ күрестері, футбол, жеңіл атлетика, шаңғы, бокс, жекпе-жек, хоккей сияқты спорт түрлерімен шұғылдануға қажетті барлық жағдайлар жасалған. Қыркүйекте волейбол мен баскетбол секциялары да ашылмақ. Тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы ойындарына арналған жеке бөлме бар.

Нысан облыс қазынасынан бөлінген 183 миллион теңгеге салынған. Оның ашылу салтанатына қатысқан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан 400 мың теңгенің сертификатын және боксқа арналған рингті тарту еткен.

Бектай аға саламатты өмір салтын қолдап, ел болашағының саулығына алаңдайтын азаматтар тұрғанда, спорт саласы кенже қалмайтынын айтады. Жастарға футбол алаңын салып, спорт нысандарын жөндеуге қолғабыс етіп, жерлестеріне үнемі қамқорлық көрсетіп тұратын кәсіпкер Виктор Вовк жаңа нысан ашылғанда Алматыдан туған ауылына келіп кеткен екен. Бұл жолы спорт кешенінің байғазысы ретінде құны 2 миллион теңге тұратын хоккей жабдығын тарту етіпті. Ал Абай Бисенбин есімді ауыл азаматы жазда аудан орталығына бассейн салып, жастар клубын ашуды жоспарлап отыр.

– Бұл кешеннен отандық спорттың жаңа жұлдыздары шығатын болады. Бойындағы бар күш-жігерін елінің абыройын асқақтатуға жұмсайтын білекті спортшыларымыз биік шыңдарды бағындыруда. Республикалық, халықаралық жарыстарда жүлделі орындар алып, ел құрамаларында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп жүрген талантты да талапты жастарымыз баршылық. Жаттықтырушылар – өзімнің шәкірттерім. Олардың да талмай, тынбай шынықтырып, үлкен додаларға баптап отырған үкілі үміттері бар, – дейді бас бапкер.

Кешен ішіндегі мұражайда аудан спортшылары әр жылдары жеңіп алған кубоктар мен дипломдар самсап тұр. Әрқайсысына көз тоқтатып қарап шыққан Бектай аға: “Осы қыз-жігіттердей кезінде мен де жанып тұрған жас болатынмын. Алматыда білім алып, олимпиадалық резерв мектебінде оқыдым. Кеңес одағындағы ауыл спортшыларының жарысында жүлделі орынға ие болып, 20 жасымда спорт шебері атандым. Келесі жылы шешемнің көзінің нұры кетіп, 1981 жылы туған ауылыма қайтуға тура келді”, – деді. Өкінішпен айтқан жоқ, сөздерінен анасына, жалындаған жастық шаққа деген сағыныш табы сезілді. Олимп шыңын бағындыру мүмкіндігінен бас тартып, ана алдындағы перзенттік парызын өтеген Бектай аға бұл шешіміне бір сәт өкінбепті. Қырық жылға жуық уақыт бойы шәкірт тәрбиелеген ұстаз үшін олардың әр жетістігіне қуанудан, кешегі өрімдей жастардың ізін жалғастырып, солармен бірге қаймағы бұзылмаған қазақы ауданның жастарын спорт шыңына шығарудан асқан бақыт бар ма?!

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика