ДЕЛЕБЕ ҚОЗДЫРАР ДҮБІРЛІ ДОДА

Қызылжар ауданының орталығы – Бескөл ауылындағы “Құлагер” ипподромында ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық спартакиада басталды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламасын жүзеге асыру аясында және ақын Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға 600 спортшы қатысты.

Дәстүрлі жарыстың ашылуымен облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет құттықтап, бұл сайыс өңірімізде ұлттық спорт түрлерінің дамуына жаңа серпін беретінін айтты.

– Өңірімізде ұлттық спорт түрлерінің дамуына ерекше көңіл бөлінеді. Тек өткен жылы ғана ат спорты, күрес және ұлттық ойындарға баулитын балалар-жасөспірімдер мектептерінің қатарына екі кәсіби клуб қосылды. Бәсеке қызықты өтіп, әдемі ойын өрнегінің куәгері болатынымызға сенімдімін, – деді Мадияр Қожахмет.

Дода жеті ұлттық спорт түрі бойынша өткізіледі. Жарыстың бас төрешісі Руслан Арықовтың айтуынша, сайысты өткізудегі басты мақсат – өңірде ұлттық спорт түрлерін дамыту. “Жыл сайын әрбір спорт түрі бойынша бәсекелестіктің дами түскенін байқаймыз. Спортшылар арасында бәсекеге қабілеттілік артып келеді. Бүгінгі жарысқа қатысушылардың дені – ауыл спортшылары. Бұл іріктеу сыны десек болады, өйткені, жеңімпаздар кейін өңір намысын республикалық додада қорғайды”, – деді Руслан Мақтайұлы.

Сайыстың бірінші кезеңі ұлттық спорттың тоғызқұмалақ, жекпе-жек, көкпар, аударыспақ сияқты түрлері бойынша үш күн бойы “Құлагер” ипподромында өтеді. Жарыстың екінші кезеңі 23 маусым күні Мағжан Жұмабаев ауданындағы Сарытомар ауылында ұйымдастырылады. Бұл күні бәйге өтіп, палуандар белдеседі. Аламан бәйгеде бірінші келген шабандоз бен жауырыны жер иіскемеген түйе палуанға автокөлік тарту етіледі.

Анна ПЕНЬКОВА,

облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика