Александр ВИНОКУРОВ: “АСТАНА” ӘЛЕМНІҢ ЕҢ ҮЗДІК ВЕЛОКОМАНДАСЫ РЕТІНДЕ МОЙЫНДАЛДЫ”

“Астана” Президенттік кәсіпқой спорт клубының құрамындағы “Астана” велокомандасының өкілі Михаэль Вальгрен биылғы сәуір айында Нидерландыда өткен “Амстел Голд Рэйс” біркүндігінің жеңімпазы атанып, еліміздің велоспорт жанкүйерлерін бір серпілтіп тастады. Осындай айтулы жеңістен соң команданың бас менеджері, Лондон Олимпиадасының чемпионы Александр Винокуровпен әңгімелесіп, команда үшін сәтті басталған маусым туралы пікірін білген едік.

– Əңгімемізді бірден даниялық велошабандоз Михаэль Вальгреннің жеңісінен бастасақ.

– “Амстел Голд Рэйс” біркүндігі өте жоғары деңгейде өтті. Себебі, оған əлемнің ең үздік деген велоспортшылары қатысты. Біздің бұл жеңісіміз”Астананың” əлем велоспортындағы алатын орны ерекше жəне деңгейінің жоғары екендігін тағы бір мəрте дəлелдеді.

Бұл турнирде біздің команда сауатты тактика құрып, спортшылардың күш-қуатын 100 пайыз дұрыс пайдалана алды. “Амстел Голд Рэйс” біркүндігі жанкүйерлердің есінде ұзақ сақталмақ.

– Велоспорт жанкүйерлерінің есінде болу керек, сіз де осыдан 15 жыл бұрын Арденн классикасының жеңімпазы болған едіңіз. Сол кездегі əсеріңіз, қуанышыңыз есіңізде ме?

– Қарап отырсам, бұл жеңісіме де 15 жыл өтіп кетіпті. Тіпті, арада мұнша уақыт өткеніне де сенгің келмейді екен. Əрине, спортшы болған соң əрбір жеңісті естен шығару мүмкін емес. Бұл жеңісті күні кеше сияқты есіме аламын. Жалпы, велоспорт əлемі осындай ірі жеңістерді ұмытпайтыны мені қатты қуантады. Михаэль Вальгрен біркүндік жарысқа шығар алдында əріптестерім маған қоңырау шалып, сол кезеңдегі суреттерді жіберіп, жеңісімді есіме салып жатты. Уақыт бір орында тұрмай, зулап өтіп жатқанын да байқамай қалады екенбіз. Міне, бүгін біздің көз алдымызда велоспорттың жаңа бір буыны өсіп келеді. Төрт айдың ішінде командамыз осымен оныншы жеңісіне қол жеткізіп отыр. Бұйырса, алдағы уақытта да еліміздің көк туын биікке көтеріп, кəсіпқой спортта жанкүйерлерімізді жеңіспен қуанта береміз деген ойдамын.

– “Астана” велокомандасы үшін маусым қалай басталды? Қазақстандық велошабандоздардың нəтижелері көңіл көншіте ме жəне олардың болашағына қандай баға бересіз?

– Біз үшін маусым өте сəтті басталды. Қаңтар айындағы дайындық жиындарында жақсы жұмыс істедік. Нəтиже де көп күттірген жоқ. Бұл команданың, бапкерлер штабының, спорт директорларының, спортшылардың нəтижелі еңбегінің жемісі деп айтар едім. Осыдан екі ай бұрын Қазақстан велоспорт мектебінің түлегі Алексей Луценконың “Оман Турындағы” жеңісін тойлаған едік. Қазіргі таңда жоғары деңгейдегі жарыстарға елімізде туып-өскен спортшыларымыз қатысып келеді. Таяуда ғана Руслан Тілеубаев Малайзиядағы жарыста өзін жақсы қырынан көрсетті. Командаға жаңадан қосылған Евгений Гидич те Малайзиядағы бəсекені Азияның үздік велоспортшысы киетін жейдемен аяқтады. Алексей Луценко мен Андрей Зейц қазір “Джиро д'Италия” Гранд-турында ел намысын қорғауға дайындалып жатыр.

Командамыз Президентіміздің тікелей бастамасымен жасақталғанын барлық жанкүйер біледі ғой. Сондықтан бізге мемлекет тарапынан да, жанкүйерлер тарапынан да үлкен жауапкершілік жүктеледі. Қазіргі таңда əлемдік беделді пелотонда өздерін жақсы қырынан көрсетіп, елге медаль сыйлап жүрген он шақты қазақстандық кəсіпқой велоспортшымыз бар. Сонымен қатар фармкомандаларда жаңа буын өкілдері де тынымсыз жаттығып жүр. Елімізде əуесқойлар арасындағы велоспорттың ерекше қарқынмен дамып келе жатқаны, əрине, қуанарлық жайт. Осының бəрі – тұтас механизмнің жемісі. Командамыздың əлемдік деңгейдегі жетістіктері – “Астана” Президенттік кəсіпқой спорт клубының, велоспорт федерациясының, Ұлттық Олимпиада комитетінің қажырлы еңбегінің арқасы.

– Жанкүйерлеріміз “Астана” велоспорт клубында шетелдік легионерлер өте көп деп жиі сынап жатады. Бұл туралы не айтасыз?

– Велошабандоздарды командаға ұлтына емес, спорттық қасиеттеріне, қабілеттеріне қарап таңдап аламыз. Мысалы, олар – спринтерлер, таулы кезеңнің спортшылары, классиктер жəне тағы басқалар болып бөлінеді. Біздің командамызда жыл сайын он қазақстандық велошабандоз жарыстарға тұрақты түрде қатысады.

Салыстыру үшін айта кетейін, осы маусымда британиялық “Sky” командасында тек сегіз британиялық велошабандоз бар. Бұл команда бір кездері Лондондағы Олимпиада ойындарының алдында жаттығу базасы ретінде құрылған болатын. Бельгияның “Quickstep” велоклубында жергілікті жеті спортшы болса, Біріккен Араб Əмірліктерінің “Emirates” командасы сапында әмірліктердің бір ғана спортшысы бар. Бахрейн елінің велоклубында бірде-бір бахрейндік велошабандоз жоқ. Тіпті, толық испаниялық команда саналатын “Movistar” сапында 14 испан велошабандозы ғана бар. Бұл кəсіпқой спорт əлемінде қалыптасқан жағдай. Элиталық пелотонға тек ең мықтылар түседі. Өйткені, бəсекелестік болмаса, спортшылар арасында өсу, нəтиже болмайды. Қазақстандық шабандоздар мұны өте жақсы біледі. Сондай-ақ, олар сол деңгейге сəйкес болу үшін əрдайым талпынады. Ал біз өз кезегімізде велошабандоздарымызбен тұрақты жұмыс істеп, олардың спортшы ретінде өсуі үшін барлық мүмкіндікті жасаймыз. Сондай-ақ, олар үшін ең қолайлы жарысты таңдап беруге тырысамыз. Сондықтан кəсіби даму нəтиженің кепілі болмақ. “Астана” командасының жарқын жеңістерінен кейін бүкіл əлем Қазақстанның велоспорт мектебін тани бастады. Сондықтан велоспорт жанкүйерлері мен шетелдік мамандар “Астананы” əлемдегі ең үздік велокоманданың бірі деп мойындайды.

– Əңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен

Әли БИТӨРЕ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика