ЖАНКҮЙЕРЛЕРІ РИЗА

Индонезияның Джакарта қаласында өткен XVIII жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері Михаил Литвин елге оралды. Спорт саңлағын Петропавл халықаралық әуежайында жұртшылық өкілдері, жанкүйерлер қарсы алды.

Үстіміздегі жылдың 18 тамызынан 2 қыркүйекке дейін жалғасқан Азия ойындарында қазақстандық жеңілатлетшілер 6 алтын, 1 күміс, 3 қола медальға қол жеткізіп, командалық есепте бірінші орынға шыққан болатын. Солтүстікқазақстандық желаяқ Михаил Литвин 4х400 метрге аралас эстафетада қола медаль иеленді. Команда құрамында Михаил Литвин, Светлана Голендова, Дмитрий Коблов және Элина Михина болды. Мұндай аралас эстафета Азия ойындарының бағдарламасына алғаш рет енгізіліп отыр. Осылайша, жеңілатлеттер 3.19.52 нәтижесімен үздік үштікті түйіндеді. Ал 400 метр қашықтықтағы жекелей сында Михаил алтыншы болды.

Шарада облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин спортшыны жүлдесімен құттықтап, алдағы уақытта биік белестерді бағындыруларына тілектес екенін жеткізді. Өз кезегінде Михаил Литвин қолдау көрсеткен облыс басшылығына, бапкері Александр Окованцевқа және жанкүйер болған жерлестеріне алғысын білдірді.

Жиырма екі жастағы спортшы осы маусымдағы және жалпы спорттық мансабындағы үздік көрсеткішін 29 маусым күні Азия құрлығының Орталық Азия аймағындағы жеңіл атлетикадан үздік халықаралық турнирлердің бірі – “Ғ.Қосанов Мемориалында” тіркеген болатын. Ол кезде Михаил Литвин 1985 жылы Александр Курочкин орнатқан Қазақстан рекордын жаңартқанды. 45.50 секунд көрсеткішімен жерлесіміз биылғы маусымда Азия құрлығында бесінші орынға тұрақтады.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика