ҚАЗАҚСТАН — ҮЗДІК ҮШТІКТЕ

Қырғызстанның Шолпон ата қаласында ІІІ дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтуде. Бәсекелі додада Қазақстан құрама командасы спорттың 31 түрінен сынға түсуде. Әлемнің алпыстан астам елінен екі мыңға жуық спортшы қатысып жатқан бұл ойындар спорттың 37, оның ішінде қырғыздың 16 ұлттық және басқа да көшпенді халықтар спортының 21 түрін қамтиды. Қатысушылар ит жүгіртіп, құс салатын ұлттық аңшылық спорт түрлері бойынша да жарысады.

Дүниежүзілік көшпенділер ойын­дары­ның алғашқы екі күні Қазақстан 19 (7 алтын, 7 күміс, 5 қола) медальға қол жеткізіп, көш бастаған болатын. Отандастарымыздың үздік нәтиже көрсетуіне армрестлинг шеберлері жол ашқан еді. Атап айтқанда, әйелдер арасында Оксана Письменная (75 кг.) мен Антонина Лисянская (+75 кг.), ерлерден Вали Фараджов (75 кг.), Андрей Стипанчук (95 кг.), Олег Сазонов (105 кг.) пен Дмитрий Трубин (+105 кг.) ел намысын қорғап, 7 алтын мен 5 күміс медаль иеленгенді.

Қазақстан құрамасының өкілдері қырғыздың белбеу күресінде ел қоржынына 2 күміс және 3 қола медаль салды. Атап айтқанда, ерлер арасында сынға түскен Айдос Құлманбетов пен Ақжол Қайыпхан үшінші орын иеленді. Ал әйелдер арасында Арайлым Ханзада, Перизат Жақыпбекова екінші болса, Ұлжан Дүйсембаева үздік үштікті түйіндеді.

Көкпаршыларымыз да жақсы нәтиже көрсетуде. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының аясында өтіп жатқан сайыстарда Қазақстанның көкбөрі командасы АҚШ-тың құрама командасын 20:9 есебімен жеңіп, жартылай финалға шықты. Бұған дейін қазақстандықтар Красноярск командасын айқын басымдықпен ұтқан болатын. Алайда, көкпаршыларымыз жартылай финалда Өзбекстанның ұлттық құрамасынан жеңіліп қалды. Есеп – 4:5. Көкпардан әлем чемпионы Қазақстан құрама командасының бұған дейін халықаралық сайыстарда үздік үштіктің қатарынан көріне алмаған өзбекстандықтардан ұтылуы, әрине, өкінерлік жай. Жерлестеріміз үшінші орын үшін алды.

Түріктің аба күресінде 65 килограмм салмақта өнер көрсеткен қазақстандық балуан Әуесхан Құрбанқұлов жеңістің бірінші сатысына көтерілді. Ол финалда ирандық Реза Тажизадешариды ұтса, жартылай финалда Ресей балуаны Илнар Закировтан басым түсті.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика