АПАЙТӨСТЕР АЙҚАСЫ

Петропавл қаласындағы Спорт сарайында қазақ күресінен “Қызылжар барысы – 2018” облыстық турнирі өтті. Бұл үстіміздегі жылдың шілде айында сегізінші мәрте жалауын желбірететін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі сарапқа салынатын “Қазақстан барысы” республикалық турнирінің іріктеу кезеңі болатын.

Турнирді ашқан облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың мерекелік құттықтауын жеткізіп, балуандарға сәттілік тіледі.

– Соңғы жылдары мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың, ұлттық спорт жанашырларының демеушілігінің арқасында қазақ күресі қанатын кеңге жайып келеді. Төл өнеріміздің төрге озып, текті жұрттың асыл қасиеттерін төрткіл дүниеге таныта бастағаны қуантады. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін “Қазақстан барысы” турниріне де жұрттың ықыласы ерекше. Қазақ күресіне тілеулес болып жүрген сала мамандарына ризашылығымды білдіріп, балуандарға сәттілік тілеймін, – деген Мадияр Дүйсенбайұлы өңірімізде спорт саласын дамыту, материалдық жағынан нығайту мақсатында жасалып жатқан игі істерге тоқталды.

Биылғы сайыстың жаңалығы жетерлік. Жуырда Петропавл қаласында ашылған “Қызылжар арландары” қазақ күресінен спорт клубының мүшелері де боз кілемге шығып, кіл мықтыны анықтау мүмкіндігіне ие болды. Былтырғы “Қызылжар барысында” ауыр салмақты балуандар тапшы болған еді. Жағдай біртіндеп түзелуде. Бұл жолы бәсекелі сайыста негізінен салмағы 90 килограмнан асқан түйе балуандар белдесті.

Облыстық турнирде Петропавл қаласынан және барлық аудандардан 34 балуан боз кілем үстінде бақ сынады. Әрқайсысының жеңіске деген жігері ерекше. Әсіресе, Дулат Алпысов, Дәурен Нұрғожин, Ернар Бегайдаров пен Алтынбек Аусағитовтың белдесулері әсерлі болды.

Төрт сағатқа созылған сайыс барысында мықтылар іріктеліп, бас жүлдені сарапқа салатын кез де жетті. Ақтық сында петропавлдың атынан қатысқан “Қазақстан барысы” турнирінің 2014 жылғы жеңімпазы Мұхит Тұрсынов пен Уәлиханов ауданының өкілі, былтыр “Қызылжар барысы” атанған Алтынбек Аусағитовтың жолы түйісті. Шеберлігі тоғысқан Алтынбек аты елімізге танымал балуанға лайықты қарсылық таныта білді. Алғашында оңтайлы әдіс жасамаған қос балуан бір мезетте бір-біріне тап-тап берді. “Шын мықтыға тұсау жоқ” демекші, соңғы сәттерде Мұхит қарсыласын қапсыра құ­шақтаған күйі ышқына лақтырды. Бұл шын мәнінде, соңғы секундтағы жеңіс еді.

Сөйтіп, тартысты өткен түйе балуандар арасында жүлделі бірінші орын мен “Қызылжар барысы” мәртебесін қарсыластарының бәрінің жауырынын жер иіскеткен Мұхит Тұрсынов иеленіп, алтын белдік пен 300 мың теңгенің сертификатына ие болды. Алтынбек Аусағитов екінші болса, Ернар Бегайдаров үздік үштікті түйіндеді. Олар сәйкесінше, 200 және 100 мың теңгенің сертификатына қол жеткізді.

“Қызылжар барысы” турнирі аясында 60 және 74 килограмм салмақтарда да мықтылар анықталды. Жарыстың қорытындысы бойынша, 60 килограмм салмақта Мейіржан Берекетов, ал 74 килограмда Батырхан Қайырбек жеңімпаз атанды.

Мұхит Тұрсынов пен Алтынбек Аусағитов 1 шілде күні Астана қаласында өтетін “Қазақстан барысы” республикалық турнирінде Қызылжар өңірінің намысын қорғайтын болады.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика