БАЙРАҚТЫ БӘСЕКЕ

Петропавл қаласындағы Спорт сарайында қазақ күресінен Ішкі істер министрлігінің біріншілігі басталды. Астана қаласының 20 жылдығына арналған дүбірлі бәсекеде еліміздің барлық өңірлерінен, Астана, Алматы қалаларынан келген құқық қорғау органдары, арнайы және күш құрылымдарының 48 өкілі белдесіп, кіл мықтыны анықтайды.

Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Антон Федяев өңірімізде спорт саласында атқарылып жатқан игі істерге тоқталды.

– Өңірімізде бұқаралық спортты дамыту мақсатында көптеген шаралар ұйымдастырылып, спорттық нысандар бой көтеруде. Облыс орталығында қазақ күресінен “Қызылжар арландары” спорт клубының ашылуы бір мақтаныш болса, алдағы уақытта теннис орталығы пайдалануға беріледі. Республикалық жарыстарда, халықаралық аренада өңір намысын абыроймен қорғап жүрген солтүстікқазақстандық спортшылар бар. Мұнымен қоса, мүмкіндігі шектеулі жандар арасында да жеңіс тұғырынан көрініп жүрген спортшыларымызбен мақтана аламыз, – деді Антон Владимирович.

“Динамо” дене шынықтыру спорт қоғамы төрағасының орынбасары Асқар Омарқұлов байрақты бәсекелерде ел қоржынын толтырып жүрген спортшылардың ішінде динамошылардың да бар екенін тілге тиек етті. Ал қазақ күресі федерациясы президентінің бірінші орынбасары, “Қазақстан барысы” турнирінің ұйымдастырушысы Арман Шораев балуандардың сәтті өнер көрсетіп, жеңіске жетулеріне тілектестігін білдірді.

Шара барысында ұлттық спортты және динамолық қозғалысты дамытуға қосқан үлесі үшін қазақ күресінен облыстың тұңғыш спорт шебері, Петропавл қаласының құрметті азаматы Бауыржан Құлжанов “Динамо” қоғамының алтын орденімен марапатталды.

Екі күнге жалғасатын жарыс барысында балуандар 80, 90 және 90+ салмақ дәрежесінде белдеседі.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика