ЖАМПОЗ ЖАМБЫЛДЫҢ ҚҰРМЕТІНЕ

Петропавл қаласындағы дарынды балаларға мамандандырылған облыстық спорт мектеп-интернатында грек-рим күресінен КСРО-ның Құрметті спорт шебері, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Жамбыл Тасеменов атындағы дәстүрлі республикалық турнир өтті. Биыл 70-ке жуық жасөспірім боз кілемге көтеріліп, шеберлік пен күш-қуат сайысына түсті.

Республикалық турнир десек те, оған Алматы, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарымен қатар, Ресей Федерациясының Челябі қаласының балуандары да қатысты.

Он үшінші рет өткізілген турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин Қызылжар өңірінде спорт саласының, оның ішінде күрес түрлерінің жақсы дамып келе жатқанын атап айтты.

– Соңғы жылдары облыс басшылығының қолдауымен өңірде спорт саласы қарқынды дамуда. Материалдық-техникалық база, кадрлық әлеует әлдеқайда нығайды. Өңірдегі спорт ғимараттарының саны үш мыңға жуықтады. Шалғай елді мекендерде көпбейінді дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, жүзу бассейндері ашылды. Ауылдарда демеушілердің көмегімен жабық мұз айдындары тұрғызылып, футбол алаңдары жаңартылды. “Қарасай” стадионы қалпына келтіріліп, “Жастар” стадионында жабық футбол манежі пайдалануға берілді. Бұл жұмыстардың нәтижесінде өңір тұрғындарының 30 пайызы бұқаралық спорт түрлерімен белсенді айналысады. Ал үстіміздегі жылы Петропавлда “Қызылжар арландары” кәсіби күрес клубының ашылуы – үлкен мақтаныш. Сондай-ақ, халықаралық деңгейдегі жарыстарда өңір мен ел намысын абыроймен қорғап жүрген Данияр Қаленов, Аманғали Бекболатов, Ақан Баймағамбетов және Роман Мелешин сияқты солтүстікқазақстандық балуандардың жетістіктерін мақтан тұтамыз, – деді Руслан Бақыттыұлы.

Спорттық шараға қатысқан спорт саласының ардагерлері Жамбыл Серғазыұлының күрестегі жетістіктерін, оның Қазақстан спортындағы айтулы тұлға екенін айтып, жас балуандарға жеңіс тіледі. Ал Жамбыл Тасеменовтің өзі ашылу салтанатының соңында жарысты ұйымдастырушыларға, келген балуандарға, көрермендерге шынайы ризашылығын білдірді.

Екі күнге созылған сайыс барысында солтүстікқазақстандық балуандар – Станислав Ярош, Зелимхан Усманов, Айбек Қуанышев, Станислав Рыльский және Жанарбек Қабдолов 67, 72, 77, 87 және 97 килограмм салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды. Ресейлік Алексей Мирзакабилов 55 килограмм салмақта жеңіске жетсе, 60 килограмм салмақта Алматы облысының намысын қорғаған Олжас Сұлтанның мерейі үстем болды. Ал ақмолалық Константин Штефанов 82 килограмм салмақ дәрежесінде белдесіп, жеңістің биік тұғырына көтерілді.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика