Мұхит ТҰРСЫНОВ: “ҚЫЗЫЛЖАРДЫҢ НАМЫСЫН ҚОРҒАЙМЫН”

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен өткізілетін “Қазақстан барысы” турнирінде топ жарған балуандар спортсүйер қауым арасында ерекше құрметке ие. Жуырда өңірімізге келіп, жергілікті балуандармен бірге оқу-жаттығу жиындарына қатысып жүрген “Қазақстан барысы – 2014” турнирінің жеңімпазы Мұхит Тұрсыновпен кездесудің сәті түсіп, есімі елге белгілі балуанды әңгімеге тартқан едік.

– Мұхит Шыңғысбекұлы, “Қазақстан барысы” турнирінде топ жарып, дүйім жұртты қуанышқа бөлеген елімізге аты танымал балуандардың бірісіз. Оқырмандарымызды бірінші кезекте Шығыс Қазақстан облысының тумасы Мағжан елінде қандай мақсатпен жүр деген сауал мазалары сөзсіз. Алдымен осыған жауап берсеңіз.

– Мұның еш құпиясы жоқ. Өзіңіз білесіз, қамқорлық пен қолдау жасаған жерде көп істің берекесі болары белгілі. Қазір елімізде қазақ күресіне деген көзқарас ерекше. Соңғы жылдары ұлттық күресімізге арналған спорт үйірмелері біртіндеп көбейсе, енді олардың қатарын жер-жерде ашылып жатқан спорттық клубтар толықтыруда. Мәселен, жыл басынан бері Шымкент және Алматы қалаларында қазақ күресінен спорт клубтары ашылды. Мұның барлығы – қазақ күресіне көзқарастың жақсара түскенінің бір айғағы.

Қазақ күресінің жетістіктерге жете түсуіне себепкер болатын осындай спорт клубын алдағы уақытта Петропавл қаласында да ашу жоспарлануда. Осыған орай, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин, қазақ күресінен облыстық федерациясының президенті Ербол Құмарбекұлы, спорт ардагері Бауыржан Құлжанов және тағы басқа бір топ азамат бізбен хабарласып, қызылжарлық балуандармен тәжірибеңмен бөліс, өңірдегі қазақ күресінің дамуына үлесіңді қос деген өтініштерін жеткізді. Біз ақылдаса келіп, бұл ұсынысты қабыл алдық. Себебі, мықты қарсылас болмаса, жаттығуларда үздіктермен күреспесең, тәжірибелік тұрғыда өсуің мүмкін емес.

Ендігі мақсат Қызылжар өңірінде қазақ күресін дамыту ісіне үлесімізді қосып, респубикалық және халықаралық сайыстарда өңір, ел намысын абыроймен қорғай алатын білікті балуандардың қалыптасуына бір адамдай атсалысу болмақ.

– Қызылжар жеріне өзіңізбен бірге қандай балуандарды ертіп әкелдіңіз? Олар өңірімізде қазақ күресінің дамуына қаншалықты үлестерін қоса алады деп ойлайсыз?

– Семей медицина университетінде қазақ күресін насихаттап жүрген спорт клубымыз бар. Спорт клубы ұлттық спорттың дамуына өзіндік үлес қосып, бұл тұрғыда ауқымды істердің атқарылуына мұрындық болуда. Жүргізілген жүйелі жұмыстардың басықасында университеттің бұрынғы ректоры Төлебай Рақыпбеков, Мұқсым Нұртазин, Ербол Мырзабасымов және тағы басқа азаматтардың жүргендігін айтуға тиіспіз. Осындай спорт жанашырларының арқасында үлкен жетістіктерге жетіп, тәжірибелі спортшы ретінде қалыптастық. Бүгіндері клубтың құрамында халықаралық сайыстарда бақ сынап жүрген Айдос Сейпілұлы, Қуаныш Ысқақов, Ерсұлтан Мұзапаров сияқты балуандар бар. Бұл балуандар – Астана қаласында қазақ күресінен өткен әлем біріншілігінің чемпиондары мен жүлдегерлері. Клубымызда дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әсет Ахметжанов жетістіктерімен қуантуда. Ел біріншілігінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері, болашағынан зор үміт күттіретін басқа да жастар жетерлік.

Клуб мүшелері 2015 жылы елімізде тұңғыш рет өткен Қазақстан Республикасы спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының біріншілігінде жеңімпаз атанса, 2016 жылы екінші болған едік. Сол клубтың бірқатар мүшелері Қызылжар еліне арнайы шақыртумен келді. Бүгіндері бапкеріміз Дамир Бибосыновтың жетекшілігімен он тәжірибелі балуан Петропавл қаласында жаттығуларын жүргізуде. Алдағы уақытта олардың қатары тағы басқа жастармен толыға түсетін болады.

Қазір спорт клубының құжаттары жиналып, рәсімдеу шаралары жүргізілуде. Болашақ клуб балуандарды қаржылай қолдап, түрлі жарыстарда белдесуіне жағдай жасайтын болады. Бұл халқымыздың төл өнерімізге деген ыстық ықыласы, ұлттық спорттың дамуына қосқан зор үлесі екені анық. Сондай-ақ, мұнда тәжірибелі бапкерлер балуандардың біліктілігін арттыруға барын салмақ. Ел игілігі үшін тұсауы кесілетін қазақ күресі клубы ашылғаннан кейін шын көңілімізбен, шын ниетімізбен еңбек ететін боламыз.

– Болашақ клубтың қазығы қағылатын жері белгілі ме? Қазір қайда жаттығып жатырсыздар?

– Әзірше клубтың қай жерде ашылатыны белгісіз. Бүгіндері біз Петропавл қаласындағы Спорт сарайында, Жастар сарайындағы залда және облыс орталығындағы спорт мектептерінде жаттығуларымызды жүргізіп жатырмыз. Ең бастысы, облыс басшылығы, спорт саласы өкілдері тарапынан қолдау көрсетіліп, жағдай жасалуда.

Алла жазып, бәрі ойдағыдай болса, алдағы уақытта республикалық және халықаралық сайыстарда Қызылжар өңірінің атынан боз кілемге шығамыз. Мәселен, үстіміздегі жылдың аяғында қазақ күресінен спорт клубтары арасында өтетін спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының кубогында солтүстікқазақстандық команданың сапында өнер көрсетеміз.

– Жергілікті балуандармен танысқан шығарсыздар. Іздеріңізді басып келе жатқан қызылжарлық өрендердің аяқ алысына қатысты пікіріңіз қандай?

– Бұл өңірде де “сен тұр, мен атайын” дейтұғын жас балуандар аз емес. Қазірдің өзінде облыстағы қазақ күресінің жиырмаға жуық үйірмесінде тәрбиеленіп жүрген балуандар аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық сындарда бақ сынауда. Олар кілем үстіндегі өздерінің қажыр-қайратын, ептілігі мен шеберлігін сарапқа салуда. Дайындықтары да жақсы. Дегенмен, жоғары көрсеткішке қол жеткізу үшін бұл біріншіліктерде әр салмақта бірнеше балуанды шығару қажет. Мен де бірден үздіктер қатарынан көрінген жоқпын. Бүгінгі спорттық мансабымдағы жетістіктердің барлығы спорт залында төгілген тердің, тәжірибесімен бөлісіп, үміт артқан бапкерлерімнің, ағаларымның арқасы деп білемін. Атап айтқанда, Шалқар Жоламанов, Дәнібек Оралбеков, Нұрсұлтан Сейілханов деген ағаларымызға ұқсауға тырыстық. Мықты балуандармен күресе жүріп, спорттағы алғашқы жетістіктерімізге қол жеткізе бастадық. Ендігі кезекте петропавлдық жас балуандармен тәжірибе алмасып, бірге жаттықсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, бір кілемде өнер көрсеткеннен кейін балуандар жаңа белестерді бағындырады емес пе?! Алла жазса, Қызылжар өңірінен де “Қазақстан барысы” турнирінің жеңімпазы шығады деп үміттенемін.

– Мұхит Шыңғысбекұлы, қазақ күресі Азия ойындарының бағдарламасына енгенін білеміз. Өз кезегінде бұл айтулы жаңалық қазақ күресінің дамуына жаңа леп әкелген болар.

– Қазақ күресі – өте әдемі спорт түрі. Оның болашағы зор. Еліміз біріккен күрес одағының құрамына мүше болып енгелі бері әлемнің әр түкпірінде жарыстар ұйымдастырылып, қазақ күресіне деген қызығушылық арта түсті. Қазақ күресінен бүгінгі таңда 7 Әлем, 11 Азия, 3 Еуропа чемпионаты және 3 әлем кубогы өтті. Жалпы саны қырықтан астам елде қазақ күресі федерациялары құрылған.

Өткен жылы ел спорты тарихында тұңғыш рет Түркіменстанның астанасы Ашхабадта Азия ойындарының бағдарламасына қазақ күресі үш салмақ дәрежесі бойынша еніп, барша қазақ елін қуанышқа бөлегені есімізде. Түркімен жеріндегі айтулы дода кезінде ұлттық спортымыз – қазақ күресінен бірнеше елдің балуандары бақ сынады. Бұл – біздің еліміз үшін үлкен мәртебе, үлкен қуаныш. Сонымен қатар, Азия ойындары Олимпиадаға апарар баспалдақтың бірі ғой. Жұмыс үдерісі осы қарқынынан таймаса, алдағы уақытта қазақ күресі де Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізілуі әбден мүмкін.

– Қарап отырсақ, “Қазақстан барысы” турнирінде тәжірибеден бұрын салмақ үлкен рөл атқаратын сияқты. Спорт сарапшылары да бұл пікірмен келісіп отыр. Өкінішке қарай, өңірімізде бәсекелі сайыста нәтижелі өнер көрсете алатын түйе балуандар тапшылығын сезінудеміз. Неге?

– Сөзіңіздің жаны бар, бәсекелі сайыста негізінен түйе балуандардың жолы болуда. “Қазақстан барысы” турнирінде бұған дейін Қызылжар өңірінің намысын Рүстем Жұмаев қорғап келген еді, оны жақсы білемін. Салмағы менен де ауыр, қателеспесем, 130 килограмм шамасында. Республикалық біріншіліктегі өнерін бірнеше рет тамашаладым. Тәжірибенің аздығынан жүлделі орынға қол жеткізе алмады. Болашағы бар жігіттің соңғы кездері спорттан алшақтап, көрінбей кеткені өкінішті.

Алайда, Қызылжар өңірінде талантты балуан, “Қазақстан барысында” өңір намысын абыроймен қорғайтын түйе балуан тапшы деген пікірмен мүлдем келіспеймін. Жиырма жасында 51 пұттық тасты көтерген Балуан Шолақты айтпағанда, еліміздің әр өңірінде жауырыны жерге тимеген талай балуан ғұмыр кешті ғой. Әрине, мұндай жігіттердің көктен түспейтіні рас. Ауыл-ауылды аралап, іздеп, тауып, баптауымыз керек. Болашағы бар жастарды облыс орталығына шақырып, білікті бапкердің қарамағында жаттығуына мүмкіндік беру қажет.

Осы орайда, соңғы жылдары республикалық кезеңге іріктеліп жатқандардың басым бөлігі бұрын аты шықпаған жас балуандар екенін атап айтқан жөн. Сондай-ақ, осындай жас балуандарды ынталандыру үшін “Жас барыс” турнирі де өткізілуде. Бұл сайыстарда көзге түскен балуандар алдағы бірер жылда “Қазақстан барысында” өнер көрсетуі ғажап емес. Жалпы, бұл сайыстар ауыл балалары үшін өсу жолына айналып отыр. Өйткені, “Қазақстан барысы” пайда болғалы, қазақ күресімен шұғылданатын азаматтардың саны төрт-бес есеге артты. Бұл – өңірлерде дене шынықтыру үшін жаңа нысандар салынып, жаттықтырушыларға жаңа штаттық жұмыстар ашылып жатыр деген сөз. Осыдан соң ұлттық күрестің болашағы барына спортшылар мен бапкерлер және күллі жанкүйер қауымы күмән келтірмейді.

– Қазақ күресінде сіз шықпаған белес кемде-кем. Енді Мұхит Тұрсыновты “Қазақстан барысы” турнирінде көре аламыз ба, әлде біржола бапкерлікке ауысасыз ба?

– Мен қартайып тұрған жоқпын, алға қойған жоспарларым көп. Соларды жүзеге асырсам деймін. Ал басты жаңалығыма келер болсам, барлық құжаттарымызды рәсімдегеннен кейін алдағы жылдан бастап “Қазақстан барысы” турнирінде Қызылжар өңірінің намысын қорғайтын боламын. Бұл – мен үшін зор міндет, үлкен абырой.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика